ҚҰДАЙДЫҢ БАРЫН КЕРЕК ЕТТІРЕР 3 СЕБЕП
ҚҰДАЙДЫҢ БАРЫН КЕРЕК ЕТТІРЕР 3 СЕБЕП
1 ай бұрын 4731
Аударған Абдулла Самға, islam.kz

1. ҒАЛАМДАҒЫ РЕТТІЛІК ПЕН ТӘРТІП.

Дүниеміздің мәні туралы ой жүгірткенде, табиғаттағы су айналымынан бастап, Жердің Күнді айнала қозғалуына дейінгі барлық нәрседе реттілік пен тәртіпті көреміз. Ғаламдағы тәртіптілікті түсіндіре келе физик Стивен Хокинг былай деп өтеді:

"Ғалам туралы неғұрлым көп білсек, соғұрлым бәрі рационалды заңдылықтармен басқарылып отырғанына көз жеткіземіз".[1]  

Ғалымдардың басым көпшілігі бұл пікірмен келіседі. 

Ғаламда тәртіп бар болса және ол "ғылыми заңдармен" реттеліп отырса, біз былай деп сұрақ қоюымыз керек: мұндай реттілік пен тәртіп қайдан пайда болды?

Бұл сұраққа жауап берудің ең тиімді жолы – ең дұрыс қорытындыға қол жеткізгенге дейін пайымдап, зерделеу. Мысалы, қолыңыздағы телефоныңызды алалық. Ол шыныдан, пластмассадан және металдан жасалған. Шыны құмнан, пластмасса мұнайдан, металл жерден өндіріледі. Елестетіп көріңізші, сіз шөл далада (жерде мұнай, құм және металл көп жерде) серуендеп келе жатып, жақын маңнан телефон тауып алдыңыз. Айдаладағы жатқан сол телефонның өз бетімен құралғанына сенер ме едіңіз? Әлде күн сәулесін түсірді, жел соқты, найзағай ойнады, жер бетінен мұнай көтеріліп, құм мен металл араласып, соның нәтижесінде телефон кездейсоқ құралды ма? 

Мұндай түсініктемеге ешкім сенбесі анық. Ұялы телефон белгілі бір мамандардың ұйымдасуымен құралған нәрсе екені даусыз, сондықтан оның құрушысы бар деп айту қисындырақ болмақ. Сол сияқты, ғаламдағы ғажап тәртіптілікке қарап «ғаламды да Жаратушысы Тағала аса шеберлікпен құрады» деу қисынды емес пе?

Ғаламдағы үйлесімділік Құдайдың бар екенін жақсы түсіндіреді. Ғаламдағы тәртіпті қамтамасыз еткен - Құдай. 

2. ҒАЛАМНЫҢ БАСТАЛУЫ

Егер бірдеңе бастауы жоқ мәңгілік болса, оған жаратушы керек емес деуге болады. ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін көптеген физиктер ғаламның әрқашан да бар болып келді деп есептеді. Егер ғалам әрқашан бар болып келген болса, бастауы жоқ болған болса, онда оған жаратушы керек болмас еді. 

Алайда, ғалымдардың космологиялық теориясы бойынша Ғалам шамамен 14 миллиард жыл бұрын "Үлкен жарылыс" деп аталатын ғарыштық оқиғаның нәтижесінде пайда болған.[2] 

Ойлап қараңызшы, әлдебір қатты жарылысты естідіңіз де, "ол қайдан келді?" деген сұрақ қойдыңыз. Сонда ол сұраққа: «бұл жарылыс "жоқ жерден" пайда болды және "жәй ғана кездейсоқ болды» деген жауап сізді қанағаттандырар ма еді? Әрине, жоқ! Сіз сұрайтын едіңіз: "Мұндай қатты жарылысқа не себеп болды?" деп.

Логикалық тұрғыдан алғанда "Үлкен жарылыстың" да себебі болғаны қисынды. "Үлкен жарылыстың" болуына бір себеп бар болса, ол себепке не себеп болды деп сұрауыңыз мүмкін, ал ол себептің себебіне не себеп болды т.т. осылай себептер шынжырын сұрай берер едік. Алайда бұл (себептің себебі, оның себебі т.т.) осылай мәңгі бақи жалғасуы мүмкін емес. Себептер - ең бірінші себепте тоқтауы тиіс. Оны мына мысалмен аша түселік:

Елестетіп көріңізші, өз нысанасын тапқан мерген базаға оқ ататындығын ескерту үшін телефон соғады. Базадағы адам мергенге жоғарыдан рұқсат сұрағанша күте тұруын айтады. Содан кейін бұл жоғары тұрған тұлғалар одан да жоғарыдағылардың рұқсатын сұрайды және т.т. осылай жалғаса береді. Егер бұл мәңгілікке жалғаса берсе, мергеннің нысанаға оқ атуы мүмкін бе? 

Әрине, атуға еш мүмкіндігі де, уақыты да жетпес еді. Мергенге оқ атуға мүмкіндік беретін жалғыз нәрсе – егер біреу оған басқа ешкімнен сұрамай-ақ атуға рұқсат берсе ғана. Ол кісі мергеннің оқ атуына себепкер болған әуелгі себепші саналмақ. Сол сияқты «Үлкен жарылыстың» да түпкі себебі болуға тиісті. 

Және де бұл түпкі себептің өте күшті болуы керек деген қорытындыға келе аламыз. Өйткені ол бүкіл ғаламның пайда болуына әкелді. Сондай-ақ, ғаламды реттейтін «ғылыми заңдылықтардың» пайда болуына себепкер болған болса, аса ақылды да болуға тиісті.

Сонымен бірге, түпкі себеп - материалдық болмауы керек және ол уақыт пен кеңістіктен тыс болуы керек, өйткені уақыт, кеңістік және материя "Үлкен жарылыстан" кейін пайда болды. Түптеп келгенде, ол (түпкі себеп) ешбір себепсіз бар болған болса, ол (түпкі себеп) мәңгілік болмағы ләзім. 

«Түпкі себептің» осы қасиеттерінің барлығы жаратушы Құдайдың болуы керек екендігін түсіндіреді. Құдай – Ғаламның жаратылмаған, материалдық емес түпкі себебі. 

3. АДАМНЫҢ ТАБИҒАТЫ

Дүние жүзінің тарихында адамдардың көпшілігі Аллаға сенген. Шамасы, мұндай сенім инстинкттік деңгейде бар, яғни ол бастапқыда адамның бойына сіңген және оны сенуге талпындырады. 

Соңғы онжылдықта кішкене балалардың Құдайға деген туа біткен сенімінің бар екенін дәлелдейтін таңғаларлық деректер анықталды. Бұған қатысты Оксфорд университетінің антропология және ақыл-ой орталығының аға ғылыми қызметкері Доктор Джастин Барретт былай дейді: 

"Соңғы 10 жыл ішінде жүргізілген ғылыми тәжірибелердің басым көпшілігі балалардың ақыл-ойының табиғи дамуына біз ойлағаннан әлдеқайда көп нәрсе қаланғанын көрсетті, оның ішінде табиғат әлемін жоспарлы түрде бар деуге және маңызды деп санауға бейімділігін және өмірдің бар болуының түбінде қандай да бір ұлы ақыл тұр деп сенуге бейімділігін атауға болады»...

Доктор Джастин сөзін жалғай келе:

"Егер біз бір топ баланы аралға жіберсек және олар онда өздері күн көрсе, балалар Құдайға сенер еді" дейді.[3] 

Басқаша айтқанда, «неге адамдар Аллаға сенеді» деген сұраққа Доктор Джастиннің берер жауабы: «Біздің санамыз соған програмдалған» деу болмақ.

Құдайды жоққа шығару адам үшін табиғи емес нәрсе. Болмысынан тыс дүние. Оксфорд университетінің психологы, доктор Оливера Петрович, дін психологиясының маманы былай деп тұжырымдайды:

«Құдайға деген сенім табиғи түрде дамиды, ал атеизм болса, күмәнсіз кейіннен қалыптасқан ұстаным».[4]

Сонымен Жаратушыға деген бұл табиғи сенім қайдан пайда болды? Біз оны қоғам үйретеді деп айта алмаймыз, өйткені бұл сенім туа біте бар болады әрі зерттеулер оның мәдениетаралық екендігін көрсетеді және әлеуметтік қысымға тәуелді емес екенін көрсетеді.[5] Адамның табиғатындағы Құдайға деген сенімнің ең дұрыс түсіндірмесі: «Құдай оны адамдарға салған» деу болмақ. 

Бұл мақалада сіз Құдайға сенудің мәнін түсіндіретін үш түрлі себеппен таныстыңыз. Құдай сенімі тек логикалық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге адам табиғатының бір бөлшегі болып табылады.


 

[1]Энтони Флю «Бог есть: Как самый знаменитый в мире атеист поменял своё мнение».
[2]Дерек Райне «Введение в космологию (Астрономия и Астрофизика)»
[3]Джастин Л. Барретт «Почему кто-то будет верить в Бога?»
[4] Доктор Оливера Петрович «Детская теория мира»
[5] Джастин Л. Барретт и Джонатан А. Ланман «Наука религиозных убеждений».
islamreligion com

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: