Студент кезімізде бір ұстазымыз қалай зайыбын тапқандығын əңгімелеп бергені бар еді. Жасынан Ислами тəрбие көрген Ол қыздарға сөз салмақ түгілі, оларға тіке қарауға тартынады екен. Бірақ үйленетін уақыты келген. Анасы да құлақ етін жей береді.
Ақыры келін түсіруге бел буады. Тек, бұрын қызбен танысып көрмеген ол: "Кімді алам? Қалай алам? Кімге барып сөз салам? Кімге айтам?" - деп біраз басы қатады. Кейін екі рəкəғат қажет намазын оқиды да (қажет намаз болса керек) Аллаға алақан жайып:
"Уа Аллахым!..." - деп ұзақ жалбарынып, бүкіл қайғысын Жаратушыға жайып салады.
Содан күндердің күнінде түс көрген екен. Түсінде бейтаныс бір адам қатар тұрған үш қызды көрсеткен. Ол көрсетіп тұрып: "Мынаны емес, мынаны да емес, мынаны ал" - деп үш қыздың ортада тұрғанын көрсетіпті. Ал түсінде көрсеткен қыз ұстаздың оқып жүрген универде басқа бөлімде оқиды екен.
Түсінен кейін танитындардан сырттай сұрастырып көрсе, Құданың құдіреті, жаңағы қыз үйінде апалы-сіңлілі үшеу екен. Және ең қызығы екеуі тұрмысқа бұрын шығып кетіпті де, мына ортаншы қыз əлі тұрмысқа шықпапты. Түсінде бөгде біреудің "мынаны ал" деп айтуының мəні сол екен.
Ақыры не керек, жаңағы қызбен отау құрып, қазір балалы-шағалы өмір сүріп жатқан жайлары бар. Алла жақсылығын берсін! Кейде Құдай Тағала адамның жарын түсінде кездестіруі мүмкін екен...
А. Қасымның facebook.com парақшасынан.