Хәтим әл-Бәлһи қалай «Керең Хәтим» атанды?
Хәтим әл-Бәлһи қалай «Керең Хәтим» атанды?
5 жыл бұрын 3901
А. Қасым

Әбу Абдуррахман Хәтим ибн Ъунуан әл-Асамм әл-Бәлһи, миләди жыл санауы бойынша 9 ғасырларда Хорасан аймағында өмір сүрген алғашқы білікті сопылардың бірі. Мәуренахр аймағына сопылықтың «тәуәкелшілік тәлімі» басым мектебін жаюшылардың бірі саналады. Өзі шариғат ілімдерін жетік білген, хадис тағылымын алған ғалым. Өте тақуалығымен, дінге беріктігімен белгілі. Көбіне Ислами әдебиеттерде «Хатимуль Асамм», яғни, «Саңырау Хатим» деген лақаб атымен танымал. Неге оны «Саңырау» деп атаған? Оған мына бір оқиға себеп болған деседі:

Бір күні Әзіреті Хәтимге көкейдегі кейбір мазалап жүрген дерттерін шағымданып, ақыл сұрау үшін бір әйел келеді. Ол өзінің келгендегі себебін айта бастағанда, абайсызда еріксіз жел шығарып қойған екен. Әйел өзінің ерсіз әрекетінен ұялғаны соншалықты үні шықпай, жерге кіріп кете жаздайды. Сонда Әзіреті Хәтим әйелдің ұялып тұрғанын көріп, оның масқарасы шықпасы үшін еш нәрсе естімегенсіп өзін саңырау етіп көрсеткен екен. Хәтим керең адамша қолын құлағына апарып:  

- Қызым, құлағым ауыр еді, даусыңды қатты шығарып айтшы! Не айтқаныңды ести алмай отырмын, - депті.

Әйел «уфф» деп, өзінің еріксіз жасаған жөнсіз әрекеті естілмей жасырын қалған екен ғой деп ойлап, көңілі жай табады. Сосын өзінің іштегі дертін жоғары дауыспен қайтадан басынан түсіндіре бастайды.

Осы оқиғадан кейін Әзіреті Хәтим «Хәтимуль Асамм», яғни, «Саңырау Хәтим» деп аталып кетіпті.

Бұл айтылған мысалдағы Әзіреті Хәтимнің осында сыпайылығы мен ренжітпеу сезіміне, Хақ Тағаланың «Рахман» және «Сәттаруль ғуюб», яғни «Айыптарды жасырушы» сипатынан алған үлесін өз болмысына дарыту арқылы жеткендігін айта аламыз. 

islam.kz 

0 пікір