Қазақстанның қай аймағында болмасын жүйріктерді жақын жерге және алыс қашықтықтарға – аламанға шабатын деп екіге бөліп айтады. Кейде жақын жерге шабатындарды тыз етпе – ұшқыр десе, алысқа шабатындарды – қыза шабатын аламан-бәйге жүйрігі деп жатады. Ал Баян Өлгий қазақтарында жүйріктерді түрге бөлудің бірнешеуі ежелден қалыптасқан, кейде жеке сыншылардың да өзіндік жүйесі болады. Бірнеше атбегілердің сөзіне қарағанда: жалпы, жылқыны үш түрге бөледі:
Ақалақ жылқы – жауға мінетін ат шығады, жауға мінетін жылқы бұқпа болады.
Ақсақал жылқы – жүйрік тұлпарлар осы топтан шығады. Бақал (мұзбүйрек) жылқы – ең төменгі топ, шабан, шобыр аттар. Мал қайырып мінуге, жүк тасуға, шаруаға пайдаланылады.
Ақсақал жылқы 10 түрге бөлінеді:
Арқар жүйрік – ой-қырға бірдей жүгіреді.
Жейран жүйрік – ой-қыр демей шабады.
Қоян жүйрік – өрге шабады, арты биік, алды аласа келеді.
Түлкі жүйрік – жазыққа шабады.
Күдір жүйрік – күшті, өрге шабатын жүйрікті тауға-тасқа жүгіретін күдір аңға ұқсатқан. Екі мықын – жая мен қабырғаның ортасы бір сүйем ғана болады (сүйем бас бармақ пен сұқ саусақтың арасы), ал жазыққа шабатын жүйріктердің жая мен бұғанасының ортасы бір қарыс (бір қарыс шамамен 20 см). Күдір жүйрік құйрығын көтеріп шабады.
Шаңтимес – бірден шаба жөнеледі, зу етіп алға шығады, тыз етпе, ұшқыр.
Аламан жүйрік – алдыңғы атты қуып жетіп, басып озып отырады, алысқа шабады.
Төңірек жүйрік – бұрқырап шабады. Төңіректі кейде «тесік өкпе» деп те атайды. Екі өкпесінің тұсындағы орайының ортасындағы тесіктен, аяз күндері бу шығып тұрады. ХІХ ғ. аяғында Семей аймағына атағы шыққан Көкшағырдың, Аягөзде атақты Ақбайталдың өкпелерінде тесік болған.
Желбегей – алдыңғы екі аяғы ширатылған арқан тәрізді елестейді, артынан қарағанда шабынған бураның артындай төңкерілген тұрпаты ұзын, шойыннан құйғандай келісті келеді. 10. Қызбел (босбелбеу) – жайран бас, көзі отты, мінезі ұшқалақ, жеңілтек. Жал-құйрығы жұқа, құндыздай жылтылдаған жұмсақ жүнді. Ұшасы мен төбе сүйегі биік, түлкі тұмсық, теке мұрын, танауының ауқымы тар. Қызбелдер бәйгеге келмейді, нағыз көкпардың аты.
Созақ елінің (Оңтүстік Қазақстан) атбегілері бәйге аттарын үш топқа бөледі:
Арынды жүйрік – шуу дегенде жарқырап алға шығады, көзге тез көрінеді. Оны ұшқыр деп те атайды. Арынды жүйріктердің бағы көкпарда жанады. Салым салатын аттар сол арынды жүйріктер тобына жатады.
Ағынды жүйрік – бірқалыпты, ағып шабатын жүйрік. Ол алғашқы шабысынан танбайды, ұзаққа сілтейді, аламан бәйгеде көзге түсіп, көпшіліктің мақтауына ілігеді.
Сарынды жүйрік – үдемелі жүйрік, айқай-шуды естігенде, дүбірлі шабыс тақалғанда еліре-екілене шабатын, құлағын үнемі сарынға тігіп отыратын, бүйірі дуда қызатын жүйрік. Мұндай жүйріктер қолға сирек түседі.
Қазақстанда жылқыны пайдаланылуына және жүрісіне қарай түрге бөлу кездеседі. Мұны ең алғаш байқап жазған М. Бабажанов. Автор қазақ жылқылары: берік, жүрдек, жүйрік (жүйрікті үшке бөледі: ұшқыр, қарғыншыл, аламан-жүйрік), аяңшыл, жорға. Бұл жерде М. Бабажановтың ұшқырын Моңғолия қазақтарының шаңтимесімен, қарғыншылды қызбелмен шендестіруге болады. Күні бүгінге дейін жүйріктердің топқа жіктелуі әлі толық қалыптасқан жоқ деп айтуға болады.