Баяғыда бір мұсылман патша өмір сүріпті. Оның бір ақылды уәзірі болыпты. Патша әр ісін уәзірімен кеңесіп істейді екен. Бірақ уәзірдің бір қызық тарапы - не болса да үнемі:
«Әр нәрсенің қайыры бар. Әр нәрседе бір қайыр бар» - дейді екен.
Күндердің бірінде патша қасына уәзірін ертіп алып, аң аулауға шығады. Аңды қуып жүріп патша қолынан жарақат алып қалады. Патшаның жарақатына қарап уәзірі баяғы әдетінше: «Әр нәрседе бір қайыр бар, уайымдамаңыз, патшам» - деп басу айтыпты. Алайда бұл жолы патша уәзірінің ол сөзін даналық дегеннен гөрі, мазақ деп түсініп ашуланады да, уәзірін зынданға тастатады. Бірақ, сонда да уәзірі патшаның жазасына байыппен ғана: «Әр нәрседе бір қайыр бар» деп, зынданға кете барыпты.
Арадан күндер өтеді, апталар өтеді, падишах өзінің сүйікті ермегі болған - аң аулауға тағы шығады. Бұл жолы адам аяғы баспаған алыс жерлерге барады. Өзіне бейтаныс орманда аң аулап қызығына батып кетсе керек, хан шатыры орналасқан аймақтан алыстап кетеді. Бір кезде, жергілікті жабайы тайпалардың бірі бұларды жан-жақтан қоршап, патшаны нөкерлерімен бірге тұтқынға алады.
Жергілікті тайпалардың жаман әдеті бар екен. Олардың наным-сенімдері бойынша күніге бір тұтқынды құрбандыққа шалып отырулары тиіс екен. Сонымен не керек, қолға түскен тұтқындардың кезегімен күніге біреуін малша бауыздап, құрбандыққа шалып отырыпты. Кезек мұсылман патшаға келеді. Алайда, патшаның тұла бойын зерделеп қараған олар, оны босатып жібереді. Неге десеңіз, олардың сенімінше ақсақ-тоқсақ немесе бір жерінде жарақаты бар адам құрбандыққа жарамайды-мыс. Патшаның қолында одан бұрынғы аңшылықтан қалған жарақат бар еді. Патшаның жарақатына қарап, олар оны босатып жіберген екен. Осылайша, қолындағы жарақаты себепті жан түршігерлік бір өлімнен құтылыпты.
Сол арада, патишаның ойына уәзірінің сөзі түседі. «Ұлы уәзірдің айтқаны айдай келді. Өткенде жарақаттанғанымда «әр нәрседе бір қайыр бар, уайымдамаңыз» деген еді. Сөйтсем, расында да жарақаттануым бекер болмаған екен. Құдай Тағала мені бір бәледен қақты» деп, уәзірінен іштей ұялады.
Ол орманнан аман-есен елге оралғаннан кейін патша бірден уәзірін зынданнан шығартады. Өзінің қабылдауына шақырып, дастархан жайып, бірге ас ішеді. Ас ішіп отырып басынан өткен оқиғасын баяндайды. Одан кешірім сұрайды. Бірақ бір түсінбеген нәрсесі - неге уәзір зынданға кетіп бара жатса да «әр нәрсе де бір қайыр бар» деді, соны сұрағысы келіп уәзірінен:
- Менің қолымның жарақаттануын түсіндім. Ал сенің зынданға түскеніңнің қай жері қайыр? – деп, уәзірдің зынданға кетіп бара жатқанда да «әр нәрседе бір қайыр бар» деген сөзін есіне салады. Сонда уәзір патшаға:
- Уа, мәртебелі патшам! Егер зынданға түспегенімде сізбен бірге мен де алыс жерге аттанар едім. Сізбен бірге мен де тұтқынға түсер едім. Жабайылар мені де өзгелермен қоса құрбандыққа шалар еді. Зынданға түсуімнің қайыры сонда екен, - деп жауап беріпті.
Ғибрат:
Әр нәрсенің ең жақсысы - бір Аллаға мәлім. Басымызға қандай да бір қиыншылық келсе немесе әлдебір бәлеге тап болсақ, барынша байсалдылықты сақтап, бірден ашуланып, тағдырға ренжудің қажеті жоқ. Сондықтан да, егер жолыңыз болмай жатса, көлденең кедергілері шыға берсе, осы бір хикаяны еске алыңыз. Өйткені «әр нәрседе бір қайыр бар!».
Түрік тілді интернет рессурстарынан алынды.
А. Қасым, islam.kz