Қазақ ауыз әдебиетіндегі дін тақырыбы
Қазақ ауыз әдебиетіндегі дін тақырыбы
7 жыл бұрын 3064 Mazhab.kz
Болат Қожахметов, ҚР мәдениет қайраткері

Бұл тақырып бұрын да түрен тимеген тың жердей еді. Осыдан жарты ғасыр бұрын Алматыдағы жалғыз университет – ҚазМУ-де бізге дәріс оқыған әйгілі Мәлік Ғабдуллин де айтпаса, бәлкім, айта алмаса, бүгін де тусырап жатқан даладай фольклордағы діни сарындар туралы жазылған кітапты көрмедім. Мұны сауапты іске балағандықтан болар, тер төгуіме тура келді, қырық жылғы кітаптарыма шұқшиып, бір апта бойы інжу іздегендей болдым.

Осы ретте халқымыздың ауыз әдебиетін алғашқылардың бірі болып зерттеген, әдебиетте аққан жұлдызға теңелген теңдессіз Шоқан Уәлихановтың елі ұмытпас есімін қалайша ауызға алмасқа?!  Төл фольклорымызды бірінші болып зерттеген Шоқанның жолын жалғастырғандар да аз болмады: әрісі - В.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев, берісі – М.Әуезов, М.Ғабдуллин, М.Жолдасбеков. Нәтижесінде ғылыми жүйесін тапқан фольклорымыздың жанрлары тұрмыс-салт жырларынан басталатындығы белгілі ғой. Сонау VIII ғасырдан бері «Құдай – бір, Құран - хақ» деумен түтін түтетіп келе жатқан халқымыздың (әрине, барлығы емес – Б.Қ. ) ерте-ежелдегі салт өлеңдерінің өзінде де мұсылмандық ұғымдар мен ұстанымдар ұшырасып қалады. Мәселен, «Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан», - деп аяқталатын жарапазан өлеңі қандай жағымды?! Немесе Наурыз өлеңдерін алыңыз, онда да діни сөздер бар. Тіпті, жыланмен арбасқанда да Пайғамбарға мадақтау айтқан көрінеді. "Пайғамбардың демінен дегелек келді, шық жылдам!"

Ұлтымыздың ұлы қасиеттерінің бірі шешендік өнер екендігін паш еткен дала ділмарлары да қазақтың Хақ жолын қалай ұстанғандығын өмірде де, өлеңде де көрсете білді. Солардың бірі – Сырым Датұлына хан мынадай сұрақтар қояды:

     Сөз анасы неде?

     Су анасы неде?

     Дін анасы неде?

     Жол анасы неде?

Бұл сұрақтардың үшіншісіне Сырымның қайтарған жауабына қарасақ, «Дін анасы - ұятта», - депті. Мұның «Ұяттың барлығы да қайырлы» (Бұхари мен Мүслим риуаят еткен) деген хадистен ешқандай айырмашылығы жоқ!

      Біреуден алсаң аманат,

    Берсең жақсы – саламат, - деп келетін шешендік толғаудың үзіндісін алсақ, онда, тіпті, Құранның сарыны бар. Аманатқа қатысты көп сүрелердің бірі – мынадай: «Аманаттарыңа қиянат қылмаңдар» («Әнфал» сүресі, 27-аят).

Шешендік сөздердегі діни сарынды үш жүздің рулары таласқан Қасқакөлге қатысты дау кезінде Орта жүздің жауапкері айтқан өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көріп отырмын. Ол былай депті:

     Біреудің ақысына зорлық қылса,

     Мұндай іс ақыретте жаман деген.

Енді ауыз әдебиетінің тағы бір саласы – мақал-мәтелдерге қарай ойысатын болсақ, олардың біразы хадистермен үйлесім табуымен таңғалдырады. Мәселен, «Әр дерттің дауасы бар» (Мүслим, Сәлем, 69) деп басталатын хадис бар. Бұл хадистің нақ осы сөйлемі өзгеріссіз мақалға айналған.

Көбіміз жиі қолданатын хадистердің бірі – «Тазалық - иманның жартысы» (Муслим, Таһара, 1). Айтуға оңай осы хадис те мақалға айналып кетті. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» (Табарани, Хатиб, әл-Аскари риуаят еткен), - десе, халқымыз бұдан да мақал туындатты: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла». Тағы бір тамаша хадиспен ойымды тұжырымдайын: «Шақырылған жерге бармаған адам Аллаға және оның Расулына қарсы келген болады» (Мүслим, Неке, 110). Осы хадистен шығатын үкім мақалға айналғанда былай болып шыққан «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма».

Хадистердің өзегіне тамыр тартқан мұндай мақал-мәтелдер, тізе берсе, тіптен көп.

Әсіресе, Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде күні-түні жырлауға жететін мәтіндерін жаттап алған адам кез келген ауылдан табылатын кесек жанр – эпостарға да діннің ықпалы тимей қалған жоқ. «Қобыландыда»: «Айналайын бір Құдай», «Алланың кең ғой жарлығы» деген жыр жолдары бар, «Алпамыс» болса: «Кешегі өткен заманда, Дін мұсылман аманда», деп басталады. Қобыланды демекші, оның жеңісі де, жеңілісі де діни ұғыммен түсіндіріледі.

Бір қызығы – қырық құбылған әдебиетімізде төңкеріске дейін насихат поэзиясы деген жанр болыпты. Онда имандылық туралы таным-түсінік алақандағыдай анық көрініс тапқан көрінеді.

Айтпақшы, есте жоқ ескі кездегі жоғалған жанрлардың бірі діни сипаттағы әдебиет деп аталыпты. Міне, осы қиссаларға қалайша тоқталмасқа?! Тағы бір қызықты жайт, 1960 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихында» қиссалар ертегі жанрына жатқызылыпты.

«Баяндау» деген ұғымды білдіретін қиссалардың ішінде асыл дінімізді арқауына айналдырған туындылар аз емес. «Жұмжұма», «Салсал», «Зарқұм», «Кербаланың шөлінде», тағы басқалары бар. Тартымды сюжетімен тамсандыратын «Жүсіп-Зылиқа» қандай?! Сондай-ақ «Пайғамбардың дүние салуын» оқығанда көзіңді жас жуып кетеді. «Мен сендерге ислам жолын насихаттадым ба?» - деп сұрақ қойған Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бас изеген жұртшылыққа былай дейді:

     Ажал жетсе, қалармыз әлі-ақ өліп,

     Құдая сауап қылсаң, қаһар төгіп.

     «Айттың сен, - деп, - бір өзің куә боп бақ,

     Айтпады деп жүрмесін менен көріп...»

Осы туындыларды ғана емес, бүкіл фольклорымызды жылдар бойы жинаған В.Радловтың (Фридрих Вильгельмнің) былай деп жазған бар: «Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір «Жұмжұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді».

Кеңестік кезеңде көмулі жатқан қазынамыздай болған діни дастандарды қолымызға тигізген тәуелсіздікке тәубе дейік.

Сөз соңын ата-бабамыз халқымызға дінді насихаттауда ғасырлар бойы кәдеге жаратып келе жатқан көне жанр – айтыспен, оның ішінде діни айтыспен аяқталық. Әңгімені медресе бітірген білімдар әрі ақын ретінде өзі де қисса жазған Жүсіпбек Шайқысләмовтің Шөкей қызбен айтысынан бастайық.

     Шөкей:

     Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,

     Әуелі не жаратты Хақ тағала?

     Жүсіпбек:

     Әуелі нұрды бұрын жаратыпты,

     Молдадан ел ішінде есітеміз.

Бұл ретте Жүсіпбек мынау хадиске сүйенгенін байқар едік: «Алланың алғаш жаратқаны – сенің пайғамбарыңның нұры, ей, Жабир!» (Кәшфул – Хафа, 1 т., 265-266 б.)

Айтпақшы, қызылордалық атақты айтыскер Күдері қожамен сөз сайысына түскен Ұлбике де нақ осы сұрақты қойыпты. Күдері болса мүдірмейді. Бір ғажабы – Ұлбике де шариғатқа жүйрік ақын. Мәселен, «Пайғамбар ат сұрамақ, сүндет екен», - дей келіп, Күдерінің ныспысын сұрайды. Оның меңзеп тұрғаны, әрине, мына хадис: «Бір кісі біреумен танысқанда атын, әкесінің атын және кімдерден екенін сұрасын. Себебі, бұл әрекет жақындықты арттырады» (Тирмизи, Зухд, 53).

Атақты Әбубәкір Кердерімен кездескен татар ақыны Нұрым былай десе:

"Қазағым, сен білмесең, мен айтайын,

Қазақты бір риуаятта «кәпір» деген,"

Қазақ ақыны:

"Кәпір деп мұсылманды діннен шықтың," - деп білімдарлық байқатыпты. Шынында, нақ осындай хадис бар: «Бір адам біреуге «Кәпір» деген кезде екеуінің бірі кәпір болады. Егер айтылған адам кәпір болса, әлгі адамның сөзінің рас болғаны. Ал егер олай болмаса, айтушының өзіне айтқан сөзі кері оралады» (Бұхари, Әдеп, 73). 

Айта берсе, діни айтыстар баршылық: Болық пен Елентайдың, Әсет пен Рысжанның сөз сайысы, тағы басқалары. Есімдері кітаптарға енгізілген олар туралы қайталай бермей, өзім жазып алып, газетке жариялаған Тоғжан мен орынборлық қыздың айтысымен әңгімені түйіндейін. Солтүстікқазақстандық Тоғжан ақынды Құранды жатқа білетін қари ма дерсің?! Оның мына жауаптарына тамсанбау мүмкін емес. Тәуратта тоғыз мың сүре бар, «Әлем тәра кәйфа» деп басталатын сүре Абраһ батырдың Меккедегі соғысы тұсында түскен. Тажжал шыққан кезде бір күннің ұзақтығы бір жылдай болады. Ал кәф пен нұн әріптерінің мағынасын былай түсіндіреді:

     Кәфке үтір жаратқан пәруардігәр,

     Нұныңыздың дахида сәкіні бар.

     Күнфаякүн – бар, тұржағун – жоқ қылушы,

     Берейін саған тауып болса дәркар.

Қағазға түспей, ауызша таралса да, талай ғасырды  артта қалдырған халқымыздың ауыз әдебиетінің тарихы тереңде жатыр. Ең басты айтпағымыз  - әдебиетіміз  ғана емес, бүкіл өмір салтымыз, болмысымыз, тіліміз, дініміз – бәрі де ислам мәдениетінен нәр алған. Сондықтан да дін – рухани діңгегіміз. 

 
0 пікір