Қызыл сақа
Қызыл сақа
10 жыл бұрын 6322
Есболат Айдабосын

«Көксерек» фильмі.... Ауылдың қара борбайларының асық ойнайтын эпизоды. Құйтақандай Құрмаштан ұтылып қалған Ұзынтұра «қараулық» жасадың деп бөлтірікті тартып алды, ақыры жанжалға ұласты...

Біз де талай рет көшені басымызға көтеріп  асық ойнап, асыр салушы едік. Мықынын сымтемірмен мытып, өзімізше тарылтып қойған көнетоз шалбардың (ағамыздан қалған) қос қалтасын толтырып, талай мәрте масайрап қайттық. Талай мәрте ұтылып, ұнжырғамыз түсіп, ауыл балаларының тілімен айтқанда «сып-сипалам» болып та келдік. Ұзынтұра секілді ересектерден әлімжеттік көрген кезіміз де жетерлік.

Менің бір көршім болды. Өкіреш деп қоятынбыз, шын аты Самат. Бойы екі метрге жетеқабыл, қолы да сала-құлаш. Сол Өкіреш біздің ауылдағы мергеннің бірі. Біздің ауылда негізі «асықтың майын ішкен» мерген екеу. Біреуі – Украин көшесіндегі (орыс, украин ұлтының өкілдері тұратындықтан сөйтіп аталып кеткен) Петька. Петьканың шын атын әлі күнге білмейді екенмін, аты Петька болғанмен заты қазақ, әйтеуір. Өкірештің сұлбасы ебедейсіз болғанмен, асыққа келгенде епті. Бар денесімен созылып барып, шоқып атады, ал Петька жалпақ бас, қамыт аяқ, жұдырықтай бала, сақасын жер бауырлатып жібереді үнемі. Екеуі талай мәрте жекпе-жек ойнап көрді, олардың ойыны тым ұзаққа созылып кетеді. Аяғына дейін көріп отыра беруге елдің тағаты жеткен емес... Содан ауыл балалары ақылдаса келіп, бес асықтан ғана беріп тайталастырып байқады. Мұндай бәсекенің қанша мәрте болғанын білмедім, мен бесеуіне куә болыппын, соның үшеуінде Өкіреш, екеуінде Петька жеңіске жетті. Ал біз секілді шаламергендермен олар сол қолымен ойнайды. Соның өзінде шақ-шәлекейімізді шығаратын сабаздарың...

Өкірештің үйінде өзінен басқа жалғыз әжесі ғана болатын, адуынды кемпір еді. Күйеуі соғыстан оралмапты. Сол кісінің қызынан туған бала десетін мұны. Мал дегенде сынық мүйіз тарғыл сиыры ғана бар қорасында. Жарықтық жануарды туар алдында ғана суалтады, әйтпесе қысы-жазы сауады. Бұты-бұтына шалынысып, ыңыршағы шығып жүрсе де жылда бұзаулайды. Бірақ жылдағысын тайынша кезінде кәдеге жаратып жібереді. Соғымға сояды я болмаса базарға шығарып, ақысына Өкіреш пен әжесі шырттай киініп келеді. Атам марқұм мұндайда бұлқан-талқан ашуланады.

- Мал басын өсірмейсің бе, Әшшә-ау (Өкірештің әжесін бүкіл ауыл солай атайды), жылда сойып жей бергеннен бірдеме шығады дейсің бе? Анау балаң үйленеді ертең, қалың малына да бір қара керек қой, қиналсаң маған бер, мен-ақ ақысыз-пұлсыз бағып берейін Қалағаңның (Өкірештің атасы ) әруағы үшін, - десе де әлгі кісі:

- Тә, жоғал әрі, құдайдың бергені болады, оның бетіне қарап отырғанда не табам, «жарық дүниемнің» тойына жинағаным жетеді деп теңдік бермейтін..

     Біз сабақтан келе салып қора тазалап әлек болып жатқанда, Өкіреш арбасын сүйретіп көшенің басындағы құдыққа бет алар еді. Содан кешке қарай сүйретіліп келе жатқанын көресің. Осы аралықта асық ойнайды. Одан кейінгі міндеті – жалғыз сиырдың алдынан шығу. Мал өрістен қайтар қызыл іңірде кәрі-жас түгел ауыл сыртына жиналады. Үлкендер картаның қызығына түссе, бозбалалар доп қуалайды. Ал біз секілді шикіөкпелер асық ойнаймыз. Арамызда өңкиіп Өкіреш жүреді. Өкірештің менен 4 жас үлкендігі бар. Сабаққа кейде бірге шығамыз, көп сөйлемейді, тек мектепке кірер кезде бірер ауыз тілдесіп үлгереміз. Әңгімені бастайтын мен:

- Бүгін қанша сабақ? Ол басын бір қасып алып, сұраққа сұрақпен жауап қайтарады, сенде ше?

- Төрт сабақ...

- Онда мен үш сабақтан қашып шығам, интернаттың артында (интернаттың арты біздің асяқ ойнайтын алаңымыз)  жолығайық. Айтпақшы қанша асық алып шықтың?

- Он...

- Жалдана алмай қалсам, бересің бе?

Өкіреш өмірі мектепке көп асық апармайды, ары кетсе төрт асық бір сақамен барады, бірақ қайтарда былғары сөмкесінің жартысын толтырып қайтады.

- Берем, дейсің. Өйткені Өкірештің ұтатыны белгілі, ол ұтып жатса өзіне жанкүйер болып отырған біз секілділерге де құдайдың бергені. Бір асығыңды екі асық қылып қайтарады. Сол себепті Өкіреш ойынға кіріскенде біз оның тілеуін тілейміз.. Өзгелер асық атар кезде ішімізден «ала мысық зу-зу», «сүп қарға, сүп қарға» деп қарғап отырамыз.

Мінекей Өкіреш атуға ыңғайланып тұр. Аңға шабар тазыдай танауы қусырылып, көзі шатынап кетіпті. Бас бармағымен сұқ саусағының арасында қызыл сақа ортекедей ойнақтайды. Шиырып-шиырып, сол қолына жиналған асықтарға «шақ» еткізіп ұрды. Бұл әдеті. Енді сала-құлаш бойымен жауар бұлттай төніп барып тігулі асықтарға қызыл сақаны сақпанның тасындай жіберіп қалады. Қызыл сақада қандыбалақ бүркіттей үнемі діттеген жеріне тигіш-ақ. Қазыл сақаның «шық» етіп тиген даусымен Өкірештің бәтеңкесінің топыраққа «қолп» етіп түскен үні қатар шығады. Осы сәтте біз де бейне бір тайымыз бәйгеден келгендей шу ете түсеміз. Біріміз жүгіріп барып шеңбер сыртына шыққан асықтарды қағып аламыз. Өйткені Өкіреш төрт асықтан артық ұстамайды. Айтпақшы өзге балалардың алақанына үшеуі әрең сиғанда, Өкірештің дәу қолына төртеуі еркін еніп кетеді. Өкірештің бір кемшілігі аяғы шамадан тыс үлкен. Әсіресе үш табан ойнағанда қиын. Сол кезде 42 размерлі етік киеді ау, шамасы, оның үш табаны, өзгелдердің бес табанына татитын. Сондықтан ол неғұрлым қатты атуға тырысатын....   

Өкіреш үндемегенмен қулығы бір басына жететін бала. Ойыннан сән кете бастаса, дау тудырып жіберуі оп-оңай. Ондайда көбіне «жұппай» жасайды. Ереже бойынша асықтың бәрін алшысынан немесе тәйкесінен тігуге болмайды, олай болса жұппай болады. Асықты көріп отырған балалар ханталапайға салып талап әкетеді. Оның арты белгілі, қызылкеңірдек дау, тіпті төбелеске де ұласуы мүмкін. Біреу жұппай болған жоқ, біреу болды деп өзеурейді. Ақыры ойын тарқайды.....Өкіреш осы жұппай жасаудың шебері...

Ауылдағы асыққұмар Өкірешке әжесінің ұрысқанын көрмеппін. Өзі ғана емес өзгеге де қатты сөйлетпейтін. Алда-жалда тиісе қалғандар, Өкірешке әлімжеттік жасағандар болса сол күні-ақ Әшша әжеден сыбағасын алады.  Тіпті мектеп мұғалімдері де Өкірешке батып ұрыса алмайтын. Содан болар Өкірештің оқу үлгерімі нашар. Көбейту таблицасын білмей сұрақ белгісінше бүктеліп, тұрғанын талай көргем...

- Асығымның санына жете алмай жүрмін, түстен кейін келіп санап берші, деді бір күні үйге келе жатып. Қуанып кеттім, өйткені оның асығы туралы аңыз көп ел арасында. Оның қай жерде жатқанын өзінен басқа ешкім білмейді. Құмарлығым артып барады.  Әрі асығын санап берсем, ақысына бір сақасын сұрасам деген дәмем де бар. Түстен кейін шарбақтан секіріп түсіп салып ұрып бардым. Қолымда әкемнің есепшоты.

- Өй «бұғалтыр» боп кеткенсің бе деп, бір кекетіп алып, қорасына кіріп кетті. Үлкен бір қанарды мықшыңдап көтеріп шықты. Мол қазына тауып алып, соны санауға кіріскен дүниеқоңыз қарақшыдай отыра қалып жұмысыма кірістім. Сөйтсем мен де ол кезде Өкірештей сауатсыз екенмін. Кешкілік қойларды қораға қамарда бір шұбатқаннан ақ санап тастаушы едім, үш жүзден кейін шатаса бердім.. Әрі Өкіреш асығын ұрлап алатындай «дауыстап санасаңшы, бір емес екі асық лақтырып жібердің» деп, төбеңнен төніп тұрса қайбір жарытасың, діңкелеп кеттім. Ақыры менің шамамды байқады білем, үндемей келіп қанарға қайта салып алды. Мен отырмын қызыл асық, ақ асық, жасыл асықтарға жаутаңдап қарап.

- Бұлар жай асықтар ғой, сақаларым бір бөлек, бірақ олар бұдан аздау, деп қояды мұрын астынан міңгірлеп. Асығын жүзге жеткізе алмай жүрген мен пақырға бұл сөздердің қандай әсер еткенін шамалай беріңіз. Өкірештен бақытты, Өкірештен бай адам жоқ шығар деп ойладым сол кезде.

Үшінші сыныптан төртке көшкен жылы Өкірештің әжесі қайтты. Талайды көрген кейуана бас-аяғы бір апта төсек тартып жатып, ұзынсарының кезінде үзілді. Өкірештің сол кезде өкіріп жылағанын бірінші рет көрдім. Әсіресе қабір басында зарлағаны сай-сүйегіңді сырқыратады. Содан беріде тұйықталып кетті. Ашылып ештеме айтпайды, асық ойынына да баруды тоқтатты. Ас-суы көрші қолаңның мойнында. Бар ермегі тарғыл сиыр мен одан туған қасқа бұзау. Қашан көрсең жем-шөбін беріп, астын тазалап жүргені. Тарғыл сиыр бөтен адамды жолатпайтын шайпау, бастапқыда өзі сауып жүрді де кейіннен түбегейлі суалтып жіберді. Сол жылы күзге салым  әжесінің жылына сойды.

- Байқұс бала әбден бағыпты, ақтарылып түсті, деп келді әжем... кешкілік шай үстінде.

- Жарықтық қасиетті мал екен. Әшша өлген түні мөңіреп шығып еді, бауыздар кезде қыңқ демей жатты деп, атам да қостады құдай қосқан қосағын.

- Кәрі малдың еті қатты болушы еді, мына сиырдыкі құнажындікіндей былбырап тұрып пісті ғой деп әңгімеге араласты, сол жиында қазан-ошаққа бас-көз болған шешем.

- Енді о дүниеде де Әшша апа тарғыл сиырын сауып ішетін болады деп, әңгіменің соңын әзілге аудармақшы болған маған үйдегілер алая қарады.

Со күні, тіпті сол бір аптада біздің үйдің ғана емес, ауылдың әңгімесі осындай болғаны анық. Екі адамның басы қосыла қалса талқыланатын тақырыптың бірі тарғыл сиырдың семіздігі мен Өкірештің өзгеше мінезі. Ауыл адамдарының жанынан шығарып, асырып айтатыны да бар, ұры алып кетпесін деп Өкіреш жанына қонады екен, бұқалар артылмасын деп құйрығына шүберек таңыпты деген қисынды-қисынсыз лепірмелер де болды. Осы лепірменің ішінде маған қиындау тигені Өкірештің екі қанар асығының тағдыры. Жұрттың сөзіне сенер болсам, Өкіреш қырманшы Келгенбайдың баласына асық апарып беріп, арпа алған-мыс. Айырбастаған, яғни. Ол арпамен тарғыл сиырды бордақылаған. Ел-жұрт «өй мына баланың қуын қара» деп басын шайқаса, менің басымды басқа ой кеулейді. Өкіреш өйтпеу керек еді ғой, өйткен күнде де екі қанар асықты түгел бере салмаған шығар. Өзімше өкпелеп те жүрдім. Маған бергенде мен-ақ атама көрсетпей қамбадан жем ұрлап берер едім ғой деген арам ойым да жоқ емес.

Бір күні қойбөлісіне ұзынды-қысқалы болып кетіп бара жатқанбыз, әдеттегіше. Жол ортасына жеткенде «мә» демесі бар ма? Есім шығып кетті. Есің шықпағанда нең қалады, Өкіреш өз қолымен атақты қызыл сақасын беріп тұр. Бұрын бір ойынға бере тұршы дегенге, мұрты бұзылады деп азарда безер болатын қызыл сақаны дәл қазір саған басы бүтін сыйға беріп тұр.

-Асықты қоямын, деп мұрын астынан міңгір етті. Қимасын алыс сапарға шығарып тұрған адамдай. Қызыл сақаны жалма-жан қалтаға сүңгітіп жібергенімді білем, неге деп сұрап үлгермедім.

- Нағашыларымның ауылына көшетін болдым, олар қалада тұрады, асық ойнайтын бала жоқ шығар онда, деп түсіндіріп жатыр. Осы жерде сұраудың сәті келді.

- Екі қанар асығыңды не істемексің?

- Оны жемге айырбастап жібергем...

Бүгінгі диалог осымен бітті. Мә керек болса, сырттай Өкірештің асығына мұрагер болып жүрген арман қиялымның тас-талқаны шықты. Бірақ бір өзі жүз асыққа татитын  қызыл сақа қалтада. Осының өзі мол олжа. «Қызыл тайпақ» атанған, қошқардың шикіл сақасы үшін талай дау болған. Қалай иірсең де алшысынан түсетін, тәйке тұрғаны сирек. Оның осы бір қасиетіне күмәнданып, қорғасын құйылған деп талайлар өзеуреді. Ары-шұқып, бері шұқып, салмақтап көреді. Бірақ Өкіреш міз бақпайтын. Мұны қойшы Асқардың (совхоздың меринос қойларын бағатын) баласынан 100 асыққа айырбастап алғам, «пожалуста» 100 асыққа бәстесейік, елдің көзінше шағамыз деп тап беретін. Ондай «байлар» қайдан болсын, өзеурегендер өзді-өзі күңкілдеп барып, желі шыққан доптай басылып қалатын. Сол қызыл сақа Құдайдың құдыретімен менің қолыма тиді. Ал әжесінің жылын бергесін түп нағашылары (әжесінің бауыры) келіп Өкірешті алып кетті. Өкіреш сол кеткеннен мол кетті, жолымыз қайта түйіспеді. Мен қызыл сақамен ойнап жарытпадым. Басқа бапкерге барғанда жүгірмей қоятын текті жүйрік секілді, қолыма жақпады. Өкірештің саусақтарына арнап жаралғандай үлкендеу екен. Петька қайта-қайта сұрады. Тіпті соңғысында 100 асыққа айырбаста деп жалынды. Бірақ бермедім. Есейгенде әжемнің сандығына салғанмын. Бертінде студент болдық, үйлендік, үй болдық. Қызыл сақа көнетоз аткөрпемен бірге алыстағы ауылдан Астанаға жетті. Со қалпы....Балам асық атуға жарап қалды бүгінде, әсіресе қызыл сақаға құмар. Әйтеуір ол үйіргенде алшысынан түскіш...                                           

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
4.0
26 дауыс
8 пікір
  • Әдеби тілмен көркем жеткізіп, шебер суреттеген. Ауылда асық айнаған кездерімді бейнебір бейнетаспадан көргендей күй кештім. Басын компютерден көтермейтін қазіргі балалар асықтың не екенін де білмейтін шығар.
    Жалғыз сиырын әжесінің жылына арнайы байлап, сойып тастағаны, тіпті сол үшін бар жиған-терген байлығы асықтарын жемге айырбастап жіберген жері нағыз қазақы мінезді сомдаса да, санамды талай ойға еріксіз тартып әкетті. Авторға рахмет! Нағыз рухани тақырыптағы әңгімелеріңізді күтеміз! Қаламыңыз ұштала берсін!
    10 жыл бұрын
  • Әдемі жазылған екен. Елестеп отырды. қазір балалар әдебиеті жандана алмай тұр. Сіз балаларға арнап жазсаңыз, қолыңыздан келер еді деп ойлаймын. Аллаға мәлім. қаламыңыз ұштала берсін!
    10 жыл бұрын
  • Keremet. Shinimende auilda bala kezimdegi asik oingan uakittar esime tusip otrdi. Sonimen katar Okiresh keremet surettelipti. Kalaminiz ushtala bersin aga!
    10 жыл бұрын
  • Иә оқып шықтым. Айтпағым, өзіңздей таланты бар адамдар қазақ әдебиетіне, оның ішінде балалар әдебиетіне үлестеріңізді қосуларыңыз керек! Әрқашанда қаламыңыздың ұшы сынбасын!
    10 жыл бұрын
  • Менің де жинап жүрген азын-аулақ асығым бар еді, былтыр Түркиядан қайтқан кезде қалып қалды.
    10 жыл бұрын
  • Есболат жазган ангiмелердi жiбермей окимын. Ауылды сагындыратын, балалык шакты ансататын туындылар. Барекелдi!
    10 жыл бұрын
  • Әдемі жазылған әңгіме екен. Нағыз қазақы әңгіме.
    10 жыл бұрын
  • Балалық шағым есіме түсіп кетті. Мен де ауылдың баласымын. Балалық шағым есіме түсіп кетті. Өзім де асық ойнап, қолдарым жарылып, қорғасынмен сақа, батпан құйып, қына теріп асық бояп, асық жинайтынмын. Осы әңгімедегілер дәл менің балалық шағымнан алынғандай екен....
    10 жыл бұрын