Ең кедей атанған әкімнің төрт кемшілігі (сахабалар өмірінен ғибрат)
Ең кедей атанған әкімнің төрт кемшілігі (сахабалар өмірінен ғибрат)
4 жыл бұрын 5374

Әзіреті Омардың халифалығы кезеңінде Саъид ибн Ъамир (سعيد بن عامر الجمحي ) есімді сахабаны Сирияның батысында орналасқан Хымс (Хомс) қаласына әкім етіп тағайындайды.

Біраз уақыт өткеннен кейін, Әзіреті Омар Хымс қаласындағы игі жақсылармен кездесіп, халықтың хал-ахуалдарымен танысып, жергілікті тұрмысы нашар отбасылардың тізімін беруді сұрайды. Көп ұзамай кедей-кепшіктердің тізімі жазылған парақ та келеді. Әзіреті Омар тізімді қолына алып қараса тізімнің ең басында қаланың әкімі Саъид ибн Ъамир тұр екен. Ол таң қалып қаланың игі жақсыларынан әкімнің мал-мүлкі жайында сұрайды. Олар:

- Ондағы жазылғаны рас. Әкіміміз шынымен-ақ өте кедей тұрады. Онымен қоймай «пара» болады деп, біздің берген сыйлықтарымызды да алған емес, - дейді.

Әзіреті Омар тағайындаған әкімінің дүниеқұмар еместігіне іштей қуанады, бірақ артынан «мүмкін ұнамайтын тұстары да бар шығар» деп сұрағанда:

-"Иә, бізге ұнамайтын тұстары да жоқ емес" деп, Хымс тұрғындары әкімдерінің ұнамайтын тұстарын былайша тізіп беріпті:

  1. Әкім өзінің міндетін таң намазынан кейін бастауы керек. Бірақ, ол міндетіне сәске уақытта кіріседі.
  2. Әкімді ешқашан түнде бізбен бірге отырып, әңгімелескенін көрмейміз. Ол түн болса болды, үйне қамалып, халықпен байланысты мүлдем үзеді.
  3. Аптаның бір күнінде мүлдем үйінен шықпай қояды. Есіктерін құлыптап, ешкімді қабылдамайды.
  4. Және де, тағы бір кемшілігі: оның бұрын басынан бір оқиға өткен екен. Сол оқиғаны есіне алған сайын талып қала береді. Кейін қайғыланып төсек тартып жатып қалады.

Қала тұрғындарының шағымын тыңдағаннан кейін Әзіреті Омар оларды жөнелтіп, артынан қала әкімін шақыртады.

Қала әкімі Саъид ибн Ъамир Халифаның алдына келгенде, Халифа Омар оған халықтың шағымын жеткізеді де, ол әрекеттеріне түсініктеме беруін талап етеді. Сонда сахаба Саъид ибн Ъамир ол төрт кемшілігінің мәнін былай деп түсіндіріп берген екен:

Бірінші кемшілігімнің мәні: әйелім сырқат еді, сол себепті үйдің барлық тіршілігін өзім атқарамын - қамыр илеймін, нан пісіремін т.б. Сондықтан, өзімнің әкімдік міндетіме сәске уақытында бастайтыным сол.

Екінші кемшілігімнің мәні: Күндіз бойы уақытымды халықтың мәселелерін шешуге жұмсаймын. Бірақ, түнімді Жаратушы Иеме арнағым келеді. Құлшылық жасаймын. Оған қоса, ақшам уақыты болысымен күні бойы істеген істерімді есепке алумен боламын: ешкімнің ақысын жеп қоймадым ба, ешкімді қараусыз қалдырмадым ба, шешімдерімде әділ болдым ба, жоқ па, деген сияқты күнде кешке өз-өзімді есепке аламын. Түнде халықпен бірге болмайтыным сол.

Үшінші кемшілігімнің мәні: үстімдегі киген киімнен басқа киер киімім жоқ. Сондықтан да, апта да бір рет үстімдегі киімімді жуып тазалап, іліп қоямын. Одан басқа киер киімім болмағандықтан, кепкенге шейін ешкімді қабылдай алмаймын.

Төртінші кемшілігім, ол – Хубейбтің шейіт етілуімен байланысты. Сол жағдай ойыма келген сайын талып қаламын. Кезінде мүшріктер Хубейбті көз алдымда мұсылман болғаны үшін шейіт еткен еді. Ол сәтте әлі мұсылманшылықты қабыл етпеген кезім етін. Хубейбті аяусыз өлтіріп жатқанда неге араша түспедім деп өз-өзімді жегідей жеймін. Оның өліміне бейғамдық танытқаным үшін Алла мені жауапқа тарта ма деп қатты қорқамын. Соны ойлаған сайын басым айналып, естен танамын, артынан ауырып төсек тартып қаламын. Төртінші кемшілігімнің мәні осы еді, - деп Халифаға мән-жайды түсіндіріп беріпті.

Сахаба Саъидтің әңгімесін тыңдап отырып Халифа Әзіреті Омар көзіне жас алады. Іштей дұрыс адамды басшы қылып қойған екенмін деп ойлайды. Кейіннен Әзіреті Омар Саъидті еске алып: «Ай, Саъид-ай, сенің Аллаға деген қорқынышың мәртебеңді қаншалықты көтергенін білсең ғой!» деп оны мақтанышпен еске алатын болған екен. Радияллаһу ъанһум! Алла оған разы болсын!

Абдусамат Қасым.

0 пікір