Хижри үшінші ғасырларда (миләди тоғызыншы ғасыр) парсы жерінен шыққан Сәһл ибн Абдулла әт-Тустари есімді "сәлимия" тариқатының негізін қалаушы, суннит ғалымы өмір сүрген. Оның мәжуси (зороастризм) дініндегі бір көршісі болыпты.
Бір күні көршісінің әжетханасының құбыры жарылып, Сәһлдің үйіне қарай бір тесік пайда болады. Сәһл күнде сол тесіктің астына бір ыдыс қойып, көршісінің әжетханасынан бері ағып келетін кірлі, нәжісті заттарды соған жинайды екен де, түнде ешкім көрмейтін кезде апарып төгіп тұрады екен. Осылай біраз уақыт жалғасады. Күндердің күнінде Сәһл қатты ауырып, өлім төсегінде жатқанда көршісін шақыртып:
- Анау бөлмеге кіріп көрші! – деп айтады.
Көршісі кіріп қараса, үйінің қабырғасынан тесік пайда болып, сол тесіктен бері қарай ыдысқа нәжістер түсіп тұр екен. Ол түсінбей:
- Мен не көріп тұрмын? – деп Сәһлден сұрайды.
- Бұл көптен бері сенің үйіңнен осында түсіп тұр. Мен күндіз оны ыдысқа тосып аламын. Түнде апарып төгемін. Менің ажалым жақындамағанда, саған айтпас едім. Менен басқасының ахлақы бұған кеңшілік жасай алмас деп қорқамын (яғни, менен басқасы бұған шыдай алмайды). Ал, енді, бұдан ендігісін өзің қара, - деп көршісіне мән жайды түсіндіріп беріпті.
Мұны естіген Мәжуси дініндегі көршісі таң қалып:
-Уа, ақсақал! Сен менің кәпір екендігіме қарамастан маған ұзақ уақыт бойы осындай мәміле жасап келдің бе? Әкел қолыңды. Мен Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед оның пайғамбары екендігіне күәлік етемін!» - депті де тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болған екен[1].
Аталмыш оқиғадан түсінетініміз:
- Исламға шақыру тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де атқарылуы керек. Исламның көркем әдебін, адамгершілік қағидаттарын іс жүзінде де көрсете білу керек. Әзіреті Омардың "Үндемес насихатшы болыңдар" деген сөзінің де астарында осы жатыр. Кейде біреуге істеген жақсылығымыз оның һидаятқа келуіне септігін тигізуі мүмкін екен.
- Көрші ақысы. Қазақта "көрші ақысы - Құдай ақысы" деген сөз бар. Көршіңіз қай ұлттан болса да, қай діннен болса да оның ақысын жемей, оған залал тигізбеу керек. Онымен жақсы мәміледе, жақсы қарым-қатынаста болу ләзім. Бұл көрші ақысына жатады.
- Мына оқиғадағы жағдайдан "көршінің құбыры жарылса да айтпай, төбеден тамған суға шыдап жүре бер" дегенді ұғынбау керек. Көршіден егер әлдебір залал келіп жатса, бірден ұрыс-керіс, айқай-шу шығармай, ең көркем түрде оған айтып, оны бертарап етуін ескертуі тиіс. Анша-мұнша нәрсеге түсіністік білдіріп, кешірім танытқаны дұрыс.
[1] Шәмсуддин әз-Зәһәби: әл-Кәбәир.