Тағдыр
Тағдыр
10 жыл бұрын 4515
Әділ Мұратұлы

«Өмір – біз сұрамай берілген сыйлық»

 А. Қонар

 

«Қайтыс болды...»

Сол жақ беттегі кереуетке жалт қарадым. Қимылдады, демек тірі... Маңдайымнан мұздай тер ыршып шықты. «Уф, түс екен» дедім ішімнен өз-өзіме келе алмай жатып. «Бұл жай ғана түс» деп өз-өзімді жұбатып, ентігіп тұрған демімді бастым. Түс пен өңнің арасында отырған мен өз-өзіме әбден сенімді болу үшін жай ғана.

- Ахмет? – дедім. Ояумысың?

- Иә, ояумын.

- Әлі ұйықтамағанбысың?

- Ұйқы келмеді.

- Қазір таң атады, түні бойы кірпік ілмегенге ұқсайсың ғой.

- Иә, Жанарды уайымдап жатырмын. Келесі жұма апамды Алматыға ауруханаға алып бармақпын. Еркежан бізді сағынады ғой... Сен қашан ауылға барасың?

- Келесі аптада. Практиканы ауылдан өтпекпін. Уайымдама, әлі-ақ апаң жазылып кетеді. Ал, ұйықтайық. Аз да болса, көз шырымын алғаның жөн болар. Бұлай жалғаса берсе, өзің де науқастанып қаласың-, деп қалыман болып теріс қарап жаттым. Бүгін Ахметтің туған күні. Құттықтайын десем, босатып алам ба деп қорқам. Не істесем екен, ә? Жә, құттықтайын.

- Ахмет? Ұйықтап қалған жоқсың ба?

- Айта бер.

- Туған күнің құтты болсын!  20-ға келдің ғой.

- Рақмет...

Үнсіздік... Жылда осылай. Құттықтаған сайын үнсіздік. Осынау өрімде жас баланың тар маңдайына жазылған тағдыр тауқыметі тым аур.

Ол біз секілді  күліп, ойнамайтын. Жек көреді деймісің? Жоқ... жек көрмейді! Бұл өмірде кімнің қуанғысы, кімнің шаттанып, күліп-ойнап  жүргісі келмейді? Іштей қызығатын. Бірақ тағдыр мехнаты Ахаңды ерте есейтті. Оқумен қатар жұмыс жасайды. Күн демей, түн демей кездескен жұмысты талғамай жасай береді. Кішкентай қарындасы мен науқас анасының жағдайын жасау үшін өмір сүреді. Әкесі марқұмның артынан қалған жалғыз тұяқ болған соң, мойнына үлкен жүк артылды. Біртоға, көп сөйлемейтін. Сөйлеген күнде де асықпай, ойланып, сабырмен  сөзін нықтап айтатын. Қара торы, бұйра шашты, кірпіктері ұзын, жүзінен үнемі жылулық сезіліп тұратын.

Ол күн әлі есімде. Бала болсам да, сол бір шақ менің жадымда мәңгі сақталып қалыпты.

Нөсерлетіп жауған жаңбырға еріген қар суы қосылып, өзен арнасына сыймай тасқын болып жатқан көктемнің бейберекет мезгілі.

Осы мазасыз күнге қарамастан, ауылдың аяқ жағындағы, Сары таудың қасында, қызыл кірпішпен қаланған үй шаттыққа толы болатын. Бұл Марат ағаның шаңырағы. Бүгін күн ерекше. Тұңғышы, жалғыз ұлының туған күні! Салтанат жеңгей кешкі дастарханның қамымен бәйек болуда. Мал өрістен келген соң көрші-қолаң, ағайын-туыс туған күн тойлауға осы шаңыраққа жиналмақ. Марат аға мерекелік дастарханға қажетті тәтті-дәмдіні алуға аудан орталығына кеткен еді.

Ахмет және оның кішкентай, топ-томпақ бес жасар қарындасы Жанар үшеуіміз есік алдында әлгінде ғана әкесі әкелген күшікті қызықтап, тамақ беріп, таяқтың басына шүберек байлап алып, күшікке тістетіп ойнап жүр едік.

Үйге келе жатқан әулеттің үлкендерін көріп, біз алдарынан шығып амандастық. Мараттың  ұлы мен қызынан «үйде кім бар»,- деп сұрады. Ахмет:

- Анам, сосын Жанар екеуміз. Әкем ауданға кетті, бағана телефон соққан. Қазір келеді.

- Сіздер ағамның туған күніне келдіңіздер ме?

- Кішкентайым, ботақаным... - деді де Балайым әже Жанарды құшақтап еңкілдеп жылап жіберді.

Бұл кезде үйден Салтанаттың  жылаған даусы естілді. «Марат! Маратжан... Бізді неге тастап кеттің? Ұлың мен қызыңды, мені қалайша қиып тастап кеттің Марат!» деген сөздер Ахметтің құлағына анық естілді. Тұла бойы мұздап, көзінен жас парлап ағып жатты, бірақ Ахмет мұны сезбеді. Тек «Әке, әке» деп айқайлағанында барып Балайым әжесінің «Қайтейін құлыным, жас кетті ғой, жазым ғой, жазым...»,- деп  жылап тұрғанын енді аңғарды.

Ахметтің он бес жасқа толғанын тойлаймыз деп қоярда қоймай Салтанатты көндірген Марат болатын. Ұлының туған күнін дүркіретіп өткізбекші еді. Дастарханға керек-жарақтар ауыл дүкенінен табыла қоймаған соң «Әкеңнің, жалғыз ұлымнан аяйтын түгім жоқ» деп екіндінің кезінде ауа райының қолайсыздығына қарамай аудан орталығына кеткен. Үйге асыға қатты жылдамдықпен келе жатып үсті-үстіне қосылып молайып жатқан, тасыған өзеннің жолды қиратып, көпірді ағызып кеткенін байқамай қалыпты. Жарға соғылған машина екі бүктетіліп мыжылып қалған. Марат аға сол жерде жан тәсілім етіпті.

Міне, өзінің туған күнінде Ахмет әкесінен мәңгілікке айырылған болатын. Бұл оның қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап, тағатсыздана күтетін күні емес, "қаралы күн" болып есептелетін болды. Туған күнімен құттықтағанда үнсіз болып қалуының себебі де осы.

Содан бері бес жыл өтті. Ахмет бір жадырап күлген емес. Анасын, қарындасын уайымдайтын. Әкесі өмірден қайтқан соң, анасының жүрегі ауыратын болды. Ал Жанар болса, оннан енді асқан кішкентай бүлдіршін.  

 

***

Ой үстінде жатып, мен де ұйықтап кетіппін. Ахмет екеуімізді таңертең телефон шылдыры оятты.

Еріншектене телефонды көтеріп, ұйқылы ояу дауысымен сөйлесті. Бір мезетте селк ете түсіп.

- Қазір жетем,-деп атып тұрды. Киімдерін асығыс кие бастады. - Баха, маған тез арада ауылға жету керек.

- Не болды? Айтсаңшы, не жағдай?

- Ауруханадан телефон соқты, апам хал үстінде жатыр дейді,- деді көзіндегі жасын сүртіп тұрып.

- Ахмет сабыр ет!-деп мен де орнымнан тұрып, Ахметтің киімдерін реттей бастадым.

Екеуіміз вокзалға жетіп, оны автобус болмаған соң, таксиге отырғызып жібердім.

Аспанды қара бұлт қаптап, көңілді қара түнек басты. Себелеп жауа бастаған жаңбыр нөсерге айналып, құйындатты. Бұршақ аралас жаңбырдан қашып ел тез-тез жүре бастағандай. Оның үстіне суық жел қосарлап қаланың тыныштығын бұзып, алапат зор күшпен соғып, адамдардың берекесін қашырды. Мен тасаланып тұрайын деген оймен ашық дүкенге кіріп жаңбырдың соңын өзге адамдармен күттім. Жарты сағат өтті деген де әзер басылған күн райы бір мезетте шайдай ашылып, бағана ғана аспанды торлаған қара бұлттан бір шөгімі қалмапты. Сөйтіп үйге қарай аяңдадым. Көңілсіз, еңсені басқан сұрғылт күн. Әншейінде қиқуы мен шуы көп қала, бүгін үн – түнсіз. Тасқала адамдардың да сезімін құрсаулап тастағанға ұқсайды. Ойдым-ойдым жерлері көп бір аяқты жолға түсіп жатақханаға тарттым. Ахметті ойлап келем...  Анасын ойлап келем...

 

***

Шырт ұйқыда жатсам керек. Ұялы телефонның шылдырлаған даусынан селт етіп ояндым. Бесіннің кезі. Кітап оқып жатып ұйықтап кетіппін.

- Алло?

- Алло,  Бақдәулет! Бұл ауруханадан... (жүрегім зу ете қалды).

- Иә, тыңдап тұрмын? 

- Ахмет жол апатына ұшырады... Төбемнен біреу мұздай су құйғандай дірілдеп кеттім.

 Аузыма ілінген сұрақ:

- Тірі ме?

- Жан сақтау бөлімінде, есін әлі жиған жоқ (Орындыққа сылқ ете қалдым).

- Жанындағылар аман ба?

- Жүргізушінің бұғанасы сынған, есін әзер жиды. Қалғандары жеңіл жарақаттанған.

- Ал Ахметтің анасы қа..? Байланыс үзіліп кетті.

 

***

Бірден  автобекетке барып, ауылға қайтатын соңғы автобусқа үлгердім. Алтынтау өзеніне жете бере аударылған машина көрінді. Ойыма сап ете қалды «Мұрат аға дәл осы жерде, жол апатына ұшыраған». ...Өз ойымнан өзім шошыдым.  Ауылға жеткенде түскі сағат үштердің кезі болды. Ахаңның үйінің ауласына кіргенім сол еді кішкентай Жанардың жылаған даусы сай-сүйегімді сырқыратып жіберді. Таудың баурайында жеті-сегіз адам күннің батысына қарай екі мәйітті алып ауылдан ұзап барады. Кенет Жанардың «Ана, аға мені кімге қалдырдыңдар?» дегенін естігенде жүрегіме біреу қанжар сұққандай бір сәт жан дүнием дағдарыста қалды. Көзімнен аққан жас, жан әлемімде болып жатқан алай-түлей өртті баса алмады.

Ахаң, абзал  досым Ахмет... анасымен бірге мәңгілік сапарға аттаныпты...

 

***

Ахмет пен Салтанат ананы арулап жер қойнына тапсырғаннан соң, үш-төрт тәулік бойы ес жия алмай жүрдім. Бала кезден бірге ойнап, бірге күліп, бірге жүрген жерде жалғыз қалғандай сезіндім. Қайда қарасам да Ахаңның бейнесін есіме салып  тұрады. Ал, Ахаңның үйі мүлдем қаңырап қалған. Жайдарлы, ақжарқын, үнемі жүзінен жылулық тарап, осы бір кішкене үйге ғажайып нұр беріп жүретін Салтанат ана жоқ... Бала кезде  аулаға кірер-кірместен « Ооо. Бақдәулет! Кел, тез... Жүр ойнаймыз!» деп тап-таза, ақ көңілімен, адал дос бола білген  Ахаң... Ахмет досым жоқ...

 

***

Үйдің есігіне қарама-қарсы талдың көлеңкесіндегі сәкінің  үстінде Жанар отыр. Өңі қуарып, көзі қанталап ісіп кеткен, құр сүлдері ғана қалыпты. Менің келе жатқанымды енді байқады. Жылап отыр екен...

- Жанар, Жанартай жылама енді!

- Бақдәулет аға! (басынан сипадым, жанарыма еріксіз жас толды, құшақтап басын кеудеме бастым, солқылдап жылап қоя берді). Ағау, ағам мен анамды сағындым... Енді келмейді ғой, мені тастап әкемнің жанына кетіп қалды... Енді менің әкем де, анам да, ағам да жоқ қой Бақдәулет аға...

- Жылама Жанаржан, жылама!

- Үйді сағындым, ішінде ешкім жоқ. Кіруге қорқам, аға!...

- Қорықпа, ертең таңертең кіреміз, жарайма? (Кіруге  жүрегім шайлықты.)

- Жарайды!

- Біздің Жанар ақылды ғой, енді жылама иә? Көп күннен соң анаң да, Ахмет ағаң да келеді, саған көп сыйлықтар алып келеді!

 «Жанар, Жанартай жүр үйге» деген дауыс естілді. Балайым әже екен.

- Айналайын, Бақдәулет мына қарындасыңа қарайлап жүр, қарағым! Ертең біз де сол сапарға кетеміз,  Ахмет жан досың еді ғой айналайын, туған қарындасыңдай көр!- деді.

Кішкентай Жанарды маған аманат еткен екен ғой, қайран досым-ай!...

- Жүре ғой, Жанаржан! Жылама күнім! Кіп-кішкентай сүйкімдім менің, - деп Балайым әже Жанарға жылы-жылы сөйлеп жұбатып бара жатты...

 

P.S. Тағдыр жолымызда қуаныш пен қайғы алмасып келіп отырады. Жаратушы Иеміз Құран кәрімде:

 وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

«Сөзсіз біз сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктеріңді, өздеріңді әрі өнімдеріңді кеміту арқылы сынаймыз» , - дейді.

«Әли Имран» сүресінің 146-аятында:

 وَاللّهُ يُحِبُّ الصَّابِرِينَ

«Алла сабырлыларды жақсы көреді» - делінген.

Хазіреті Әли (р.а.): «Адам денесінде бастың орны қандай болса, иман тұрғысынан алғанда сабырдың орны да дәл сондай» деген. Алла Тағала Құрандағы көптеген аяттарда әрқашанда сабырлы болуға шақырған, сабырлы құлдарды жақсы көретіндігін, сабырлы жандарды үлкен айтулы сый-сияпатқа бөлейтіндігін жеткізген. Жаратушы Ием сабыр бере көр..!

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
4.1
44 дауыс
5 пікір
  • болашағынан зор үміт күтуге болады екен! қаламын қарымды болсын!!
    10 жыл бұрын
  • Осы туган кунди не ушин тойлайды? Курандагы аятты келтирип жазыпсыз... Алла тагала баска сурелеринде "бир киындыктын артында еки женилдик бар" деген аяттарды келтиреди. Пайгамбарымыз с.г.с. хадистеринде " кайгыны куаныш алмастырады, ауырлыктан сон женилдик келеди" деген. Бирак, окига тек Жанарды сабырлыкка сынап жаткандай... тек кайгылы коринистер.
    10 жыл бұрын
  • Жулдызыныз жарык, каламыныз карымды болсын!!!
    10 жыл бұрын
  • Оқып шықтым әсерлі жазылған көзіме жас алдым.Ахметтің бақытсыз өмірі,Жанардың тұл жетім қалғаны...
    10 жыл бұрын
  • тамаша шығарма! тағдыр-ай деген...мына өмір кімдерді жылатып, кімдерді күлдірмеген? біреудің басына зауал күнін төндіріп, қайғы құшақтатып жылатса, ал тағы біреулерге тымағын алшы кигізіп, алшаңдай басқызып қоятыны бар......
    мен осы шығарманы оқый отырып, жазушының қаламынан тамған қара сыя мен мынау қара жердегі қайғы-мұңға қамалып жүрген жандардың қайғы-қасыреті төгіліп , сәлде болса жеңілдеп қалған шығар деймін!
    Әділ, қаламыңыз қарымды,қадамыңыз алымды болсын әрдайім!
    10 жыл бұрын