Келген де, кеткен де, кірген де, шыққан да қолын шайып-ақ жатыр. Сырын ішіне бүгіп, саулап ағып шүмек тұр. Тағдыры тарам-тарам сан салалы саусақтар шүмектің суын сарқып тазарып, тарануда. Ұсқынсыз ұрының қолдары, қанды балық қарақшының алақандары жиіркеніш әкелгенімен шайып жіберу міндеті. Бірақ, алдына адал адамның келгенін аңсайды. Күнәсіз жанды көксеген шүмекке былдыраған бүлдіршін келіп, қолы бір жетіп, бір жетпей әйтеуір бұрандасын босатты. Мейірімді шүмек ерекше құйылды. Жаңағы біреулердей болашағы былғанбаса екен деді.Сырын сәбиге ашып үлгермеді. Бала жүгіріп жөніне кетті. Түу, мына қолға шүмек тіпті терлеп кетті. Ашылмаған сыры жасқа айналып, жылыстап шықты. Аппақ шыны раковинаның қақ ортасына да қара дақ түсіпті. Шынайы шүмектің жасы мөлдірей үзіліп, қара даққа тырс-тырс тамады. Тарс бекіп қамығады. Ағыл -тегіл ағытылады. Жаспен жуылған қара дақтың өшпесі анық болса да, тамшылар тырсылы үзілмеді.Тырс-тырс тамған тамшылар..
«Дариға–ай, дәурен»
Айналып алты қаздай қона алмаған, Дариға-ай, шіркін дәурен..
Салмақпен салынған әннің қайырмасы баяу ырғағын бұзбастан шеберлікпен шыққан шанақ үніне үндесіп сезімді тербеп санаға сәулелі сауалын тастай береді.
Жиылғандардың дені 25-тің аржақ бержағына келген жастар легі болғанмен сөз парқын түсініп парасаттап бағамдар көзі ашық, көкірегі ояу ел үмітін артқан ауыл жігіттері мен қыз-келіндері еді. Бұл шаңырақтын бүгінгі шаттығын шалқытудағы негізгі себеп – Бөкеңнің мұғалім баласы Ырысұланның «Жасыл жайлау айхай 25-пен қауышқан кеші. Орындаушының көмейінің көмегімен әсемденген әсерлі әуен ән сүйер қауымды рахатқа бөлеп толқындай тербеп әлі жалғасын табуда.
Аққу қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін қанатым жоқ қалып барам,
Жүрегім құс боп ұшып кетті бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам
Дариға дәурен әгигай, гиккай..
Әншінің шерте тартқан саусағынан шерлі шек ағытыла сөйлеп, қасиетті қара домбыра да мұңлы мақамын тыңдаушысына үзіп-үзіп үлбірете үлестіруде. Өлеңнің назына, домбыра сазына үйлескен әнші жігіттің биязы үні құлаққа майдалылығымен жағып, тұнықтың басын іздеткендей сүйсіндіре түсті. Бұл әнші туған ауылына ат басын әдейілеп бұрып, Ырысұлан досының думанын гүлдендіріп отырған қаз мойын, ер мұрынды, келбетті бойшаң жігіт Айтас еді. Қызметі аудан орталығында болғандықтан да ауылына келуі сиректұғын. Айтастың аудан-облыс көлеміндегі сайыстардан жүлдесіз оралған күні болмағаны ауылдастарына мәлім. Ел мадағына масайраған Айтас жоқ. Керісінше саралана түскенді салтындай қалаған сері Айтас сабырлылықты жанына жолдас етті. Айтпақшы Айтастың жуырда отбасын құрмаққа, көрші ауыл сұлуына сөз салғаны елге тарап үлгергенді.
Асылын Төлегендей ғашықтарды,
Айналып алты қаздай қаңқылдаған.
Таңдалып шырқалған әннің талдап өрілген өлеңі маңындағыларды бір тұңғиық сырға тартқандай жанар қарашығын жалғыз нүктеге қадатты. Есік жақтауына сүйенген осы үйдің қара домалақтары да қалшиған қалпы әншінің аузына аңтарылып қалыпты. Өнер сүйген өңкей өрен жастың көзінен «Айтас айта түссе екен», «Тәтті ән төгіліп тұрса екен», «Жүректі жаулаған қоңыр үн құлақтан кетпесе екен» деген тілеуді аңғаруға болар еді. Шіркін-ай дәурен, бүгінгідей дәуренді бүгінгі отырысты адам баласы қисын ба?
Бірақ... Бірақ «Дариға дәурен» Айтастың елімен қоштасарға салған дөңгеленген дүниедегі соңғы әні екенін сері жігіттің өзі де, өзгелер де білмеген еді. Ән шумағы шырқалып келіп, баяу созылаңқырап қайырмаға түсті.
«Айналып алты қаздай қона алмаған,
Дариға шіркін дәу-ре-е-ен
Шіркін дәу-рен! Агигай, гиккай...