"Дінімді 20 тиынға сата жаздадым" (әңгіме)
"Дінімді 20 тиынға сата жаздадым" (әңгіме)
3 жыл бұрын 4854

Бір жылдары Англия елінің атақты Лондон қаласындағы бір мешітке, Түркиядан болса керек, жаңа бір имам жолданыпты. Имам күнде азанда мешітіне барарда бір автобусқа мінеді екен. Және көбіне сол бір шопыр кезігеді екен.

Күндердің күнінде имам кісі әдеттегіше автобусқа мініп, билетке ақша төлепті. Майда ақшасы болмай, бүтін ақша беріп билетін алады, шопыр әдеттегідей, керегін алып, артығын кері қайтарып береді. Бірақ шопыр 20 тиын артық беріп жіберген екен, оны имам орнына жайғасқаннан кейін барып біледі. Сол жерде имамды "20 тиынын кері қайтарып берсем бе екен, бермесем бе екен?" деген сұрақ мазалай бастайды. Берейін десе, 20 тиын да ақша. Бермейін десе, кісі ақысын жейді. Сөйтіп отырғанда ішінен бір дауыс:

«20 тиын дегенің күлкілі нәрсе емес пе? Шопыр оны керек те етпейді. Автопарк 20 тиынға кедейленіп қалмас. 20 тиынға байып та кетпейтіні анық. Олсыз да күреп табуда. Сала сал,қалтаңа!» - деген арам ой тастапты.

Содан не керек, межелеген аялдамасына да келіп қалған имам түсуге әзірленген сәтте, пендешіліктің сыбырына емес, ар-ожданның айқайына құлақ асуды шешіпті. Сөйтіп орнынан тұрып шопырдың қасына барады да 20 тиынды ұзатып жатып: «Билет ақшасы үшін қайтарған ақшаңыз артық кетіп қалыпты» депті.

Сонда шопыр күлімсіреп, имамға:

- Сіз әлгі мешітке жаңа келген дін қызметкері емессіз бе? – деп сұрапты. 

- Иә, деп жауап беріпті имам.

- Мешітіңізге барғым келіп жүргеніне біраз болды. Мешітке барып сізден Ислам діні жайында сұрап, біліп, үйренбекші едім. Ақшаны қайтарарда әдейі сынап артығымен қайтардым. Сіздің реакцияңызды байқағым келді» - депті шопыр күлімсіреп.

Шопырдың бұл сөздерін естіген имам есеңгіреп, аяқ-қолы діріл қағып зорға дегенде көліктен түсіпті. Жерге түскеннен соң да буын-буыны ұстамай, құлап қала жаздап, бір тірекке барып сүйеніпті. Сол кезде имамның көзінен пора-пора жас аға бастапты. Жылап тұрып мына сөзді қайталаумен болыпты:

«Уа, Құдайым-ай! Енді болмағанда дінімді 20 тиынға сата жаздадым. Енді болмағанда дінімді 20 тиынға сата жаздадым...».  

Ғибрат:

«Дін мен пендешілік қатар жүрмейді. Пендешілік бар жерде дін болмайды».

Абдусамат Қасым.

 

 

0 пікір