Кер бестісін шідерлеп, тегістікте жайылған отар қойына қарап төбе басында Сұлтан отыр. Жайылып жатқан мыңға тарта қой. Астындағы кер бесті ат өзінікі болмаса да, Сұлтан үшін ыстық. Қожалықтың малы-ау деп қарамайды. Қойын ең жақсы жайылымға дейін жайып өрістен кеш қайтарады. Кер бестісін шүйгін жерлерге шідерлейді. Түскі асқа бармайды. Қала студентінің дала иісіне мейірі қанбаған. Иен далада жалғыз өзі мал бағып жүрсе де жалғызсырамайды. Көңілі тоқ. Себебі, бұл дала талай тай бас бүлдіріп, бұзау қуып, көліне шомылған туған жері.
Биыл жауын-шашын аз, сондықтан болар жаздың бел ортасында шөптер сарғайып кетіпті. Бірақ сүтемген, шағыр, жусан секілді шөптер даланың түгелдей сары түске боялуына кедергі жасап тұрғандай.
Мынау жатқан ұлан-байтақ кең даланы кімдер мекен етпеді. Қазір ғой адам аяғы баспаған, өркениет ешқашан жетпегендей болып көрінетіні. Иә, бұл жерден сан ғасырлар бұрын ата-бабаларымыз атой салып, ат дүбірін кетірмегенін қазір ешкімге айтып сендіре алмассыз. Осы жер үшін апайтөс баһадүрлеріміз қасық қаны қалғанша шайқасты десеңіз тіпті сенбес. Ал қазір бірлі-жарым мал бағатын ауылдар болмаса бұл аймаққа ешкім ат ізін салмайды. Бәлкім, бұл жердің ит мұрыны өтпейтіндей болып елестеуі де қалың ел қонбағандығынан шығар. Дала қойнауынан тарих іздеп ойға шомып отырған Сұлтанның назары алыста қолын ербеңдеткен адамға түсіп кетті. Екінші бір төбе басында қол бұлғап шақырып тұрған әкесі екен. Әрдайым түс ауа әкесі баласына ас әкелетін. Сұлтан кер бестінің шідерін ағытып, таралғыға аяқты салмай мініп алды. Аттың басын тартып, тек жорға шабыспен әкесіне келді. Келе мұздай шалапты сіміріп жатқан Сұлтанның басынан сипап әкесі:
- Балам, бүгін таңертең ерте шықтың, далада ұйықтап қалмадың ба?-деді. Бірақ, әкесінің дауысы анық емес, күңгірт естіледі.
- Әке, не дейсің? - деді Сұлтан.
- Бауырым, таң атып қалды. Ұйқың қанды ма деймін,- дегенде барып ұйқылы ояу көзін ашты. Үстіне төне қарап вокзалдың еңгезердей күзетшісі сөйлеп тұр екен.
- Бауырым, таң атып қалды. Ұйқың сәлде болса қанған шығар. Вокзалда жатуға болмайды. Біз де барлық жерге камера орнатылған,- деді аяныш білдіргенсіп.
Басы мең-зең болып оянған Сұлтанның күзетшіге жауап беруге құлқы жоқ. Өңі мен түсін ажырата алмаған күйде мелшиіп үнсіз отыр.
- Не істейсің інім? Үшінші күнің бүгін. Вокзалда бұлай күнелтуге болмайды, - деп күзетші сөзін қайта жалғады.
- Иә, аға. Бүгін ауылдан ақша келуі керек. Пәтерақымды төлеп қайта ораламын үйіме. Сізге рахмет,- деп өтірігіне ұялып қызарақтаған Сұлтан кетуге ыңғайланды. Іштей тәтті түсімді бұзып жібердің деп күзетшіні жазғырып барады. Көрген түсі былтырғы бірінші курстан барған кездегі екі айғы демалысы еді.
Ауылдан ақша түгіл ештеңе де келмейтінін тек өзі ғана сезеді. Биыл екінші курс студенттері жатақханадан орын ала алмады. Институттың жалғыз жатақханасы биылғы сарыауыз бірінші курстармен-ақ толыққан екен. Соған байланысты жоғарғы курстарға жатақхана бұйырмады. Сұлтан пәтер жалдайтынын үйіне айтайын деп бірнеше рет оқталған еді. Бірақ ата-анасының ыңыршағы шығып үш баланы қатар оқытып отырғаны есіне түсіп райынан қайтты. Өзін өзі жігерлендіріп жігітпін ғой, осы бастан күнімді көре берейін деп шешті. Оқу жылы басынан наурызға дейін досы Асқар екеуі біреудің бір бөлмесін жалдап тұрды. Екі студенттен уақытылы ақша алу қожайындарына мұң болған-ды. Ақыры шыдамай бір ай бұрын шығарып жіберіп тынды. Асқар бір ағайындарының үйін паналап кетті. Ал сонау оңтүстіктің батыспен шектесетін аймағындағы төрт үйлі ауылдан тек білім грантына сеніп келген Сұлтан да бұл жақта қандай ағайын болсын. Бір ай бойы таныстарының үйін паналап жүрді. Соңғы кезде оларда есік ашпайтынды шығарды. Именбей кіретін есік қалмағасын амалы таусылып, соңғы күндері вокзалды паналап жүр.
Сағат таңғы алты. Вокзалдан шыққан Сұлтан қара сөмкесін иығына асып алып көше бойымен жүріп келеді. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы оқудан шығып ауылға кету ғана деп ойлайды. "Бірақ ауылға қай бетіммен барамын" деген сұрақ та мазалайды. Әйетеуір қазіргі өмірін жақсы бағытқа өзгерте алатын нәрсе көріп тұрған жоқ.
Ойдың жетегінде келе жатқан Сұлтан автовокзалға таяп қалғанын аңғарды. Бұл жерде вокзалдың айналасына қарағанда тіршілік байқалады. Жеңіл машиналар, автобустар бірі келіп бір кетіп жатыр. Темекісін бұрқыратып жүргізушілер клиент іздеп тамағы қарлыққанша айқайлайды. Көктем айы болғанымен Қостанайдың таңы салқын. Жер көк тайғақ, ауыздан бу шығады.
Автовокзал жанындағы қаз-қатар тізілген орындықтардың біріне келіп отырған Сұлтанның жаны жәй табар емес. Бұлай күнелтуге болмайтынын дәл қазір түсінгендей. Біртүрлі сезімді бастан кешіруде. Сан сұраққа жауап таба алмай мұңайып отырған Сұлтанды "Ауырып отырсыз ба?" деген нәзік дауыс селт еткізді. Басын көтерген ол қарсы алдында тұрған Рафияны көріп біртүрлі болып кетті.
- Қатты мұңайып отырсың ғой Сұлтан? - деп Рафия таңданыспен сұрады. Ауырып отыр деп сырттай тон пішкен бейтаныс адамы өзі ұнататын Сұлтан екеніне сене алар емес.
- Өзің қайдан келесің? - деп Сұлтан жауаптан жалтарып Рафияға қайтара сұрақ қойды.
- Мен осы маңда тұрамын. "Алтын дән" деген наубайханада жұмыс жасаймын және сол жерде тұратын орным бар. Наубайхана да істеп жатқаныма біраз болды. Биыл жатақхана бұйырмағасын жататын жерді өздері қамтамасыз ететін жұмыс іздегенмін. Сәті түсіп қыркүйектің ортасында осы жерден жұмыс тауып алдым. Жататын жерімді өздері қамтамасыз етеді, - деп Рафия ағынан жарылып әңгімесін айтып жатыр. Сұлтанды сырттай ұнататын болғасын өзімсініп айтып жатқан түрі-ау шамасы...
Рафияның ашық жауап беріп, еркін сөйлегеніне таңданған Сұлтан: - Қазір қайда бара жатырсың?- деді.
- Біздің жұмысқа күзетші керек. Соның жарнамаларын таң сәріден жабыстырайын деп шыққанмын. Әйтпесе, бүгін біз де түстен кейінгі төртке дейін сабақ, - деп Рафия Сұлтанға сұраулы көзбен қарады. Құдды сенің жататын жерің жоқ қой, қысылмай бізге жұмысқа тұрсаңшы дейтіндей.
- Мен өзімді ұсына алар ма екенмін, - деді Сұлтан. Міңгірлеп сөзінің аяғын жұтып қойды.
- Әрине, сенің дене бітімің тіпті келеді.
- Жататын жерді қамтамасыз ететіндері рас па?
- Иә, рас. Сұлтан сенің өңің қашып кетіпті. Саған ыстық шәй ішу керек. Автовокзалдың асханасынан таңғы ас ішейік. Сосын жұмысты талқылаймыз, - деді Рафия. Сұлтанның басындағы бар жайды шаршаңқы көзінен, қобыратып сұраған сұрақтарынан білгендей.
Автовокзалдың асханасында Сұлтан мен Рафия шәй ішіп, қызу әңгіме айтып отыр. Ерекше мінезді мұғалімдер, институттың белсенді студенттері барлығы әңгімеге арқау болуда. Сұлтан Рафияны күлдіріп бірдеңелер айтады. Жаңа отыз минут бұрынғы Сұлтан мен қазіргі Сұлтанды ажырата алмайсың, жүзі бал-бұл жайнайды. Жұмысы мен сабағын ғана ойлап, үнемі бірқалыпты жүретін Рафия да қуанышты жүзін жасыра алар емес. Екеуінің де айтар әңгімесі бүгін таусылар түрі жоқ.
Рафия мен Сұлтанға сырттай қарап отырған Мұрат мыналар неткен бақытты замандастар деп ой түйді. Иә, Мұрат та үй-күйсіз жүрген студент. Бірақ бұның да жүзі 30 минуттан соң бал-бұл жанып отыруы мүмкін. Себебі, олар студент...
Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!