Қазақта, "Құсшының құр әңгімесі" деген сөз бар. Ертеректе ауыл шетіндегі төбенің басында отырып жігіт-желең аңшы, құсбегілердің әңгімелерін тыңдайды. Әңгіменің қызығымен түн жарымына дейін отырып, алған түлкісі мен қояны жоқ, үй-үйіне қайтып келгесін,үлкен кісілер:
-Қайда болдыңдар?- дегенде:
-"Құсшының құр әңгімесін" тыңдадық дейді екен. Сол әңгімелерден айта отырайық.
* * *
Бір әкеміз, аңшы алған аңын айтып, бүркітші құсын айтып тыңдаушыларын шаршатып, жиналған жұрт біріне сеніп, бір сөзіне сенбей жаң-жұң болып жатса:
- Ой, шырақтарым-ай! Жігіттің талабы өрлеп тұрғанда Алла, аспандағыны да алып береді... "Астындағы түйесі қоян алып, қынындағы пышағы түлкі алады"-деп, салады... Отырған жұрт ортаға алып, "ал ақсақал оның мәнісін түсіндіріңіз"- дегенде:
- Қаңтардың айы. Астымда мінген жарап тұрған бурам бар, жолға шықтым. Күн суық, шыңылтыр аяз. Жараған бура аузынан көбік шашып, анда-санда жолдың екі бетіндегі жантақтан орып оттап келе жатқан. Әлден уақытта, баж ете қалған дыбыс шықты. Қарасам жантақтың түбінде жатқан қоянды бірге шайнап тастаған екен. Бураны шөгеріп "Бұйырған олжа"деп, сойып, ішек-қарнын тастап, дорбама салып алдым. Әрі қарай жолыма түсіп, біраз жерге барғанда қынымдағы пышағым жоқ екенін білдім. Қазақ пышақсыз жүрмейді. Аңшы адамның, алған олжасының адалдығы - аузындағы кәлимасымен, кездігінің жүзінде болады. Амал жоқ кейін қайттым. Бағанағы жерге келсем қоянның ішек-қарнын жеген түлкі, пышақтың қан-жыны сіңген мүйіз сабын шайнап, көмейіне тұрып қалып, әуреленіп жүр екен... Оны да ұрып алдым. Сен мейлің, сенбе мейлің өз еріктерің...- деп сөзін аяқтаған екен.