Үміттің жолында...
Үміттің жолында...
10 жыл бұрын 3829
Меруерт Бақдәулетқызы

Шығыстың биылғы қысы ашулы арыстандай ерекше суық, айналасына қаталдық пен ызғырықтың лебін  төкккендей бір жұмбақ халде. Далада ызғыта соққан мазасыз боран да төңірегін бұрқасындатып, өткен-кеткен пенделерді тәубесіне түсіргендей өзгеше оқшау мінез көрсетеді. Әминаның Шығыстың осы бір қатал қысына еті үйренгелі қашан, балалық шақтан Алтай тауының баурайына қарап, балалық армандарын ақ бауыр бұлттарға айдап, тылсым  табиғатпен өзара тілдесетін. Ол кезде бәрі де мүлде басқаша еді. Бәлкім, адамдардың ниеттері де бүгінгідей емес пәк көңіл, емен-жарқын, жат бауыр болмағандығынан болар...Оның ойын кенеттен бөлменің бүйіріндегі кереует жақтан естілген әлсіз дауыс бұзды:

- Қызым, дәрімді беріп жіберші!

- Қазір, апатай!

Әминаның қарт науқас анасы  жалғыз қызының қолында тұрады. Анасының сырқаттан сарғайған жүзіне қарап, Әмина: "Сіз менің бір Аллаһтан кейінгі ғұмырдағы сүйенішімсіз, асыл анашым, Аллаһым сізге амандық берсін!" - деп жиі-жиі жан анасының саулығын тілейтін-ді.

Жалға алған шағын пәтердің бөлмесі алакөлеңке. Осы тымырсыған тыныштық пен алакөлеңкенің Әминаның сырласына айналғалы қаншама жылдар тізбегі өтті. Сағатқа қарап еді, тура түскі 12.35-ті көрсетіп тұр екен. Көңілі әлдебір дүниеден секем алғандай алағыза бастады. Он бір жасар ұлы Әбдурахимнің сабақтан қайтатын уақыты әлдеқашан болған. Бүгін ерте келуші еді. Әлде мына ызғарлы боранда аядамадан жаңылысып, басқа бағытқа өтіп кетті ме... Жоқ, әлде өткен жолғыдай жоғары сыныптың оқушылары ұстап алып, ақша сұрап мазасын алды ма екен?! Сол күннің ертеңінде мектепке барып, әлімжеттік жасаған оқушылардың ата-анасымен жүздесіп еді. Озбыр баланың әкесі де, шешесі де өз қателіктерін мойындамай, тәрбие көрмеген баласына шаң жуытпады. Тіпті екі жақтан Әминаға тап беріп, жұлып қоя жаздаған сәтте мұғалім тоқтатып, оларға қатаң ескерту жасаған-ды. Жалғыз, жетім ұлына өзінен басқа қамқор болар ешкімнің жоқтығын ойлағанда,  Әминаның жан дүниесі езіліп, жүрегінде тағы жалғыздық пен ауыр мұңды сезінген еді...Амал нешік?! "Тағдыр етсе Алла, не көрмейді пенде",-деген хакім Абайдың сөзі есіне түсіп, жаралы жанын жұбатты.

22 жасында жас келіншектің өмірлік жолдасы жазатайым жол апатына ұшырап, қаза тапты. Содан бері қарбалас тыныс-тіршілігі басым қалада, пәтерден-пәтер жалдап, анасы, ұлы, үшеуі өмір сүріп келеді. Жолдасы балалар үйінің тәрбиеленушісі болғандықтан, Әминадан өзге ешкімі болмады. Ол көзі тірісінде үбірлі-шүбірлі отбасы болуды арман ететін. Асыл арманына гүл таққан адал жары болса,  көп ұзамай  жүкті болды. Тәңірге тәубе етіп, алғысын жаудырған қос жұп сол күні-ақ мешітке барып, шүкіршіліктерін білдірді. Алайда кішкентай Әбдурахимі құрсақта қалғандықтан, оны көру бақыты әкесінің жазмышына жазылмаған екен. Жалғыздықтың қамытын арқалаған жас, жесір келіншек өзін жаһанның бір шетінде қалғандай сезінді. Өзі әке-шешенің жалғызы, әкесі  кішкентай  кезеңде көз жұмған, туғандары шалғай жақтарда тұрады.

Әмина қаладағы бір мекеменің білікті маманы, өз жұмысын бес саусағындай тиянақты атқарады. Аққұба өңді, әдемі келіншек бойын жинақы ұстап, ұдайы таза, әсем болып жүреді. Жесір келіншектің мұндай жинақылығы жұмыстағы кейбір тар пейілді адамдардың көре алмаушылығын тудырады.  Анау күні ұжымдағы үнемі қысқа белдемше киіп, жасанды кірпік жабыстырып жүретін Айткүлдің Әминаны сөзге таңып, жазықсыз абзал,  ақ жанға жаласын жапқаны әлі есінде... Ерлі-зайыпты Ардақ пен Айткүл осы мекемеде Әминамен қатар қызмет атқарып келеді.

Кез-келген көрген жанға Әминаның имандылығы,  ибалылығы, сабырлы мінезі мен биязылығы бірден ұнайтын. Ішкі дүниесінің көркем ізгіліктерімен адамды баурап алатын жағымды рухани  қасиеттері шайпау, көк езу, доң айбат әйелдерге ғибрат пен ізгіліктің ұясы іспетті. Иә, сондағы Айткүлдің күйеуі Ардақты қараптан-қарап қызғанып, себепсіз тиісуі Әминаның жанына қатты батқан-ды.  Жүрегіне әлдекім  найзаның ұшын қадағандай болып, мөлдір жанарын жасқа бояды. Ол аз болғандай, мекемедегі бас маман әлгі орыс Света да қазақ күйеуін өлердей қызғанып, қызғыштай қорып, Әминаға күрделі тапсырмаларды жылдам орындауға тастап кететін. Сабырлы келіншек бір Аллаһтан жәрдем сұрап, кез-келген қиын тапсырмасын көзді-ашып жұмғандай жылдамдықпен лезде атқарып тастайды. Сондағы байғұс Светаның өрт өшіргендей түрін бір көрсең... Тіпті аяп та кетерсің... Өткен аптада ұжымда жаңа жылды тойлап, әйелдер жағы бастары ауырып, жұмыстан ерте кетіп жүргенде де Әмина өз ісін мүлтіксіз атқарып, олардың өтініштері бойынша сол әріптестерінің де жұмыстарын жасай салған. Бейбітгүл мен Зарина қуаныштан ағынан жарылып, Әминаға алғыстарын жаудырып еді. Оның аппақ көңілі әлем әміршісі Аллаһ Тағаланың: "Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды",-деген аяттарына амал етуді  жасынан мақсат етті /Әнғам, 160/.

Жастайынан бес уақыт намазын қаза етпеген анасы, оны  ес білгеннен бастап, ислам құндылықтарын қастерлеп, шынайы ықыласымен ұстануға үйретті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміршең хадистерін  жасынан жаттап өсті. Анасы үнемі "Балам, Аллаһ Тағала үнемі ниеті түзу адамның ісін қолдайды, сол үшін әрдайым Жаратқанға шүкіршілік етіп, осы тағдырыңа разы бол! Ақтың Құдайы жақ, өзің пәк көңілді, ақ ниетті болсаң, Жаратқан сені ешқашан далаға тастамайды!",-деп үздіксіз насихат айтып отыратын. Әминаның осындай игі қасиеттерді меңгеруі, жан дүниесінің жайдары әрі жайлы болуына  ислам құндылықтарын рухына сіңіруі  себеп болды.

Қызғаныш демекші...Ондай көркем амалдардан ада қалған адамдардың  қылығына кешіріммен, сабырмен қараған Әминаның жүрегіне Құранның мына  аяттары оралды: "Расында абыройлы,  мүмін, ақ ниет әйелдерге жала қойғандар,  дүние, ақыретте қарғалды. Әрі олар үшін ірі азап бар"/Нұр, 23/.  Әлбетте, аталмыш топтағы адамдарға қандай өкініш!

Қазіргі қоғамдағы жалғыз басты қыздар мен әйелдер жайындағы жағымсыз, кереғар көзқарастармен Әмина ешбір келіспейді. Олар да қоғамның бір бөлшегі. Адам тағдырын өз қолымен жасамайды. Мұндай жандарды негізсіз айыптап, күмәнмен қарағанның өзі-күнә. Ал, басқа түскен тағдырға разылық танытпағанның өзі-надандық, бақсыздық. Өйткені, Аллаһ Тағала хадис құдсида былай дейді: «Тағдыр мен жазмышыма разы болмаған, менсінбеген және жіберген бәлелеріме сабыр етпеген, менен басқа тәңір іздесін. Жер бетінде құлым болып жүрмесін!»

Ғұмыр-керуені алға жылжыған сайын ақиқат пен жалғандық, адам мен арам ашыққа шығып, өмірлік тәжірибелер арқылы дәлелденіп жатты. Соңғы кездері әлгі орыс Света Әминаның жанынан бір елі шықпай жүр. Өзі де өткен өмірде жасаған қателіктерін жан дүниесімен түсініп, өкініп жүргенге ұқсайды:  Бірде:

-Милая, Аминашка! Прости меня пожалуйста. Я была не справедливо, я была не права...Теперь тебя понимаю,-деп ебіл-себіл жыламасы бар ма. О, тағдыр-ай, Светаның өмірлік жолдасы үш баласымен тірідей тастап, басқаға кеткен екен. Енді Света да Әминаның халін түсініп, бұрынғы қателіктеріне өкінгендей әрі-сәрі күй кешуде...

Өмір құсының көгілдір қанаттарына жазылып, қиындықтарға соғылып, қауырсыны қатайған пенденің жаны сірі шығар. Бір күніңді бұлт торласа, екінші таңың Жаратқанның мейірімімен нұрланып атары сөзсіз. Адамды үміт атты Аллаһтың көркем нығметі мен аппақ әлемі әлдебір биіктер мен қыран ұшар қияларға жетелейді. Бүгін қат-қабат қиындықтарға маңдайың соғылып, еңсең езіліп,  толағай тауың шағылса, күні ертең ізгілік пен шапағатты уақыттар міндетті түрде сені айналып соғады. Тек соған ақиқи сенім мен сабыр ауадай қажет. "Бір қиындықтың артынан жеңілдік бар",-деп ескертіп, пендесін үміт шыңы мен тақуалық тұғырына жетелеген Құранның ұлы үкімі осындай. Мұның барлығы пенденің әлсіздігін барлығынан артық біліп, қамын ойлаушы Аллаһтың мейірімі дерсің...

Әминаның сәулелі санасында жалғасқан ойлар легін есіктің тыз екен қоңырауы үзіп жіберді. Есікті ашса, екі беті аяздан нарттай қызарып кеткен ұлы Әбдурахим екен.

- Анашым, бүгін мен үш бірдей пәннен бес алдым!-деген қуанышты дауысы мен бақытты жүзі Әминаның жан әлеміне сергектік сыйлап, сенімін сәулелендірді, үмітін еселеді.

Кішкентай бауыр етін көкірегіне басып, іштей "Сені маған сыйлап, ғұмырда бар еткен Жаратқан  Иеме мың алғыс, мың тағзым, шексіз шүкір!",-деп  бір тамшы  жас  беті-жүзін  жуып бара жатты. Бұл жүректің ең түпкі тап-таза, мөлдір қойнауынан шыққан шынайы шүкіршілік пен үміттің маздағына, үміттің жолына жетелеген  тағдырға разылық жасы еді...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
3.6
118 дауыс
0 пікір