Ат тергеудің астарында жатқан сыр
Ат тергеудің астарында жатқан сыр
11 жыл бұрын 6515 islam.kz
Әбунасыр Қайырбек

Қазақта көнеден келе жатқан «ат тергеу» дейтін дәстүрлі ұғым бар. Әуелі халық болып күллі жұртқа құрметті адамның атын атамай жанама ат қойып қадірлейді. Мысалы, «Қажы ата», «Би ата», «Батыр ата» т.б. Келесі бір шарт: жас келін түскен жеріне, күйеуі­нің туыстарына деген ізгі құрметпен оларды өз атымен тікелей атамай, арнайы ишаралап ат қоюы еді. Келін тарапынан осы ат тергеу барысында оның тапқырлығы, теңеу сөздерге шешендігі, жарасымды әзілқойлы­ғы да сынға түсетін болған. Мысалы, қайын ата, қайын ағаларына – саятшы болса «бүркітші ата, аға», діндар адам болса «молда ата, аға», жақсы киінетін, сымбатты адам болса «сері ата, аға», жасына қарай «кіші ата, аға» деген сияқты т.б. ат қойса, қайындарына қалжыңға негіздел­ген, күлкілі аттар да қояды. Мысалы, тапалды «сұңғақ бойлы», жалқауды «пысық қай­ным» деген сияқты.

Осы  орайда, мына бір оқиғаға назар аударсақ: XIX ғасырдың 60-шы жылдары Аякөз-Бақты өңірінде өмір сүрген этнограф-тарихшы Құрбанғали Халид өзінің жазбасында: «Қазақта әйелдер үлкен-кіші еркектің алдын кесіп өтпейтін ғұрпы бар. Жасы кішілер үлкендерге «сен» демек түгіл атын да атамайды. Ата-анасын, елдің үлкендерін атымен атамай құрметтеп, мағынасы бірдей, бірақ басқашалай атаумен атайды. Мұндай ат қоюға шеберлік жөнінде мынадай хикая бар. Бір-біріне жақын туысқан: Қамысбай, Қашқынбай, Қуанбай, Тезекбай, Бұлақбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай, Пышақбай, Қылышбай есімді ағайындыларға бір қыз келін болып түсіпті. Бір күні ауыл маңындағы бұлақтың арғы жағында қамыстың қасында жайылып жүрген бір қойды қасқыр шауып, жаралайды. Оны тезірек қайрақ пен пышақ әкеліп, ауыздап алмаса арам өлетін түрі бар. Бұл оқиғаны көзімен көрген жас келін ауылға былай деп айғай салыпты:  - Ау, халайық, сарқыраманың (бұлақты айтады) арғы жағында, сылдыраманың (қамысты  айтады) бергі жағында, маңыраманы (қойды айтады), ұлыма (қасқырды айтады) жаралап кетті. Жылдaм білеуіт (қайрақ) пен жаныма (пышақ) әкеліп адал орақтап алмаса өлетін түрі бар, - депті (Қ.Халид «Тауарих хамса». Алматы «Қазақстан», 1992 ж. 194-б).

Көрдіңіздер ме, бұрынғы қазақтың келіндері осындай қысылтаяң жағдайдың өзінде қайнағаларының атын атамай жол тауып кеткен. Осы тәрізді тағы бір оқиға 1962 жылы Қытай елінен шекара бұзып, өтіп келген қазақтарды тізімге алу кезінде орын алғанын жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамыз былай деп баяндапты: «Аудандық милиция қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, жаңа келгендерді тізімге алды. Біздің бір жеңгеміз: «Фамилияыңды айт» дегенде, күйеуінің әкесі, яғни қайын атасының атын айтуға ұяты жібермей, күйеуінің атын айтып жіберген екен, оған паспорт сол күйінде келіп, біраз күлгеніміз бар» (Қ.Жұмаділов, «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық роман. Алматы: Тамыр. 1999 ж. 418-бет).

Қазір осы дәстүр бұзылды. Бұған әсіресе жаңа түскен келінді күйеуінің фамилиясына көшіретін заң себеп болуда. Атасының атын айтуға ұялатын келіндерге Совет үкіметі сол атасының атын фамилия етіп тіркеп беріп, ұялмай былшылдатып айта беруіне жол ашты. Осылайша байырғы ұлттық дәстүр құндылықтардың бұзылуынан қазір ата-ене, қайынағаларын сыйлайтын келіндер азайды. Неге? Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан ататаным бұзылды. Яғни, ұяттың орны ауысып кетті. Ұялуға тиіс дүниеден ұялмайтын әдет қалыптасты. Қазақтың «ат тергеу» дәстүрінің астарында ұлы құдірет «Ұят» дейтін ұғым жатқан-тын. Соны жоқ ету арқылы, ағайынгершілік, сыйластықтан ажырап қалдық.

0 пікір