Сырым батырдың ердің құнын сұрап барғандағы оқиғасы
Сырым батырдың ердің құнын сұрап барғандағы оқиғасы
1 жыл бұрын 6165 bilim-all.kz/

Байұлының әлім елінде жүріп бір кісісі өлген екен. Соның құнын алуға Байұлынан байбура Сырым, есентемір Бөкен, қылыш Кестен, шеркеш Арыстанбай, амандық Қаракемпір, шеркеш Асау мен Тұрлан, беріштен Айтуар бас болып, небәрі он екі кісі болып жүріпті. Құн алатын ауыл Бұйырғын деген жайлауда отырады. Оның Ақсуат деген биі бар екен. Ақсуатқа ел тек құн мәселесімен барады екен. Би аулынан екі-үш шақырым жерге жолаушы ат байлайтын ағаш белдемесін жасатып аулына аттылы кісі келтірмейді екен. Байұлының адамдары белдеме ағашқа келгенде, Сырым батыр:

— Бұл ағашқа атты байламайық, екі-үш шақырым жерден жаяу-жалпылап баратын біз әлімге келінбіз бе? Неде болса аулына атпен барып түсейік, — дейді. Ауылға келген соң, Ақсуат би алдарынан шығып:

— Елмісіңдер, жаумысыңдар! Алдарыңда құрулы ағашты көрмей, ауыл үстін тал түсте шаңдатып жүрген не қылған көргенсіз елсіңдер! — деп ақырыпты.

Сонда Сырым батыр ат үстінде тұрып:

— Ел десең, елміз, жау десең, жаумыз. Айдаладағы ағашқа атын байлап аулына жаяулап келетін бізді ұры деп тұрсың ба, не әлімнің келіні деп тұрсың ба? Би, бізбенен дұрыстап сөйлес, — депті.

— Өздерің нешеусіңдер? — депті Ақсуат даусын бәсеңдетіп.

— Он екі ағайындымыз, — депті Бөкен Сырыммен қатарласа беріп. Ақсуат би сонда ауыл жігіттеріне:

— Түсіріңдер, он екі ата Байұлы атқа мінген екен, — депті. Аттан түсіп жайғасқаннан кейін де би сөз қата қоймаған соң, Сырым:

— Би, жөн сұраса отырайық! — дейді.

— Менің не жөнімді сұрайсың? Өз атым — Ақсуат, жерімнің аты — Бұйырғын, әлімнің қаққан қазығымын, маған тірелмей іс кетпейді, — депті.

Сонда Сырым:

— Би, жөн білсең, суатпын деп мақтанба! Су жаманы — суат, қасынан соқпақ кетпейді. Қазықпын деп мақтанба, мүлік жаманы — қазық, басынан тоқпақ кетпейді. Жерім Бұйырғын деп мақтанба! Бұйырғын деген шөп болады, жеген жылқы тоқ болады. Тоқ жылқыны сойылдап аларман айдаса, жоқ болады, — депті.

— Ал, жігіттер, жайларыңа түсіндім, енді жұмыстарыңды айта отырыңдар, — депті сонда Ақсуат би. Сырым тақпақтап:

— Тірі малдың өзі қайтсын, өлі адамның құны қайтсын. Өткен өрелі болсын, Қалған салауат болсын! — депті. Сонда Ақсуат:

— Айтуыңыз рас, Байұлының бір кісісі бізден өлуі рас, Ердің құны мың қой, үлеске келсе, үй басына бір қой, не қысырақ. Адамыңның құны қырық қысырақ, айыбы қалы кілем жапқан қара нар болсын, — депті. Байұлы осыған келісіп, бітісіп қайтыпты.

0 пікір