Қазақтың қыран баптау әдістері
Қазақ құсбегілері бүркітін кез келген уақытта аңға салмайды, оның арнаулы мезгілі болады. Сондай-ақ бапсыз құсты да аңға салмайды. Қыранды әдетте құсбегілер күй талғайтын және күй талғамайтын құс деп екіге бөледі. Күй талғамайтын құсты қолға үйретіп қайырып болғаннан кейін аң-құсқа сала береді. Ал күй талғайтын құсты қайыру біршама ұзаққа созылады. Негізінен құсты қайырып, баптау күздің соңғы, яғни қараша айынан басталады. Құсқа алдымен малдың етін суға шылап майын, сөлін кетіріп ақжем береді. Мұны құстың семіз-арықтығына қарай 10-15 күн шамасында жегізіп, етін қатырады. Жарай бастаған құсқа қоя салынады. Мұндағы мақсат – бүркіттің жаздай жеген азығының асқазандағы қалдығын түгелімен құстырып, тазалау.
Мысалы, қамыстың үлпілдек басын суға шылап, жіппен буып домалақтап жасалған қамысқояны етке қосып жұтқызып жібереді. Қойдың жүнін домалақтап жүнқоя немесе өсімдікті пайдаланып шөпқоя жасап жұтқызуға да болады. Еті арымай тұрып алған немесе түзден ұсталған асау немесе күйшіл құстарға кейде қылдан жасалған қылқоя салынады. Бұл қояның ең мықтысы. Аттың, жабағы тайдың жалынан жасалады.
Құс қоянды жұтқаннан кейін семіз құстар екі күнде, ал бабына жақындаған құс бір тәулікте қайта құсып тастайды. Сол кезде қоямен бірге құстың асқазанындағы жалын, жалқая, қорытылмаған сүйек-саяқ бірге түседі. Бүркіттің бабы келіп, тәбеті артады. Жемге тез ұмтылғыш келеді. Сондай-ақ кәнігі құсбегілер құсының қанат-құйрығын, басы-мойнын, санын сылап-сипап денесіндегі қытықтарын кетіріп, өзіне үйірсек етіп көндіреді.
Тәрбие алған құс иесінің шақырған дауысын танып, алыстан өзі ұшып келіп, қолына қонатын болады. Қыранның бабына келген, келмегендігін байқау үшін шырғаға түсіріп көреді. Кейде құсбегілер тұңғыш бау ашатын құсының бабын шыңдау үшін түлкінің ініне түтін салып немесе қақпан құрып ұстау арқылы тірі түлкіні өрелеп, аузын тұмылдырықтап қоя беріп, бүркіттін дәніктіреді. Бабына келген құс сапқының тасындай атылып, шырғаға түседі. Ал бабына келмеген құстар томағасын тартсаң да тіленіп ұшқысы келмей тартына береді. Мұндай бүркіттерді иесі бабына келгенге дейін жаратып әуіреге түседі.
Ал, түз бүркітті қолға түсірген құсбегі оны алдымен жуасытады. Бұл іс аса қажырлықты және көп еңбекті талап етеді. Түз құсы өте кекшіл келеді. Қолға түсіп қор болған күйін көпке дейін ұмытпайды. Сондықтан да оған өте мейірімді болу керек. Қолға үйренбеген асау құстың үстіне, жон арқасына, қанаттарының астына салқын су бүркіп, болмаса сығымдап қар немесе кесек мұз жұтқызып қанын салқындатады. Алда-жалда асау бүркіт көнбей тұмсық жұмсап, я болмаса тырнақ салса, құстың мойынын бұрап ажыратады.
Семіз күйлі кезінде қолға түскен түз құсы көпке дейін берген жемді жемейді. Сондықтан оны сарытап болғанға дейін күту керек. Тым арықтатуға да болмайды. Құстың еті ортайғанда төс, сан сүйектері былқылдап босайды. Егер де ашыққан түз бүркіт май жұтатын болса, қарымы қайтады, ентікпе дертіне ұшырайды. Осыдан сақ болған жөн.
Түз құсын алғаш тұғырға отырғызарда ортанғы саусағынан іле ұстап, қондырған дұрыс. Қолға қондырғанда да осылай жасау керек. Әдетте, бүркітті оң қолға қондырып, сол қолмен томағалайды. Тағы бір ескеретін жағдай бүркіт қолға үйренге дейін саусақтарын үнемі жазып, тарап отыру керек. Әйтпесе, шеңгелі қарысып қалады.
Құстың иісін кетіру: Түз құсының иісі болады. Қолға үйрету үшін осы түз иісін кетіру керек. Ол үшін құсты суға тоғытуға болады немесе көңге аунатады. Кейде құстың денесін сабындап жуатын да әдіс бар.
Атқа алып жүріп үйрету: Құсты қолға толық үйрету үшін атқа алып жүру керек. Егер де көнбей қырсықтық танытса, құсты балдаққа мінгізіп (құс отыратын оң қолдың тіреу ағашы) атпен шапқылайды. Аттың шабысы шаршатқан құс өзінен-өзі жуасиды.
Шақыруға үйрету: Құсты ашықтырып барып шақыруға үйретеді. Ол үшін аңның сан етін тәтті бүркіп жегізіп үйретеді. Оны бір-екі жұлғызып, дәмін таттырып алып, алыстан көрсетіп шақырады. Дәндеген құс өзі ұшып келетін болады. Тәжірибелі құсбегілер бүркітін көкке самғатып жіберіп, қажет кезінде ат үстінде жүріп-ақ шақырып ала береді.
Шырғаға үйрету: Аң терісінен жасалған шырғаны ұзын жіпке байлап, сүйрейді. Шырғамен бірге жемде болады. Шырғаға алғаш түскен құсқа жемнен ауыз тигізіп дәндетеді. Кейде үлкен аңның терісін ұсақ аң жабулап қоя береді. Сөйтіп, құсты үлкен аңды алуға баулиды.
Құстың ұйқысын алу немесе ырғаққа отырғызу: Құсбегілер бүркітті «қолбала» және «түз бүркіт» деп екіге айырып атайды. «Қолбала» деп балапан кезінде ұядан алып, қолға үйреткен құсты айтады. «Түз тағысы» немесе «түз бүркіт» деп, есейіп ұшып жүрген жерінен қолға түсірген құсты айтады. Түз бүркітті бағындыру оңайға түспейді. Көк аспанда еркін самғап үйренген түз тағысы намыстан құсаланып өліп те кетеді. Өлмегеннің өзінде ашу шақырып, бағынбай отырып алады. Ондай асау бүркітті бағындыру үшін құсбегілер ырғаққа отырғызу әдісін қолданады. Ол үшін арасы 2-3 метр болатын екі қазықша немесе діңгек орнатады. Қазықша-діңгектердің арасына арқан тартып, жіптің тура бел ортасына ағаштан бүркіт отыратындай балдақ жасайды. Осы балдаққа асау бүркіттің басына томаға кигізіп отырғызады.
Құсбегі адам бүркіт отырған балдақ ағашқа немесе көлденең тартылған арқанға қосымша жіп байлап, оны қозғап ырғақтатады. Ырғақ кезінде құлап қалмас үшін бүркіт балдақ ағашты қыса түседі. Қыса-қыса тегеуіріні шаршап, әбден қалжырайды. Одан кейін адамдар бірінен соң бірі кезектесіп ырғақты үзбей, тіпті екі-үш күнге дейін созады.
Ұйқысы қашып, қатты шаршаған бүркіт миы шайқалып құсады, ақырында есінен танып құлайды. Сол сәтте иесі, яғни құсбегі оны өзінің шапанына орап қояды. Орулы шапанның ішінде есін жиған түз тағысы сол сәттен бастап өзінің еркін бұрынғы өмірін толық есінен шығарып, ұтытады. Анадан жаңа туғандай күй кешеді. Бойына шапанның иісі сіңіп, бұдан былай сол иістің иесіне мәңгілікке бағынып қалады. Міне, бұл қазақтардың түз тағысын бағындыру үшін ойлап тапқан көптеген әдістерінің бірі.
Құсбегілер ақпанның 15-інен кейін бүркітін аң-құсқа салуды тоқтатады. Мұндағы себеп – жабайы аң осы мезгілде үйекке түседі. Қазақ ұғымында буазданған аңды аулауға болмайды.