Фудайл ибн Айяз – хижри жыл санауы бойынша екінші ғасырда өмір сүрген сүннит ғұламаларының бірі. «Екі харамның құлы» деген лақап аты бар. Оның мағынасы: «Меккедегі Харам мешіті мен Мединедегі Пайғамбар мешітінің құлы» дегенге саяды.
Толық аты-жөні: Фудайл ибн Айяз (Ъияз) ибн Мәсъуд ибн Бәшәр әт-Тәмими әл-Йәрбуғи әл-Хоросәний.
Самарқанд қаласында туылып, қазіргі Түрікменстан жеріндегі көне шаһар – Абивард шаһарында өсіп жетілген.
Фудайл ибн Айяз өте тақуа, хадисші ғалым еді. Хадис ғылымында «сиқа», яғни, «сенімді» деген атаққа лайық жан тұғын. Ол жайында атақты хадисшілерден: Ибн Ъуйяйнә, Имам Нәсәи, Ибн Мүбарак, Ибн Хажар сынды хадис майталмандары жақсы пікірде болған. Мысалы, атақты хадисші Ибн Ъуйяйнәның оның қолын сүйгендігі деректерде айтылады әрі ол жайында: «Фудайл өте сенімді» - деген екен[1].
Сопылық мектептерінде Фудайл ибн Айяз «әулие» ретінде танылады.
Ендігі жерде, аталмыш ғұлама-әулиенің жас күнінде дін жолына түспей тұрып, қарақшы адам болғандығы жайында мәлімет бар. Оның замандасы Фазл ибн Мұса есімді (хижри 115 жылы туылған) хадисшіге тиесілі етілетін мына бір ақбарда былай делінеді:
«Фудайл ибн Айяз бұрын өте әккі адам болған. Ол Абивард пен Сәрахс қаласының ортасында жол кесіп, қарақшылықпен айналысатын. Оның тәубеге келіп, дұрыс жолға түсуіне бір ғашық болған қызы себепкер болған екен. Күндердің күнінде ол әлгі қызға бармақшы болып, дуалға өрмелеп мінеді. Сол сәтте Құран оқып отырған бір кісіден мына аятты естіп қалады:
أَلَمْ يَأْنِ لِلَّذِينَ آمَنُوا أَن تَخْشَعَ قُلُوبُهُمْ لِذِكْرِ اللَّهِ وَمَا نَزَلَ مِنَ الْحَقِّ
«Иман келтіргендердің жүректері Алланың зікіріне (Құранға) жұмсап, түскен ақиқатқа жібитін сәті келмеді ме?...»
Аталмыш аятты естіген Фудайл:
«Әрине, уа, Раббым, келді», - деп, ол жерден кетеді де бір қиранды орынды паналап, түнін сол жерде ойтолғаумен өткізеді. Сол түні бір керуен де дәл сол жерді паналаған екен. Араларындағы әңгімелерін тыңдап қараса, керуендегілердің бірсыпырасы: «Жолымыздан қалмай кете берейік» деп айтып жатыр екен, басқасы болса: «Таң атсын. Әйтпесе жол-жөнекей Фудайл жолымызды кеседі», - дегенін естиді.
Олардың әңгімелерін тыңдап отырып Фудайл іштей ойға шомиды: «Мен түнімен күнәнің соңында жүремін. Ал мұсылмандар қауымы болса менен қорқып мына жерді паналап отыр. Алла Тағала мені осы мекенге бекер әкелмеген екен. Мені тәубеге келсін, қорықсын деп әкелкен екен. АллаҺым! Сөзсіз мен тәубе еттім, саған жөнелдім. Мен тәубемді Харам үйінің (Меккедегі Харам мешіті. Кағба) жанында жасаймын» деп, бүкіл істеген істеріне тәубе етіп, дүниені тәрк жасап, Алла жолына түбегейлі беріледі".
Ибраһим ибн Әшъас айтады:
«Мен, Фудайл сияқты көкейінде Алладан ұлық ешнәрсе жоқ адамды көрмедім. Қашан Алланы тілге алса, немесе қасында біреу Алланы тілге алса, яки Құран естісе, жүзінде қорқыныш пен қайғы-мұң байқалатын. Көзі жасқа толып, еңкілдеп жылайтын. Көрген адам оған қарап, жаны ашитын. Ол үнемі мұңды, үнемі терең ойда жүретін....».
Деректерге қарағанда, Халифа Харун Рашид бір күні қажылық құлшылығын орындау мақсатында Меккеге келіпті. Содан қасындағы жолдастарының бірінен насихат тыңдайтын біреуге жөн сілтеуін сұрайды. Ол Фудайлды кеңес етеді. Сонымен ол екеуі Фудайлға келеді. Екеуін қарсы алған Фудайл Харун Рашидке:
«Омар ибн Абдульазиз халифалық міндетін мойнына алғанда кілең ізгі-жақсыларды шақырып алып оларға: «Мен мына бір пәлемен сыналдым (яғни, патшалықпен сыналдым). Маған ишара беріңдер (насихат беріңдер, ақыл айтыңдар)» - деген еді. Яғни, Омар ибн Абдульазиз халифалықты (патшалықты) «пәле» ретінде көрген. Сен және жолдастарың болса оны (патшалықты) нығмет деп санайсыңдар», - дейді.
Мұны естіген Харун Рашид көзіне жас алып, жылайды. Қасына еріп келген жолдасы Фудайлға:
- Мүміндердің әміршісіне біраз жұмсақтық еткін» - деп оның тура сөзін жақтырмаған сыңай танытады. Сонда Фудайл оған қарап:
- Сен және жолдастарың оны өлтіріп жатқанда, мен жұмсақтық танытайын ба?! – деп, олардың халифаға насихат айтпауларын өлтірумен тең екендігін ұғындырыпты. Мұны естіп тұрған Харун Рашид:
«Тағыда айтшы, айта түс. Алла сені рахымына алсын!» - деген екен.
Рахимаһуллаһ!
[1] قال ابن عيينة: «فضيل ثقة وكان يقبل يده.»
islam.kz/