Жындының әулие Бәязид Бестамиге айтқан ақылы (ғибрат-хикая)
Жындының әулие Бәязид Бестамиге айтқан ақылы (ғибрат-хикая)
3 жыл бұрын 15646 biriz.biz/
Нұғман Тұрғын

Бисмилләһир рахманир рахим

IX ғасырда Бәязид Бестами деген әулие кісі өмір сүрген (парсыша есімі - بايزيد بسطامى, арабша -  أبو يزيد طيفورالبِسطامِي м. 804-874 ж.). 

Сол кісі күндердің бірінде жындыхананың жанынан өтіп бара жатып, жындыхана дәрігерлерінің бірінің ағаш тоқпақпен бір нәрсені түйіп отырғанын көреді. Қасына барып:

- Не істеп отырсың? – деп сұрайды, қызығып.

- Бұл жер – жындыхана. Жындыларға дәрі жасап отырмын, - деп жауап береді әлгі адам.

- Менің ауруыма да ішетін бір дәрі кеңес етесің бе? – дейді Бестами.

- Қандай ауру? Ауруыңды айт.

- Менің ауруым – күнә істеу ауруы. Көп күнә істеймін.

- Мен ондай ауру жөнін білмеймін. Менің салам – жындыларға дәрі дайындау.

Сол мезетте тордың арғы жағынан әңгімелерін тыңдап тұрған бір жынды Бәязид Бестамиге:

- Ақсақал, бері келіңіз! Сіздің дертіңіздің шарасын мен айтайын, - деп дауыстайды.

Бәязид Бестами хазрет жындының қасына барып:

- Айтағойшы! Менің дертімнің шарасы қандай? – дегенде, жынды былай деп ақыл айтқан екен:

- «Тәубе» тамыры мен «истиғфар» жапырағын араластыр. Оларды "жүрек түйгішіне" салып, «таухид» тоқпағымен түй. Сосын, ар-ождан елегінен өткіз. Одан кейін, көз жасымен иле. Артынан ғашықтық ошағында пісір. Кейін оны азанда және кешке көптеп же. Қара да тұр! Дертіңнен еш нәрсе қалмайды.

Мұндай құнды дәрінің формуласын білген Бәязид Бестами таң қалып:

- Сені «жынды» деп осында әкелгендерге жол болсын! Сен жынды болсаң, біз кімбіз?! О, дүние-ай! – депті де ол жерден кетіп қалыпты.

Жындының айтқан дауасы әлі де құнды. Оның айтқан формуласы өзіміз істеп, өзгеге кеңес етуге жарарлық формула.

Ол формуладағы кейбір терминдерге түсіндірме:

*Тәубе тамыры – тәубе ету.
 Истиғфар жапырағы – астағфирулла деп айту (Алладан кешірім тілеу).
 Жүрек түйгіші – шын жүрекпен кешірім тілеу.
 Таухид тоқпағы – Аллаға ешкімді серік қылмай, бір тек Оған жалбарыну.
 Ар-ождан елегі – істеген күнәсына арланып, намыстану.
 Көз жасымен илеу – жасаған күнәсіна жылап, жас төгу.
 Ғашықтық ошағы – Аллаға деген махаббатты білдіреді.
 Азанда және кешке жеу – азанда және кешке Аллаға мінәжат етіп, тәубе етіп, күнәсіна жарылқау тілеуді білдіреді. 

0 пікір