Халқымыз ғасырлар бойы жаугершілік жағдайда өмір сүріп, өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға мәжбүр болған. Ел мен жердің қамы үшін ат үстінде күн кешіп, қолындағы бес қаруына сеніп жауының құтын қашырып, мысын басқаны ауыздан-ауызға таралып бүгінге жетті. Алайда қазіргі жас ұрпақ ата-бабаларының осынау әскери қару-жарақтарының көптеген түрінің атауын да ұмытып бара жатқандай. Сондықтан да біз бүгін қазақтың жаугершілік замандағы киім-кешектері, қару-жарақтары туралы қолжазбалардан ықшамдап беріп отырмыз.
Ақ көбе – Батырлар киер ақ сауыттың көп түймелі түрі. “Тоқсан баулы ақ көбе, Тоғысқан жерде кигенмін”. Бұл батырлар киген ақ сауыттың көп түймелі түрі. Қазақ әдебиетінде кездесетін сауыт түрлері: бадана, берен, зере, көбе, кіреуке, торғауыт.
Адырна — өгіздің жон терісінен жасалып, садақ ағашының екі басын иіп ұстап тұратын керме қайыстың атауы. Осындай иі қанған теріден жасалғандықтан, садақ серіппелі болып, жебесі алысқа ұшады. Этнографтар адырна түркі, моңғол тілдеріндегі «адар», «адыр» сөздерімен төркіндес», — дейді.
Айбалта – ежелгі Египет заманынан бері белгілі соғыс қаруы, өткір де айбатты. Айбалта Орта Азия мен Қазақстанға 14-15 ғасырда кеңінен тараған. Оның алғашқы үлгілері Батыс пен Шығыстың көптеген елдерінің қару-жарағында ұшырасады. Қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безейді. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдірге байлайды.
Аймауыт – жауынгерлердің (сарбаздардың) ұрысқа шығарда оқ өтпеуі, қылыш жүзі батпауы үшін үстіне киетін сауыты. Ол асыл болаттан шытыр торлы етіп соғылады. Соғылуы қиын. Кез-келген батыр тауып, кие алмаған ұрыс киімі. Аймауыттың шынжыр торы денеге батпас үшін ішінен киіз кебенек киіледі.
Алдаспан –
1. Семсердің бір түрі. Жекпе-жек шайқа- ста қолданылатын қару бол-ғандықтан әрі салмағының ауырлығына байланысты оның қыны болмайды, батырлар шайқасқа қолға ұстап шығады. Сол себепті алдаспанды күшті, қарулы батырлар ғана пайдаланған. Алдаспанды белге байлайды немесе иыққа асып алады. Ол семсер, қылыштың ішіндегі ең асылы. Батырлар жырында бір сілтегенде қара тасты да қаққа бөліп, қиып түсетін алдаспандар көп суреттелген.
2. Өрмек жабдығын да алдаспан деп атайды. Ол ағаштан қылыш етіп жасалады. Бұл құрал кілем өрмегіндегі тартылған күзе- удегі жіпті күзеусіз астыңғы жіптен бөліп, арқауға түсіріп, қағып отыру үшін қажет. Мұны соғыс қару-ымен шатастырмай, білген артық емес.
Алмас қылыш – соғыс қаруы. Болаттың ең асылынан соғылады. Қазақ батырлары асынған бес қарудың бірі – осы алмас қылыш. Наркескен алмас қылыштың аңызға айналған түрі. 1861 жылы Злотоуста орыс инженері Аносов қазақтардың ертеде пайдаланған алмас қылыштарының өте өткір болу- ының бір сыры суару тәсілін-де, болатты салқын күйінде соғуында екенін анықтап, сондай алмас қылыштарды орыс жауынгерлеріне жасатқан.
Ақберен –
1. Асыл болаттан жапырақ торлы етіп соғылған батырлар сауыты. Оны қылыш кеспейді, найза теспейді, одан садақ оғы өтпейді деп сипаттайды.
2. Болаттан құйып жасалынған ұзын ұңғылы шиті мылтықтың да атауы – ақ-берген. Мұндай мылтықтың оғы алысқа ұшады, дәл тиеді. Әрі мылтықтың салмағы ауыр болады. Оны «сирақты мылтық» деп атауының сыры: ұңғысының ұш жағында ашалы таянышы бар.
Атпа найза – ол әрі аңшылық құралы, әрі соғыс қаруы болып саналады. Оның ұзындығы мен салмағы кәдімгі найзадан қысқарақ, жеңіл. Қазақтар мұндай найзаны жаққа салып атқан (лақтырған). Атпа найза жоғары палеолит дәуірінде-ақ қолданылған. Оның сол кездегі ұшының тастан, сүйектен жасалғаны белгілі. Атпа найзаны ертедегі мексикандықтардың да, бразиялықтардың да, папуастардың да пайдаланғандығы жөнінде деректер бар. Ол садақтың шығуына негіз қалаған тәрізді. Тарихта римдіктердің де жаяу әскерлерін атпа найзамен қаруландырғаны жөнінде деректер көп. Атпа найзаны бүлдіргесіз лақтырғанда 30 метрге, бүлдіргімен лақтырғанда 70 метрге жетеді. Орта ғасырларда атпа найзаны Еуропа мен Ресей де қолданған. Атпа найза – қыпшақтардың әскери қару-жарақтарының ең көне түрлерінің бірі.
Аша – бұл найзаның ежелгі түрі. Болаттан екі айыр етіп соғылады. Екі айыр тармағының арасы 10-15 сантиметр, ұзындығы 30-40 сантиметр болады. Сабын қайыңнан жасайды. Ашаны қарсы шыққан жауды шаншып, аттан құлату үшін қолданады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде әскери қару-жарақтың бір түрі ретінде сарбаздар қолына ұстап, жазалаушы отрядтармен шайқаста оларға қарсы алып шыққан.
Берен – Болаттан жасалған батырлар киімі. Болат тақталары астарына іш жағынан бекітілген тақталы сауыт.
Бадана – аймауыт, ақберен тәрізді батырлар киген темір сауыт. Сақина торлы етіп жасаған. Етек-жеңінің ұзын да, қысқа да түрлері бар. Шығыршықты кіреуке сауыттың көзіне асыл темірден дөңгелек жапырақ бастырма соғылған түрін «бадана» немесе «бадана көзді кіреуке» деп атайды.
Бесқару – ертеде батырлар бойына асынған қарулардың жалпылама атауы. Қазақтардың бесқаруы: қамшы (дойыр), сойыл, шоқпар, найза, жақ (садақ). «Ер қаруы – бес қару». Сойылдың орнына қылыш немесе айбалта да асынған. Бұйда пышақ – бұл да қару саналады. Сабы сүйектен, мүйізден, ырғай-дан жасалатын жетелі ұзын пышақ. Сабының мойнын жез, мыс, күміспен әшекейлейді. Осылай жасал-ған пышақты қазақтар «Сарымойнақ пышақ» деп те атайды. Білте (пілте) мылтық – қазақтардың өздері жасаған, мақта білтемен от алатын, серіппесіз мылтығы. Оның бір түрі Мәскеудің тарихи мұражайында көрнекі жәдігер ретінде сақтаулы тұр. XVI-XVIII ғасырларда жоңғар басқыншыларына қарсы шайқаста көп қолданылды, көп жасап шығарылды. Білтелі мылтықтың ең ұзыны, әрі ауыры – «шамқал», ең алысқа тиетіні – «күлдір мамай» деп аталады.
Гүрзі – темір шоқпар. Ертеде ол әрі аң аулау, әрі соғыс құралы болған. Бұл атау парсы сөзінен шыққан. Палеолит дәуіріндегі алғашқы адамдардың негізгі құралы болған сойылдың күрделі түрі. Ол салмағы ауыр, мықты ағаштан жасалып, жуан басы қоламен, кейін темірмен қапталып қолданылды. Гүрзі бертінде билік етудің құралына айналды.
Дулыға – батырлардың ұрысқа шығарда басына киетін темірден жасалған бас киімі. Дулығаның екі жағы мен артқы етегіне темір тор ілінеді. Ол адамның мойны мен иығын тымақ тәрізді тұтас жауып, қылыш, оқтан қорғайды. Жақ – сырт түрі малдың жақ сүйегіне ұқсас, оғы алысқа ұшатын, көлемі садақтан үлкен және серпер ағашы жуан, садақша иілген тұсы сірі таспамен орап қапталған соғыс қаруы. Оғын уығы деп атайды. Оны «жай» (найзағай) деп атап, ерекше қастерлейді.
Жебе – садақ оғының масағы. Алғашқыда оны өте берік кремний тасынан, кейін қоладан, темірден жасап оқтың ұшына қадаған. Темір жебелер XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін қолданылды. Жаудың жолына құрылатын тікенекті темірдің де атауы – жебе.
Жамшы – жамылғы. Желең жамылатын тон.
Жеке ауыз – бір ғана оқпен атылатын мылтық. Оны бір ауыз, қанды ауыз, жезді ауыз, берен деп те атай береді. Жеке ауыздың бөлшектерінің атауы: құндақ, оқпан, шүрпі, шаппа, сирақ. Оған оқты аузынан салып атады. Жеке ауызды ертеректе қазақ ұсталары қолдан соғып жасаған, дейді зерттеушілер.
Жыға – соғыста басқа киетін сауыт. Төбесі үшкір, маңдай алды адамның қасына дейін түсіп тұратын, желке жағына бір жарым қарыстай шынжырлы баулар мойынды айнала тағылатын бұл бас киімді батырлар, жасақтар киген. Зере – үстіге киетін сауыт. Ол садақ жебесі өтпейтіндей етіп, шынжырлап тұрып жасалады. Зерені жауынгерлер бір қабат киімнің үстінен киеді. Кеуде тұсында жүректі садақ оғынан қорғап тұратын екі бөлек табақша қалтқысының атауы «шарайна». Бұл сауыттың зере аталуының себебі: ол мыс, қола, жез, күміс тәрізді жалтырауық шығырларды үзбелестіру арқылы жасалады.
Зұлпықар – Шығыста аңызға айналған, киелі, қасиетті саналған қылыш. Әр халықта ол жөнінде әртүрлі қызық әңгімелер, аңыздар бар. Қазақ халқында кең тараған аңыз-әңгімеде Әзірет Әліге «Дүлдүл» деген сәйгүлікті, «зұлпықар» деген алмас қылышты Алла Тағаланың өзі сыйға тартқан деп баяндалады. Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) туралы қисса-дастандарда зұлпықар жиі айтылады. Зерттеушілер «тарихи шындықта зұлпықарды Әзірет Әліге Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар тарту еткен», — дейді.
Көбе – кебенек сыртынан киілетін темір сауыттың бір түрі. Оның екі түрі бар, олар былай жасалады: 1. Жүректі, білекті, тізені, иықты садақтың оғынан, қылыштан қорғау үшін жалпақ темірден жасалады. 2. Бүкіл кеудені қорғау үшін тырнақ көбесіне ұқсас қола, мыс, алтынды қобылап, қатпарлап тізіп, немесе темір шынжырларды біріктіріп, көйлек тәрізді етіп жасалады.
Көзе сауыт – соғыс киімі. Одан садақ оғы, найза ұшы, қылыш жүзі денеге өтпейді. Ол көбінесе бас киім, қалқан, кеудеге қақтаған шар айна, білекке, тізеге жабатыны қыш қоруыштар түрінде жасалады.
Кіреуке – ерте замандағы соғыста батырлар киген оқ өтпес сауыт. Оның басқа сауыттардан өзіндік айырмашылығы бар. Ол кеудесінде, арқасында, бі- лек үстінде темірден немесе көзеден жасалған шараларының (шарайнасының) болуы.
Қалқан – шайқасқанда найза, қылыш соққысынан, садақ оғынан қорғану үшін қолға ұстайтын құрал. Металл қалқанды алғаш рет б.з.б. екі мыңыншы жылдарда ежелгі ассириялықтардың пайдаланғаны жөнінде деректер бар. Бұрындары төрт бұрышты, дөңгелек, жарты цилиндр тәрізді, жүрекше, астауша үлгідегі де қалқандар болған. Шығыста көннен, қоладан, ағаштан, темірден жасалған дөңгелек қалқандар кең тараған. Қазақтардың ертедегі қару-жарағында осын- дай дөңгелек қалқандар қол-данылған.
Қалжуыр – садақ оғының бір түрі.
Қаттама –қаттау, көкірекше. Қалың кездеме.
Қанжар – екі жүзді, ұшы өткір, қысқа сапты қару. Оны болаттан соғып жасайтындықтан өткір, мықты болады. VI-XII ғасыр-ларда қанжар жасау Түрік қағандығының Қашқар, Бала-сағұн, Шаш, Отырар тағы да басқа қалаларында кеңінен өрістегені жөнінде деректер бар. Қазақ хандығында жасақтар қанжарды ықшам қару ретінде пайдаланған. Қанжарға күміс, алтын жалатып, сабын әсемдеп те белге таққан.
Қозы жауырын – сауыт бұзуға арналып жасалған садақ оғының ұшы (масағы). Ортасы қырланып, екі жүзді етіліп жасалады. Болат жебе масағы әбден кепкен еменнен, самырсыннан, қамыстан жонған оқтың ұшына бекітіліп, атылады. Қозы жауырын жебені ататын құрал-қос жауырын садақ. Мұндай садақпен қозы жауырын оқты әбден жаттыққан, қарулы батырлар, жасақтар атқан.
Қорамсақ – садақ оғының сауыты. Оны белге байлап немесе иыққа асып алады. Қалың көннен жасап өрнектейді. Қорамса ішінен екі қатар көлденең таспа тартады, оған жебелерді қатарлай тізеді. Оқтың алуға оңай болуы үшін жебенің кірісі төмен қаратылады.
Қылыш – имек келген, өткір жүзді, үшкір, шабуға, шаншуға лайықты қару. Ол негізінен, атты әскер қаруы болып саналады. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мың жылдықта қылышты әр елдің әскері қолданған. Болат қорыту ісі игерілген соң Орта Азияның көшпелі елдерінде, Шығыс Еуропада VIІІ ғасырда болаттан жасалған қылыштар пайда болды.
Мылтық – аң аулауда, соғыста қолданылатын қару. Алғашқы мылтық дәрісінің құпиясын арабтар қытайдан біліп, ХІІ ғасырда оны өндіріп, оқ-дәрі жасаған. Мылтықтың алғашқы түрлері қазақтардың арасында пайда болған мерзімі – ХV-ХVIІ ғасыр. Мылтықтың шиті, бытыралы, білтелі, шүріппелі, опырмалы, қос ауыз, жеке ауыз, көкберен, бесатар тәрізді түрлері бар.
Найза – бүкіл әлем халықтары аң аулағанда, соғыста қолданады. Қадалғыш, лақтырмалы қару. Ол палеолит дәуірінде пайда болып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне дейін қолданылды. Найзның әскери қару ретінде кең тараған кезі – темір ғасыры. Қазақ батырлары мен жауынгерлерінің де қаруы шашақты, темірден үшкір ұшы бар, ұзын найза болды.
Наркескен — өткір қылыштың айрықша түрі. Оның басқа қылыштардан өзіндік айырмашылығы бар. Ол: наркескеннің асыл болаттан екі жүзді етіп жасалуы, сабының сүйек немесе мүйізден қондырылып, алтын, күмістен бедерлендірілуі. Ертеде наркескенді хандар, жоғары биліктегілер, хас батырлар ұстаған. Хандар айрықша сыйлық ретінде наркескенді баһадүр батырлары мен қолбасшыларына сыйға тартып, оларды ұлықтап отырған.
Оқшантай – оқ-дәрі салатын арнайы қалта. Оқшантайды қазақ зергерлері сапиян былғарыдан жасап, айналасын шашақтаған. Ол белбеудегі шығыршыққа ілінеді.
Садақ – жебемен ататын қару. Садақты мезолит дәуірінен ХІІ ғасырға дейін, кейбір халықтар ХХ ғасырға дейін пайдаланып келді. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, тағы да басқа қатты ағаш шыбықтарын иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақты сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталып, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағып әзірлейді. Күрделі садақты кең қолданылған аймағы – ежелгі Шығыс елдері. Қазір садақ тартып, мергендік сынасу – спорттың бір түрі.
Сауыт – біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықта Ассирияда пайда болып, кейін барлық елге тараған киім дейді зерттеушілер. Біздің ата-бабаларымыз – сақтар да, қыпшақтар да сауыт жасаудың шебері болған. Қазақта: «Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ» деген мәтел бар.
Сойыл – қол қаруы. Алып жүруге ыңғайлы, жеңіл. Ұзындығы 2-2,5 метр, диаметрі 6-7 сантиметр қатты ағаштан жасалады. Әбден кеуіп, көп ұсталғанын «қақ сойыл» деп атайды.
Шоқпар – қол қаруы. Оны түркі халықтары көне заманнан бері қолданып келеді. Ол сойылдан қысқа, бас жағы жұмыр болады. Шоқпардың бас жағын темірмен де қаптайды. Бас жағына қорғасын құйып жасалатын да шоқпар түрлері бар.
Томқап – (темір томақап) – көшпелілердің қорғаныс киімі.
Зәнжір – жіңішке шынжыр. Одан бұрын күнде, бұғау жасалған. “Мойнындағы зәнжірін қылымен бұрап сындырды” (Алпамыс батыр).
Кәзинек – Пышақтың, қылыштың әдемілігі үшін жазылының не сабының дүміне көбіне күмістен қақталған метал.
Толғау – орау мағынасында толғамалы найза, толғамалы мылтық, толғамалы балта. “Толғамалы ақ балта, Толғамалы ала балта қолға алып” (Доспамбет).
Үйкек – Оттан түсірілген қазанды орнықтыру үшін астына қоюға дөңгелетіп жасалатын тұғыр.