Намазды сүюдің үш жолы
Намазды сүюдің үш жолы
5 жыл бұрын 6414 muftyat.kz

Хақ Тағала «ТаҺа» сүресінің 14- аятында:

«Мен Алламын, бұған еш күмәнің болмасын! Менен басқа тәңір жоқ! Олай болса, Маған құлшылық қыл һәм Мені зікір етіп, еске алу мақсатында кемеліне жеткізіп, намаз оқы!», -деген.

Сүйіспеншілік сезімі жүректің түбінен шығатын болса, ғашық болу қиын емес. Әлдекімді я әлденені жақсы көрген кезде жүректе тыныштық сезімі мен эмоциялық тұрақтылық орнайды, ол тұрақтылық болса сарқылмас құштарлыққа ұласады.

Мұсылман пенденің жүрегімен, шынайы жақсы көретін сүйікті амалының бірі намаз болуы шарт.

Алла Тағала:

«Иман келтіріп, иігілікті іс істер атқарған, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыған және зекетті толық бергендерлің Раббыларының дәргейінде алар ерекше сауабы бар. Һәм олар үшін ешбір қорқыныш жоқ және көңілдері әсте ортаймайды»,- дейді.

Бұл өмірдегі сәттіліктің серік болуының құпиясы намазда жатыр. Ақыреттің де кілті намазда. Бізді жоқтан бар еткен Раббымызбен бес уақыт тілдесуге берілген таптырмас мүмкіншілікті біріміз бағаласақ, басқамыз қадіріне жете алмаудамыз. Намазға деген құштарлық берік иманның негізін қалайды.

 

Намазды кемеліне келтіре оқуға тырысу 

 Намазға енді ғана келген болсаңыз, бұл сізге қиын болып көрінуі мүмкін. Тіпті кейде намаздағы қимыл-қозғалыстардың тәртібі мен өзге тілдегі сөздерді есте сақтап, жаттаудың өзі мүмкін емес болып көрінуі ықтимал. Алайда, бұл қате пікір.

Намаз үйрену үшін нұсқаушы немесе нұсқаулық болуы шарт, мәселен, ұялы телфондағы қосымша немесе намаз үйретуші бейнеролик, т.б.

 

Үйіңізде намаз оқитын арнайы орын болуы тиіс 

Намаз – айырықша құлшылық болғандықтан, оған тиісінше құрметпен қараған жөн. Мұсылман баласына кез келген таза жерде намаз оқуына рұқсат, алайда намаз уақытында ойыңызды бұзбайтын, ерекше бір орын болса нұр үстіне нұр.

Үйіңіздің ішінен үнемі намаз оқылатын бір бұрыш арнап қойыңыз. Тіпті өзгелерге сіздің намазға бей-жай қарамайтыныңызды аңғарту үшін қалауыңызға қарай әсемдеп қойсаңыз да болады.

Қабырғасына мешіт немесе ислам каллиграфиясы бейнеленген суреттер іліп, сөреге Құранмен қоса өзге де діни басылымдағы еңбектерді қойып қоюға болады.

Осы бұрышқа қараған кезіңізде Жаратушы мен сіздің араңыздағы ғажайып байланыс есіңізге келсе тіпті жақсы.

 

Намаздың құдіреті 

Намаздың құдіретін сөз етпеске болмайды. Намазға кірген адам намаздан тыс уақытта қандай күйде болғанына қарамастан, құлшылығын аяқтағанша тыныштық пен жайлылық толқынында болады.

Намазға деген сүйіспеншілік шариғат талабына сай, барлық шарттары мен сүннеті кемеліне келе орындалған құлшылық нәтижесінде пайда болады. Яғни, оны үнемі уақытылы, шаршау мен дүниелік кедергілерге қарамастан орындаған кезде дәмі де тәтті болмақ.

Қай намазымыз біздің соңғы құлшылығымыз болатынын білмейтініміз ақиқат. Сондықтан әр кез соңғы рет құлшылық жасап отырғандай күйде болудың пайдасы зор.

Әбу Айуб әл-Ансари: «Бірде Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір кісі келіп:

«Уа, Алланың Елшісі, маған насихат айтшы, бірақ ол қысқа болсын»,- дейді.

Сонда ардақты Елші (с.а.у.): 

«Намазға тұрған кезде, соңғы намаз оқып тұрғандай халде оқы, ертең өкіндіретін сөз айтпа, өзгелердің қолындағыға үміттеніп, көзіңді салма», - дегенін жеткізеді.

Намаз жүректерді жұмсартады. Кез келген қиындықтың шешімін намаздан табамыз. Пенденің жүрегі намазға байланған болса, ол адамның жүрегі Жаратушыдан ұзақтамайды.

0 пікір