Кемпірқосақты бәріміз де жақсы білеміз. Жаңбырдан соң көктің жүзіне жеті түстен тұратын әдемі доға жасап, құлпырап шыға келер құбылысты қызықтап өстік. Орыстар оны «радуга» деп атайды. Ал біздің қазақ неге "кемпірқосақ" деп атаған? Осыны ойлаймын да жауап таппай қиналатынмын. Үлкендерден сұрағам, жауаптары мардымсыз болды. Сөйтіп жүріп есейдік. Әп-әдемі құбылыс неге «кемпір» және «қосақ» деп жүргенімде жуықта ескі бір кітап қолыма тиіп, содан жауабын тапқандай болдым.
Балалықта бізге "айға қолыңды шошайтпа" дейтін, байқаусыз шошайтып қалсаң, дереу саусағыңды өзіңе тістеткізетін. Ескі қазақы ырым. Айда "Айман мен Шолпан суға кетіп барады" дейтін әңгімені де еститінбіз. Сондай-ақ айда аспанда тұратын дәу, өзі бай кемпір тұрады дегенді әлгі кітаптан оқыдым. Ерте кезде қазақта осындай да ұғым болған екен. Айға қадалып көп қарасаң, сол бай кемпір сенің кірпігіңді санап қояды, өміріңді қысқартады деген түсінік те болыпты.
Қазақ қозы-лақты бір-біріне байлап, ауыл маңына жаятын болған. Мұны «қосақтап жаю», «қосақ» деп атайды. Міне, кемпірқосақ түсінігі осыдан келіп шығады екен. Әлгі аспанда тұратын бай кемпір өзінің қозы-лақтарын қосақтап, жаңбырдан соң өріске жаюға шығарады-мыс. Кемпірқосақ көрінісінің атауы осыдан шығыпты. Бұл дінге дейінгі ұғым-нанымнан пайда болған атау екен сонда.
Әлгі бір қорқынышты кинофильмдер бар емес пе, «Леприкон» туралы. Леприконның дорба толы алтын теңгелері болады, ол оны кемпірқосақтың астына, бір қиырына жасырады екен дейді ертегіде. Бұл енді өзге халықтардың ұғымы... Ол түсінік те біздің қазақы ұғым секілді өз бастауын әріден алатын болар.
Сөйтіп, кемпірқосақ кемпірқосақ болып келеді. Оның атауына мән беріп жатпаймыз, егер мән берсек оған бұдан басқа, әдемі ат ойлап таңар ма едік, ә? Мәселен: "Мыңтүс", "Түс жолы", "Алқа"" десек ше дегендей. Әй, бірақ оның қажеті шамалы, тіпті керегі де жоқ қой, жай сөз орайында айтып қалып жатырмын, кемпірқосақ атауы арғы заманаларды есімізге түсіріп жатса, бұл да қажет. Мен бұны жалпы көпшілік біле жүрсе, ойға ой жамаса деген пиғылмен түсіріп отырмын.
Және бір қызығы, кемпірқосақ жеті түстен тұрады, көзге сол жеті түстің барлығы бірдей анық көріне де бермейді, бірақ көзге шалынғанының өзі сондай әдемі, жан сарайыңа сұлулықтың сәулесін түсіреді. Живописьте палитраның бетінде жеті түсті араластырып, күрделі түстер туғызасың, егер дейді дәл өлшемін біліп, жеті түсті мыйдай қылып араластыра берсең, түбі ол қоймалжың ағарып, ақыры ақ түске айналады екен!.. Сонда дүниенің басы АҚ, АҚИҚАТ, ХАҺ дегенді түстер де меңзейді. Барлық түстің анасы – АҚ ТҮС болыпты.