Ғұлама Фахруддин Рази және кейуана
Ғұлама Фахруддин Рази және кейуана
9 жыл бұрын 5411

Фахруддин Рази* болса керек, бір күні Нисабур** қаласына барыпты. Атағы жер жаратын ғалымды көруге, оның ілімінен сусындауға жиналған жұртта есеп жоқ. Тек, бір қарт әжей ғана есік алдында отыр екен, асығар емес. Кетіп бара жатқан адамдардың бірі бұрылып:

- Разиді көруге бармаймысың? - деп сұрапты. 

- Рази дегенің кім еді? - деп өзінен сұрапты кейуана.

- Ол дегенің ғұлама ғой. Құдайдың бар екендігін және бір екендігін айғақтайтын мың сан дəлелі бар.

- Еее, қарағым. Оның жүрегінде күмəн болмағанда мың сан дəлелді қажет еттірмес еді - депті де мына аятты оқыпты: "Көк пен жерді жоқтан бар еткен Аллаға күмән келтіресіңдер ме?!" ["Ибраһим" сүресі, 10-аят].

Қарт әйелдің сөзі Имам Разидің құлағына жетеді. Сонда ғалым көзіне жас алып: "Уа, Алла! Бізге қариялардың иманындай иман бере гөр", - деп дұға еткен екен


*Фахруддин Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Омар ибн Хасан әр-Рази (м. 1148-1209 ж.). Рей қаласынан (Иран) шыққан ғұлама. Көбіне «Фахруддин Рази» атауымен танымал. Ашғари ақида мектебінің белді өкілі. Фиқһта Шафиғи мәзхабын ту еткен.
Фахруддин Рази – өз заманының бір туар ғұламалардың бірі еді. Діни ғылыммен қоса, философия, физика, математика, медицина, астрономия ғылымдарын да жетік білген білгір-тін.
Әртүрлі философтар мен дінде бүлік шығарғысы келетін көптеген адасушы ағымдардан Исламды қорғаштап, олармен ғылыми пікір сайысқа жиі түсіп тұратын.
Пайғамбар жасына таяған тұста бақиға аттанған ғұлама әртүрлі салада көптеген еңбектер жазып кеткен. Сайып өтер болсақ:
1) Медицинаға қатысты «Мәсәилу фит Тибб», «Тиббуль кәбир» және Ибн Синаның «әл-Қанун фит тыбб», «Куллият», «Уюнуль хикма» атты кітаптарына түсіндірме жазды.
2) Анатомияға қатысты «Китабу фит тәшрих минәр ра'си иләл қадам»
3) Физика ғылымына қатысты «әл-Мәбәхису әш-шарқия»Математикаға арнап «масадирату Иқлидәс»,
4) Астрономияға қатысты «рисәләту фи илмил Һәй'әти» сынды кітаптар жазған.
5) Кәләм ғылымына қатысты "әл-әрбаъина фи усулиддин"
6) Дінтануға қатысты "Иътиқадату фирақил муслимина уәл мүшрикин"
7) Құранға жазған тәпсірі "мәфәтихул ғайб" т.б.
Мұсылмандардың арасында көбіне Құран Кәрімге жазған 32 томнан тұратын "мәфәтихуль ғайб" атты Құран тәпсірімен танымал. Бұл тәпсір әлі күнге шейін өз құнын жоғалтқан емес. Алла тағала ғалымды өз рахымына бөлеп, пейіштен орын берсін! 
**Нишапур - Иран еліндегі үлкен қалалардың бірі. Иранның солтүстік шығысында, Тегеран қаласынан 670 км ұзақтықта орналасқан.  

 Араб тілінен аударып, дайындаған А.Қасым

0 пікір