Азғындықтан сақтану
Азғындықтан сақтану
8 жыл бұрын 4205
Асқар Болатбекұлы

لَا يَنْظُرُ الرَّجُلُ إِلَى عَوْرَةِ االرَّجُلِ وَ لَا تَنْظُرُ المَرْأَةُ إِلَى عَوْرَةِ المَرْأَةِ وَ لَا يُفْضِي الرَّجُلُ إِلَى الرَّجُلِ فِي ثَوْبٍ وَاحِدٍ وَ لَا تُفْضِي المَرْأَةُ إِلَى المَرْأَةِ فِي ثَوْبٍ وَاحِدٍ

«Ер кісі өзге ер кісінің, әйел де өзге әйелдің әуретіне қарамасын. Сондай-ақ еркекпен еркек, әйелмен әйел бір көрпенің астында жатпасын».

(Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген, Мүслим, Хайыз, 74. Тирмизи, Әдәб, 38. Ибн Мажә, Таһарат 137)

 

Хадиске түсіндірме

Бұл хадисте де көзді харамнан сақтау мәселесі қозғалып, тіпті, ер кісінің өзі сияқты ер кісінің, әйелдің де өзіндей әйел баласының абиырына көз салмау керек екені жайлы айтылады. Сондай-ақ хадис-те некесі қиылмаған ер мен әйелдің бір жастыққа бас қоюын былай қойғанда, еркек пен еркектің немесе әйел мен әйелдің екеуара бір көрпені жамылып жатуының да құп көрілмейтіндігі білдірілген. Бұл тыйым негізінен балиғат жасына толғандарға қатысты. Өйткені, пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде балаларды балиғат жасына толғаннан кейін ғана бөлек жатқызуды бұйырған, ал балиғат жасына жетпеген балалардың бірге жатуына қарсы болмаған.

Негізінен адамдардың бір-бірінің абиырына қарамауына қатысты тыйым жалпылама үкім болып табылады. Бұл үкім зәру жағдайларда өзгеруі де мүмкін. Мысалға, дәрігердің ауыруды анықтауы, науқасқа ем-дом жасауы, сот алдында куәлікке жүру сынды зәру жағдайларда зәрулік мөлшеріне қарай өзге адамның әуретіне қарауға рұқсат етілген. Дегенмен, мұсылмандарға зәру жағдайдың өзінде де мүмкіндігінше тақуалық жолын ұстанған абзал. Яғни, ер кісілер дәрігерге қаралғанда өздеріндей ер адамға қаралуға, ал әйелдер мүмкіндігінше, әйел дәрігерге қаралуға тырысуы керек.

Ал енді ер мен әйелдің әуретіне келсек, ханафи мәзһабы бойынша ер адамның әуреті – кіндіктің асынан тізенің астына дейінгі бөлік. Ал әйелдің әуреті – жүзі, білекке дейінгі қолы және тобыққа дейінгі аяғынан өзге денесі түгелдей әурет саналады.

Осы орайда, дініміздегі киім кию әдебі жайлы да айта кеткен жөн болар. Ислам дінінде белгілі бір киім үлгісі жоқ. Сондықтан да, Ислам дінін қабылдаған түрлі ұлттар мен ұлыстар өздерінің ұлттық киімдерін киген. Мұны арабтардың, пәкістандықтардың, африкалықтардың, малазия және индонезия сынды елдердің киім кию үлгісінен көруге болады. Ал қалған мұсылман елдеріне келсек, көпшілігі заман талабына сай жаппай батыстық немесе заманауи үлгіде киінеді. Сол себепті, бүгінгі таңда мұсылмандар, әсіресе, жастар қауымы дініміздегі киім кию әдебін сақтағаны жөн. Дініміздің киім кию мәселесінде қоятын негізгі талабы бойынша киім – дененің кейбір әурет жерлері жалаңашталып қалатындай қысқа, адам тәні көрінетіндей жұқа, сондай-ақ адамның бүкіл дене мүшесін айқындап көрсетіп тұратындай тар болмауы керек. Бұл талап ерлер мен әйелдерге ортақ. Киімге қатысты Құранда Алла Тағала: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Сендерге әбиірлеріңді жабатын лыпа һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда, біле білсеңдер, ең қайырлы киім – «тақуалық киімі» (Кәдімгі киім әбиірлерің мен тәндеріңді жапса, «тақуалық киімі» сендердің рухани әбиірлеріңді жауып, Алла алдындағы дәрежелеріңді арттырады)»[1], – деп, киімнің адам баласының абиырын жауып, көркін келтіретін үлкен нығмет екенін білдірген.

Хадисте тілге тиек етілген тағы да бір маңызды мәселе адамдарды еркек пен еркектің немесе әйел мен әйелдің төсек қатынасына түсуі сынды адам табиғатына жат, жиренішті істің алдын алу мәселесі. Бүгінгі таңда бірқатар дамыған, тіпті, өздерін мәдениеттіміз деп санайтын елдерде адам құқығы, демократия деген желеу-мен осынау адам айтқысыз арсыздыққа жол берілуде. Жынысы бір адамдар арасындағы мұндай жиренішті қатынас түрі Жаратқанның хикметі мен адам табиғатына кереғар қылық. Мұның жаратылыс заңына жат қылық екенін тіпті, жан-жануарлардың өзінің мұндай жиренішті іске бармайтындығынан-ақ аңғаруға болады. Мұндай жиренішті іске баратын адамдарды көргенде немесе олар жайлы естігенде ойымызға Құранның: «Олар мал сияқты, тіпті, одан да бетер», – деген сөзі оралады. Демек, бұл мал екеш малдың өзінде кездеспейтін психикалық ауытқу адам баласына жабысқан жиренішті кесел.

Құранда осындай жиренішті күнәға батып, ақыры Алланың қаһарына ұшырап, жермен-жексен болған Лұт пайғамбардың қауымының жай-күйі былай бяндалған: «(Уа, Мұхаммед! Біз кезінде) Лұтты да (өз еліне пайғамбар етіп) жібердік. Ол қауымына: Сонда сендер жер әлемде өздеріңнен бұрын ешкім бармаған арсыздыққа барып, жан баласы істемеген жиренішті істі істейсіңдер ме?! Сендер әйелдерді былай қалдырып, нәпсіқұмарлықпен еркектерге барасыңдар! Расында, сендер (арсыздық пен азғындықта) шектен шыққан қауымсыңдар, – деді. Сондағы қауымының оған қайтарған жауабы: Мыналарды ауылдарыңнан қуып шығыңдар, өйткені, өздерінше пәксінген немелер екен, – деу ғана болды. Содан, Біз Лұт пен отбасын (азғындар жайлаған мекеннен әкетіп, алапат азаптан) аман алып қалдық. Тек әйелі ғана (азғындар жайлаған шаһарда) қалып, азапқа ұшырағандардың қатарында болды. Міне, осылайша, шектен шыққан қауымның төбесінен азап жауынын (яғни тас) жаудырдық. Күнәға белшесінен батқан күнәһарлардың ақыры не болғанын көріп, ғибрат алғын!»[2]

Иә, бүгінгі таңда жер-жаһанда, тіпті, қоғамымызда да мұндай адам табиғатына жат жиренішті қылыққа барып жатқан жастар аз емес. Ендеше, жастарымызға әу бастан дұрыс тәрбие беру арқылы тура жолды нұсқап, Алланың қаһарына ұшырататын арсыздықтан жирендіруіміз қажет.

Әсілі, адам баласын тынбай азғырып, оны адам табиғатына жат арсыз қылықтарға бастау, һәм соны адам құқығы, демократия сынды асқақ ұғымдармен бүркемелеп, табиғи нәрсе етіп көрсету әзәзіл шайтанның ісі. Өйткені, Алланың рақымынан аласталған Ібілістің адам баласына өшіккені соншалық, оны азғырып, тура жолдан тайдыру үшін Жаратқаннан қияметке дейін мұрсат сұраған. Алла Тағала оған белгілі хикметке байланысты мұрсат берген. Сонда Ібіліс Алланың алдында былай деп ант-су ішкен екен: «Ант етемін! Сенің құлдарыңнан өзіме тиесілі үлесімді алмай қоймаймын. Ант етемін! Оларды тура жолдан тайдырамын һәм оларды қол жетпеске ұмтылдырып, жеткізбейтін желік үмітпен алдаймын. Сондай-ақ, олар менің бұйыруыммен Алланың жаратқанын өзгертетін болады»[3]. Ендеше, шайтан мен нәпсіге азып, өз қағынан жеріген құландай Алла жаратқан адами пәк табиғатымыздан жеріп, ардан бе-зуден сақтасын!

[1] «Ағраф» сүресі, 26-аят
[2] «Ағраф» сүресі, 80-84 аяттар
[3] «Нисә» сүресі, 118-119 аяттар

0 пікір