Ибраһим ибн Әдһәм хазрет және христиан адам
Ибраһим ибн Әдһәм хазрет және христиан адам
4 ай бұрын 8492
Мұса Жамал

Әулие Ибраһим ибн Әдһәм (м. 718-777 ж.) хазірет жайында көптеген ғибратты әңгімелер жеткен. Сондай әңгіменің бірін оның қызметінде болған Хузайфату әл-Мәръаши деген кісі жеткізеді. Хузайфадан бір кісі:

- Ибраһим ибн Әдһәмнан көрген ең есте қалған оқиғаңыз қайсы? - деп сұрады. Сонда Хузайфа былай деп әңгімелейді:

- Меккеге кетіп бара жатқан жолда бірнеше күн ішерге ас таппай, аш қалдық. Кейін Куфа қаласына келдік, онда бір бұзылған мешіт бар екен, сол мешітті паналадық. Сол сәттерде Ибраһим ибн Әдһәм маған қарап:

- Әй, Хузайфа! Байқаймын, қарның аш сияқты ғой?! - деді. Мен:

- Шейхтың байқағаныдаймын, - дедім (яғни, дәл таптыңыз). Сонда Ибраһим Әдһәм маған қалам мен қағаз әкелуімді айтты. Әкеп бердім. Ибраһим қағазға бисмиллә деп жазды да артынан: «Қай жағдайда да көздегеніміз сенсің. Барлық халде саған жөнелеміз» деп жазып мына дұға мазмұндас өлең шүмақтарын қағазға төкті:

«Әнәә хәәмидун, әнәә шәәкирун, әнәә зәкир,

Әнәә жәәиъун, әнәә дооиъун, әнәә ъаарий.

Һия ситтәтун, уә әнәәд-домину линыйсфиһә,

Фә-кунид-Доминә линыйсфиһә, йә бәәрий!

Мәдхи лиғойрикә ләһәбу нәәрин - хәдонтуһәә,

Фә-әжри ъубәйдәкә мин духулин-нәәри. 

Мағынасы (ұйқассыз аударма):

«Мен мақтаушымын. Мен шүкіршілмін. Мен зікіршілмін.

Мен ашпын. Мен адастым. Мен жалаңашпын.

Осы алтаудың жарымына, өзім кепілмін.

Қалған жарымына, уа Құдайым, сен кепіл болғын.

Сенен өзгеге мақтау арнасам оттың жалынын құшақтаған боламын.

Бейшара пендеңді отқа кіруден сақтағын!» 

Ибраһим ибн Әдһәм осы шумақ өлеңді жазып, қолыма ұстатты да, маған:

- Көшеге шық және жүрегіңді Алладан басқасына байлама. Мына қағазды бірінші кездескен адамға бер, - деді. Мен көшеге шықтым. Алдымнан қашырға мінген бір ер адам кездесті. Оған өлең жазылған қағазды бердім. Ол алып қағаздағыны тоқтап оқыды. Артынан көзіне жас алып жылады. Сосын маған:

- Мына қағаздың иесі не істеген, өзі! - деді. Мен оған:

- Ол кісі пәлен деген мешіттің ішінде отыр, - дедім. Одан соң әлгі адам қолыма бір әмиян берді, ішінде алты жүз динар бар екен.

Ол адам кетіп қалғаннан кейін басқа біреуден әлгі қашыр мінген адамның кім екенін сұрағанымда, оның христиан екендігін айтты.

Көп кідірмей Ибраһим ибн Әдһәмға бардым. Оған болған оқиғаны айтып бердім. Ибраһим маған: «әмиянға тимей тұр, әлгі сен айтқан адамың бірер сәттен кейін мұнда келеді» деді. Айтқандай, бірер сәттен соң әлгі христиан адам кіріп келді. Сөйтті де, Ибраһим ибн Әдһәмға иіліп, басынан сүйді. Одан кейін мұсылман болды» деп Хузайфа әңгімесін аяқтапты. 

Риуаяттарға қарағанда кімде-кім азанда және кешке мына дұғаны жеті мәртеден айтса: «Хәсбияллаһу, лә иләһә илләә һу. Алейһи тәуәккәлту, уә һуә Роббуль аршиль азим» десе, оның дұрыс не бұрыс қандай тілегі болса да, Алла Тағала оны орындауға кепілдік береді. Бұл риуаттың басқа бір нұсқасында: «олай деген кісінің ақыреттік тілегі болсын, мейлі дүниелік тілек болсын, Алла тағала орындауға келіпдік берген» делінеді1.


1Имам Ғазали р.а.: «Мүкәшәфәтуль Құлуб». 101-102 беттер.

0 пікір