Сиқыр жасау, дуалау – бұл кешірілмейтін өте ауыр күнә. «Дуагерлердің осы дүниедегі шариғи жазасы - өлім» дейді дін ғалымдары, - "ал о дүниеде барар жері - мәңгі тозақ" деген. Мұның өзі дуа жасаудың және дуа жасатудың қаншалықты ауыр қылмыс екендігін көрсетеді. Төменде дуашы мен дуасы дарымай қойған бір әйелдің әңгімесін аударып беріп отырмыз. Бес рет дуа жасағанымен, бесеуі де дарымай қойған. Оның сыры не екен, бәріміз бірге оқилық.
Осыдан 10 жыл бұрын, 2014 жылы Таяу Шығыстағы мұсылман мемлекеттерінің бірінде бір жадыгөй (сиқыршы) әйелді тұтқындапты. Полиция қызметкерлері оның үйін тінту кезінде дуа мен жадыгөйлікке қатысты неше түрлі заттар тапқан, мысалы, біреудің тырнағы, шашы, қан т.б. Сондай-ақ, дуа жасатуға келгендердің телефон нөмерлері жазылған дәптер де табылған. Тергей келе оның көптеген адамдарға дуа жасағаны белгілі болған. Үйінің іші ластыққа және қоқысқа толы болған екен.
Сол жерде сақшылардың назарына бір әйелдің есімі ілігіпті. Ол әйелге бес рет сиқыр жасағандығы белгілі болған. Сұрастыра келе, дуа дарымай қойған әйелдің мектепте мұғалім болып қызмет атқаратындығы, жасы 32-де екендігі және төрт баланың анасы екендігі анықталған. Балалары мектепті жақсы оқиды екен. Күйеуімен арақатынасы да жақсы, бақытты өмір кешіп жатқан әйел. Тергеу барысында осы әйел жайында сұрағанда, әлгі дуашы әйел әңгімелеп беріпті.
Жадыгөйдің клиенттерінің көбі әйелдер болған. Олардың көпшілігінің тапсырыс беретіндері - ерлі-зайыптының арасын бұзу, ер адамды бедеу қылу сияқты түрден болып келеді екен. Кейбіреулер жылда бір рет сиқырын жаңартады, кейбіреулер бес жылда бір жаңартып тұрады екен. Алайда, кейбір үйлерге сиқыр дарымайтын болып шыққан. Үйлерінің айналасын қорғап тұрған бейнебір тылсым қорған бардай, дуа дарымайды екен. Қанша қайталап дуаласа да дарыта алмайтындар кездеседі екен. Сондай, сиқыршының дуаны дарыта қоймағандарының бірі – жоғарыда айтып өткен мұғалім әйел екен.
Сиқыршы оның үйін қанша дуаласа да дуасын үйіне кіргізе алмаған. Оны дуалатқан әйел өзінің жеңгесі екен. Көкесінің әйелі. Туыс жеңгесінің осындай арамзалыққа баруына – қызғаныш себеп болған. Туыс жеңгесі мұғалім әйелден құтылып, күйеуіне өзінің қызын бермекші болған. Сол мақсатта дуашыға барған екен. Алайды, дуагөй әйел әлгі мұғалім әйелге бес рет дуа жасаса да дуасын дарыта алмаған.
Кейіннен тергеушілер әлгі мұғалім әйелмен байланысқа түсіп, болған жайды айтып береді. Әйел таңқалып, жағасын ұстап «сондай-да адамдар болады екен-ау, ә!» деп таңданысын жасыра алмапты. Полиция қызмкеткерлері ол әйелден еш нәрсе сезбедіңіз бе деп сұрағанда, әйел: «Кейде үйдің терезесін бейнебір жел итеріп, қысым жасалып тұратындай сезілетін» деген. Алайда, "жел болар" деп мән бермеген.
Полиция қызметкерлері әйелден дуаның оған дарымауының сырын білгісі келіп, үйде не істейтіндігін, не нәрселер оқитындығын сұрапты. Сонда әйел Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінен алынған дұға жинақтарын көрсетіп, осы кітаптан кейбір дұғаларды оқып тұрамын депті. Олар:
1) Ықылас сүресін үш рет.
2) Фалақ сүресін үш рет.
3) Нас сүресін үш рет оқитын болған.
Оған қосымша келесі дұғаларды азанда және кешке оқиды екен:
1) أعوذ بكلمات الله التامات من شر ما خلق – «Әғузу бикәлимәтилләһит-тәммәти мин шәрри мә холәқ». (Үш рет).
2) بسم الله الذي لا يضر مع اسمه شيء في الأرض ولا في السماء وهو السميع العليم،) – «Бисмилләһил-ләзи лә йәдурру маъасмиһи шәй-ун филь-ардый уә лә фис-сәмәә. Уәһуәс-сәмиъул-Алим». («Үш рет).
Аталмыш дұға мен аяттарды, әлгі әйел үш күн сайын қайталап оқып тұрған екен. Осы сүре мен дұғалардың арқасында Алла Тағала оның үйін және отбасы мүшелерін дуашының жасаған дуаларынан қорғап тұрған(1). Ендеше, біз де намазымызды қаза қылмай, білетін сүрелерімізді, дұғаларымызды күнде жатарда оқып, өзімізге үфіріп тұрғанымыз жақсы, соның арқасында түрлі дуа, көз сияқты келеңсіз жағдайлардан қорғалған боламыз.
Алла Тағала баршамызды жаман пиғылды адамдардың кесірінен сақтасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1) Араб тілді интернет рессурстарынан аударылды.
А. Қасым