Балуан Шолақтың қазасы жайлы тың дерек
Балуан Шолақтың қазасы жайлы тың дерек
11 жыл бұрын 11340
Ақшатай Изахметова

Балуан Шолақ атамыздың туып-өскен жері Ақмола облысының Бұланды ауданы. Астана-Көкшетау бағытында Елтай атты шағын станса бар. Балуан атамыздың соңғы тұрақ тапқан жері, яғни зираты осы стансаның сыртындағы Тастыөзек дейтін шұрайлы қойнауда.  Атамыз көзі тірісінде отаршыл халықпен қатты жауласқан екен. Олар Шөкең өлген соң да тыныштық бермесін сезген елдің үлкендері Қайрақты өзенінің бойына жалған зират орнатып, оларды алдаған.

Жоғарыдағы Тастыөзекке таяу алты-жеті шақырым жерде Қызыл кордон атты ауыл бар. Кезінде бұл жерде ақ патшаның атты жасағы орын тепкен көрінеді. Бертінде ауыл орман қорғаушылардың орталығы болды. Шолақ атамыздың от-ошағы дәл осы ауыл тұрған жер екен.

Балуан атамыздың ауылын былайғы жұрт кезінде «Керей елінің үйсін ауылы» деп атаған. Шолақ атамыздың арғы атасы Есентай деген адам 1850 жылдар шамасында Шу бойынан керей ішіне көшіп келген. Есентайдан Қазанғап туады, Қазанғаптан Жарықшақ, одан Баймырза атамыз туған екен. Ал, Баймырзадан Балуан Шолақ туған. Шолақ атамыздың анасы Қалампыр апамыз Жетпіс деген кісінің қызы екен.

Қалампыр апамыз көп құрсақ көтергенімен содан аман-есен адам болғаны Төлеубай, Тәуекел және кенжесі Нұрмағамбет (Балуан Шолақ) үшеуі ғана.

Ал, балуан атамыздың өмірден қалай өткені жайлы әртүрлі әңгімелер бар. Біреулер: «Оқ тиіп өлді» десе, екінші біреулер: «Соқыр ішектен қаза тапты», - деп жазып жүр.

Осы орайда, өз басым көп ізденіп, ұзақ жыл зерттеу жасап көрдім. Өзімнің ел ішінен естіген-білгендерімді айтар болсам, өмірінің соңғы жылдары Шортан қаласында тұрған және Шолақ атамызды көзі көрген Сәкен Малдыбаев деген қария былай деген еді:

-  Барлығы дәл бүгінгідей есімде, 19 жылдың (1919 жылды айтады) қыс айының соңы болатын, талма түсте біздің үйге Балуан Шолақ келді. Қасында баласы Құдайберген бар. Шөкең атама қарап: "Молдеке, менің қатты қиналып сырқаттанып келе жатқан бетім, сізбен бақұлдасайын", - деп әдейі бұрылдым» деді. Атам қазан астырды. Шөкең жарықтық майлы еттен бір жапырақ аузына салды да: «Сіздің үйден татқан соңғы дәмім осы шығар», - деп орнынан көтерілді. Шанаға отырарда атама қарап: «Молдеке, мені шанаға мықтап байлап, таңып тастаңыз, ауруым қозып қиналсам Құдайберген ие болмай сүйегім жолда қалар» деді. Біз қинала-қинала балуанның айтқанын орындадық. Үш күннен соң балуан дүниеден өтті деген суық хабар келді...

Ал, тірідей шанаға таңылып үйіне қарай беттеген Балуан Шолақ атамыздың жайына келсек. Үйіне аман жеткен күш иесі бәйбішесі Қаныкейге төсек салдырып жатып қалады. Таң атқан соң ағасы Төлеубайды шақыртады. Үйде үрпиісіп отырған екі ұлы – Исажар мен Құдайбергенді және Исажардың әйелі Үмітжанды, тіпті жанындай жақсы көретін немересі Ақжүністі (Исажардың қызы) қосып бәрін сыртқа шығарып жіберіп, жары Қаныкей мен ағасы Төлеубайға былай депті:

-  Алдыңғы жылы жазға қарай менің даладан қатты ауырып келгенім естеріңде болар. Ақбалақтың ну орманынан шыға бергенімде қарсы алдымнан мылтық атылды. Оқ ердің қасына тиіп, әлсіреп барып кіндігімнің төменгі тұсына барып қадалды. Үйге келдім де ішімді таңып жатып қалдым. «Балуан Шолақ қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырып жатыр» деген сөзден қорықтым. Сол міне, ажал болып жабысты. Сендерге айтар өсиетім: сүйегіме басқа адамды түсірмеңдер, ана Сабыр қажыны қасыңа алып Төке өзің атқар. Менің өлгенімді білсе, қара шекпенділерде қарап қалмас. Бұл найсаптар өлігімді қорлаудан тайынбайды. Зираттың бір жағына құпия үңгір жасап, бөлек жерлеңдер де, басқа жерге жалған зират тұрғызыңдар, - депті.

Жарықтық жаны қиналып өлім алқымына тіреліп тұрса да, баяу үнімен қоңырлатып, мына бір шумақтарды айтқан екен:

Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген,
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.

Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, әнге жүйрік, ақын болып,
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар елім-жұртым бақұл болып. 

Көп сәлем жақсыларға болған сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас,
Көз көріп, заманымда бірге жүрген,
Жүріңдер дұға қылып құрбы-құрдас.

Мен бұл әңгімені 1959 жылы нағашы атам Ғаббастан естіп жазып алдым. Нағашы атам жоғарыдағы Қаныкей апамыздың бауыры болатын. Жарықтық апамыз дүниеден өтер алдында, яғни 1934 жылы құпия оқиғаны інісіне айтып кеткен екен. Сондай-ақ бұл әңгімені дәл осы мәтінде Төлеубай атамыз өлер шағында ортаншы ұлы Есенжолға айтып кеткен екен. Есенжол өзінің ұлы Талғатқа әкесінен естігенін жеткізіпті.

Бірақ «ел құлағы елу» дегендей, елдің адамдары балуанға оқ атқан кімдер екенін артынан сұрастырып жүріп білген. Олар қазақты көрсе қаны қарайып тұратын Евшученко, Беляков дегендер екен. Бұл иттер Шөкеңнің өлгенін жыл асқан соң бірақ білген. Зиратын таппай алыс ұрған көрінеді. Аз ғана үйсін ауылының үстіне ат ойнатып, балуанның ұлы Исажарды атып өлтіреді.

Сөйтіп, Шөкеңнің жаны жай тапқан жер бертінге дейін белгісіз болып келді. Оның себебі жоғарыдағыдай. Шөкеңді жерлегенде бірге болған Секен Оспанов деген адам 1943 жылы нақты жамбасы тиген жерді (Қызыл Қордан ауылы) көрсетіп береді. 1999 жылы осы жерге балуанның немересі Шайдолда Шолақов бас болып, аудан халқы ас берді.

Ақшатай Изахметова, зейнеткер-ұстаз
Ақмола облысы, Макинка қаласы

2 пікір
  • қайран арысым-ай орыстың оғы тиген екен гой
    11 жыл бұрын
    • Мақалада айтылған барлық деректер дұрыс. Бірақ бұл жаңа дерек емес. Осыдан бірер жыл бұрын "Намыс.кз","Қасым.кз" порталдарында менің "Балуан Шолақ отаршылдыққа қарсы күрескер, теңдесі жоқ палуан" атты мақалам шыққан. Сонда осы деректер айтылған. Осыған дейін ұлы палуан 1916- жылы дүниеден озған" деген пікірлер айтылып келді. Менің пікірімше де, Бәкең 1919-жылы оқтың зардабынан қайтыс болған. Мен Балуан Шолақтың ең алғашқы түрлі түсті портретін салған адаммын. Оны "Гуугледегі" менің парақшамнан көруге болады. Жұмат
      11 жыл бұрын