«Тәуелсіздік дегеніміз өз тағдырыңды өзің шешудің тарихи мүмкіндігі» депті қазақтың Ақселеуі. Дөп түсіп айтады. Жеті құрлықты жер бетінің ұлттары мен ұлыстары ділгірте құмартып, тынымсыз тілек ететіні де осы мүмкіндік. Жошы ұлысынан бері есептесең алты ғасырдан астам тәуелсіз ел болған Ұлы Дала халқы бодандық жылдары жан-тәнімен осы мүмкіндікке ұмтылып бақты.
Мүбәрак мәтінді хадистерінің бірінде «Дұға – мүміннің қаруы» депті. Осы қарудан да қапы қалмаған қазақтың ата сөзі бұл - «Атаңнан бота қалғанша, бата қалсын», «батамен ел көгерер», «баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас». Ендеше, дегдар елдің өз тізгінін өзі ұстап, өз қотырын өзі қасымағына, бекзада халықтың қай жақсысы дұға қылмады дейсің. Соның бірі - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз.
Бодандық қасіретін жан-тәнімен сезінген бабамыз «Дін ғылымы тағылымы (бірінші әңгіме)» деген жазбасында әр Пайғамбардың басына келген сынақты айта келіп, сол сынақтан Пайғамбарын аман сақтаған Құдайға тілектер айтады. Айтқанда да жай айтпайды, өзгеше бір лепес, айырықша ойлау тәсілімен қазаққа анау-мынауға емес Пайғамбарларға берілген нығыметтей жақсылық сұрапты.
Хазіреті Нұх ғалайһиссаламды тілге тиек ете отырып, «өзіне ерген жарандарымен дүние жүзін қаптаған топаннан етегіне дым тигізбей сәлемет сақтаған Құдай – сенсің! Сол Нұх ғалайссаламның зүриаты – бізбіз. Бізді де сондай дүние жүзін қаптаған пәлекеттен сәлемет сақта!..[1]» деп халықтың аманшылығын сұраса, тағы үш Пайғамбардың өмірін өрнек ете отырып, жер мен елдің жайбырақат, өз билігі өзінде баяшат ғұмыр кешпегенін былайша тілеге екен:
«...Ибраһим халилсымды[2] дұшпанның нәмірудлығының отынан жанар (ианар) күні бір даулама демегің бірлан сәлемет сақтап отты гүлзар угастан қылған Алла – сенсің! Сол Ибраһим халилалланың (халиолла дегені. - О. С.) маттанада болушы қауымлары – бізбіз. Бізді де сондай өзіңе дұшпанларыңның дүние жүзін қаптаған, жанған бізді де сол өрттей пәлесінен сақта!...
...хазірет Мұса пайғамбарды Ферғауындай күшті дұшпаннан құтқарып, неше жыл аққан Ніл дариясынан қақ жарып, түбін құп-құрғақ қылып, өмірінде су көрмеген жердей қылып, өткізіп, бани Исраил жұртының көзін қандай ашып, қуантқан – сенсің! Сол сықылды жер-суымыздан айырылып, не қасқа мен жайсаңымыз дүниенің о шеті менен бұ шетіне кетіп, мал-жан мүкәммалынан биықтияр кетіп, басымыз да, малымыз да, билігіміз де қалмай, өзімізден бәріне жем болған құлдарың – бізбіз! Бізді де сондай төбемізде ойнап тұрған нажағайдың ұшқынындай зәремізді алып тұрған қорқыныштардан құтқарып, бұрынғы құлдарына, бұрынғы зорлық-зомбылық көрген жұртқа берген жақсылығыңды бізге де бер! Бізді де қорқынышымыздан құтқар...
...хазіреті Иүніс ғалайссаламды балықтың ішінің қараңғылығынан, дарияның түбінің қараңғылығынан, түн қараңғылығынан – үш қараңғылықтан бірден құтқарып, жарық дүниеге аман-есен шығарған Құдай – сенсің! Дін билігіміз қолымызда жоқ – бір қараңғылық. Қойнында - қатын[3], күнкөрісі мен жан сақтайтын жер-су билігі қолымызда жоқ – екінші қараңғылық. Өз еркіміз өзімізде жоқ – үшінші қараңғылық. Сол қараңғылықтан бізді де құтқарып, жарық дүниені жаңа көргендей, көңіл раушаншылығына бізді де шығар!...»[4].
«Қатарға қосылғандар – бұрыннан өзі де қосылып тұр. Қатарға қосылмағанды жарылқасаң, бізді жарылқа, Құдай![5]».
Міне, бодандық қамытымен жерінен, билігінен, еркінен айрылып, қыспақта қалған қазақ жұртына тәуелсіздігін өзгеше мақаммен, өзгеше тәсілмен, өзгеше ойлау формасымен сұрайды.
«Ей, пәруәрдігер, бізге, құлдарыңа жіберген елші орнында Пайғамбарларың: «Құдай Тағаланың Құдіреті айтты!», - деп айтып тұр: «Құл сатып алып, азат қылсаң сауап бар!» деп.
Өзіңнің патша екендігің, біздің саған құл екендігіміз – «Айдан жарық, күннен раушан». Құл азат қылған жақсы болатұғын болса, жалған дүниеде тірілік күнімізде бізге да бостандық, басымызға азаттық жарылқасыныңды көрсет, Құдайлығыңды білдір!... Ей, бар Құдая! Уай, Рахман Рахим атлы Патша! Өзің айттың: «Дәрменделердің дәстігірі бол! Сасқан, босқан, қысылғандар, қиналғандарға қолыңның ұшын бер!», - деп. Сондай дәрменділікте қалған: «Сасқан» десең, сасқан; «Босқан» десең, босқан; «Қысылған» десең қысылған, «Қиналған» десең, қиналған, ғажіз ринатуан құлдарың – бізбіз! Біздерге де өзің құдірет қолыңның ұшын беріп, діліңе алмай, фазылыңа ала гөр!...»[6].
Аруағыңнан айналайын Мәшекең сұрағандай Алла бізді үш қараңғылықтан құтқарды да, фазылына алды да.
«Біздің айтып тұрғанымыз түгіл, ойымыздағыны білетін Құдай – сенсің! Ойымызға алғанымызға түгел жеткіз! Мүки-тақи, жетер-жетпес бір нәрсені бетіміздің суын бес төгіп барсақ, пенделерің де береді. Сен – Құдайсың, не берсең мол қылып бер!» деп тілеген екен.
Дұғаны қылсаң осындай қылсаңшы. Бұлай қасқайып, бар жүрегімен иіп дұға қылуға біреудің қауқары, біреудің мысы, біреудің білгені жете қоймас... Білгенге дұғаның әдебі де, рухы да толық қамтылған үлкен бір мәдениет жатыр. Зерделі жанға ұрпаққа жасалған ұланқайыр жақсылықтың бір көрінісі. Методикасы мен мәні туралы сөз бұл жерде артық болар...
Дұғаның қабыл болып, Тәуелсіз ел атанған күнде баябан даланың төсіндегі қастерлі Отанның амандығын біз де Мәшһүр атамызша сұрап, жазбаны аяқтайық:
Уа, Пәруәрдігар! «Жазсақ, жазғанымызға тәубе; азсақ, азғанымызға тәубе; адассақ, адасқанымызға тәубе; жаңылсақ, жаңылғанымызға тәубе; білмесек, білмегенімізге тәубе; қылмасақ, қылмағанымызға тәубе!
Ей, Бар Құдая! ... Ағайын-туғанының ар-намысында – жанын ортаға салып, басын нысанаға байлап, өзін отқа ұрған көбелектей ұрып жүрген ерлердің жолын ашық, жүзін жарық қыл![7]». Әумин!
—————————————
[1] Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. – Павлодар: ЭКО, 2013. 13-том. – 2013. 412 б. 195-бет.
[2] Қолжазбадан аудару барысында араб жазуымен жазылған мәтінде дұрыс оқылып жазылмаған. Көп томдарда арбаша мәтіндерінің тарнскрипциясы дұрыс жазылмаған. Бұл да сондай сөз. «Халиолла» және «Ғалайссалам» деген салауаттың қысқартып жазғаны. (О. С.)
[3] «Қойнында (өз меншігінде) қатыны болғаны болмаса» деген мағынада.
[4] 13-том. 195-196 беттер.
[5] 13-том. 196 бет.
[6] 13-том. 197 бетте.
[7] 13-том. 198-бет.