Тілдің тарихын зерттеуде қашанда кірме сөздердің орны ерекше екені жасырын емес. Әсіресе, осы бағытта шығыс тілдерінің соның ішінде араб, иран кірме элементтерінің орны ерекше. Олардың маңыздылығы мен актуальдылығы бүгінгі күнде де өз құндылығын жойған жоқ.
Қазіргі таңда араб, иран элементтерінің лексикалық ерекшеліктерін зерттеулер жайлы бір қатар келелі еңбектер бар екені анық. Бұл мәселеде шетелдік шығыстанушы ғалымдар мен түрколог ғалымдар және өзіміздің отандық ғалымдарымыз еңбектерін атап өтуге болады. Араб, иран элементтерінің түркі тілдеріне ықпалы жайлы жазылған А.К.Боровков, Н.К.Дмитриев, Б.Я.Владимирцевтің зерттеулеріне қоса, С.С.Майзель, С.Н.Иванов, Ф.А.Абдуллаев, У.Кумісбаев, Х.Назарованың диссертациялық жұмыстарын ерекше атап өткен жөн.
Түркі тілдерінің құрамынан кең орын алған араб, иран сөздерінің фонетикалық, морфологиялық және грамматикалық формалары жайлы жан-жақты қарастырылған еңбектер жеткілікті. Бұл ғылыми еңбектердің көрсеткіші саусақпен санарлықтай болса да, олардың түркі тілі лексикасын зерттеу тарихында өте маңызды орны бар.
Қазақ тіл білімінде араб, иран сөздерін алғаш қарастырған Г.Жәркешова мен С.Талжановтың мақалаларын атап өтсек, ғылыми тұрғыдағы алғашқы диссертация Л.З.Рустемовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі араб-иран сөздері» деген еңбегі аталады [1].
«Араб, парсы тілдерінен енген кейбір сөздер туралы» мақаласында Г.Жәркешова тіліміздегі кірме сөздер қысқарып барып, жігін білдірмей бірігіп кету процесін сөз ете келе шаһзада, самұрық, абдесте, мұрап т.б. сөздеріне талдау жасайды. Онда ол тіліміздегі біріккен сөздерге лексикалық сараптама жасай отырып, бірігетін сөздердің сыңарлары бастапқы тұлғаларын өзгертіп, олардың арасынан не соңынан жекелеген дыбыстар немесе буындар түсіп қалып, компоненттер өзара кірігіп, жігін білдірмей кететіндігін атап көрсетеді. Бұл тек қана түркі тілдеріне ғана емес араб және парсы тілдеріне де тән құбылыс екенін айтып өтеді. «Бірігу процесі қазақ сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздердің арасында да жиі болып отырады. Мұның өзі тіліміздегі сөз тудыру тәсілінің бір саласы екені мәлім»-деп келтіреді[2].
С.Талжанов «Араб тілінің әсері» деген мақаласында араб мәдениетінің тарихына шолу жасап, ислам дінінің тарихы мен таралу жолдарын қазақ сахарасына діннің келуіндегі жағдайлармен байланыстара отырып, мұсылман діні Сарыарқаға тек ХІХ ғасырдың екінші жарымында ғана келіп кіре бастаған тәрізді деп келтіреді. Қазақ сахарасына бұл дін екі жолмен кеп тарады, оның да бірін ел арасына келіп дәріс берген татар, башқұрт молдаларымен байланыстырады.
Шындығында, ислам діні Оңтүстік өңірде мықтап дамыды. Ал Шығыс, Батыс пен Орталық Қазақстанда мұсылман діні сол кезеңде әлі сіңе қоймағантұғын. «Көшпелі қазақ еліне батыстан, Түркістаннан араб дінін арқалап, кітаптарын көтеріп қожа-молдалар келді. Солардың біреуі, бір де болса, білегейі Шортанбай Қанайұлы еді. Ол ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Сарыарқаға келді. Ал сол Шортанбай келген кезде Сарыарқада шаруашылық жағдай қандай еді»-деп тарихи жағдайлармен байланыстыра келе араб тілінің тілімізге әсерін сөз етеді [3].
Осы шығыс елдері сөздерінің қазіргі қазақ әдебиеті мен ауызекі тілінде қолданылып жүрген элементтерін әр түрлі аспектілер арқылы талдау жасап, зерттеу барысында тілімізде қолданыс тауып жүрген араб, иран сөздерінің алатын орнын, қолданылатын салаларын, семантикасын, этимологиясын, фонетикалық және грамматикалық өзгерістерін ғылыми тұрғыдан дәлелдейдтін келелі еңбек-Л.З.Рустемовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері» атты монографиялық еңбегі [4].
Еңбектің басты ерекшелігі негізінен араб, иран сөздерінің семантикалық, яғни мағыналық жағынан өзгеріске ұшырауындағы ерекшеліктерге ерекше назар аударады. Онда кірме сөздердің ауысу процесінде болатын мағыналық өзгерістердің үш түрін атап көрсетеді: «біріншіден, араб-парсы тілдерінде көп мағына беретін сөздердің алғашқы мағынасы қазақ тіліне ауысқан соң тарылып, енді бұрынғысынан гөрі аз ұғымды білдіретін болып қалады. Екіншіден, араб-парсы тілдерінде тар, азғана ұғымды білдіретін сөздердің қазақ тілінде кең мағына беретін элементке айналып кетуі. Үшіншіден, араб және парсы тілдерінен ауысқан сөздер кейде өзінің алғашқы мағынасын жойып, мүлдем жаңа мағынаға ие болады» [4].
Соңғы он жылдың көлемінде араб, иран тілдерінен енген сөздерді зерттеу мәселесі қазақ тіл білімінде кеңінен қарастырылып келеді десек артық айтқандық емес. Алайда олардың обьектісі түрлі болып келетінін атап өту керек. Олар әр кезеңдердегі жазба нұсқаларды немесе олардың қолдану аясына байланысты қарастырылады. Араб, иран кірме сөздеріне зерттеу жүргізген Ж. Есеналиева Абай шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігін негізге алып, Абай шығармаларындағы сөздерге лексикалық талдау жасайды. Абай шығармаларындағы араб, парсы кірме сөздерінің саны 1000-ға жететінін айтып, өз ойын жалғастыра келе: «Олар- қазақ тіліне ерте кезде сіңісіп, жиі қолданатын сөздер. Бұл топтағы сөздердің бәрі дерлік қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне бай үлкен өзгеріске ұшыраған адал, абырой, айна, парыз, уайым, хабар, хал, шілде, ыза т.б. мысалдарды келтіре отырып, бұл тәрізді араб, парсы сөздерін Абай жалпы халықтық тілден алғаны анық»-деп ой түйеді [5].
Ж.Есеналиева негізінен Абай шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің қолданылуына лексикалық талдау жасауды мақсат еткен. Ол «Абай тілі сөздігі» бойынша жүргізілген. Онда зерттеуші осы сөздік негізінде жіберілген кемшіліктермен олқылықтардың орнын толықтыруды қарастырады.
Араб, иран сөздерін зерттеудегі келесі бір еңбек Б.Жұбатованың «Қазақ қиссадастандарындағы араб, парсы сөздері» деген диссертациясы. Зерттеу барысында зерттеуші ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ қисса-дастандарының тіліндегі араб, парсы элементтеріне лингвистикалық сипаттама береді. Зерттеуші қисса-дастандар тілін кітаби тіл дәстүрі негізінде қарастырып кірме элементтердің қолданылуына ерекше назар аударады. «Кітаби тіл дәстүрі кірме элементтердің жөнді-жөнсіз қолданып, тіл тазалығы мен мәдениеті деген мәселелеріне қайшы келіп отыратын тұстары болғаны рас» екенін сөз етіп, «Жалпы, қай тілде болмасын, өзге тілден енген кірме элементтерді пайдалану белгілі бір зәруліктен қажеттіліктен туындайтын, басқа жол болмағанда ғана жүгінуге тура келетін тәсіл. Ал кітаби ақындар белгілі бір себептерге байланысты, өзге тілдің лексикасын шамадан тыс көп пайдаланып отырған. Бірақ бұл элементтердің бірқатары актив лексикаға еніп, қазақ тіліне жатсынбай қабылданса, енді бірқатары пассив лексикада қалып қойған, бүгінгі жұртшылыққа мағынасы түсініксіз күйінде қалып отыр»-деген тұжырым жасайды [6].
Ал ХІ-ХІІ ғасыр әдеби ескерткіштеріндегі араб элементтеріне зерттеу жасаған Г.Құлназарова салыстырмалы түрде бірнеше құнды деректер келтіреді. Ол ХІ-ХІІ ғасыр әдеби ескерткіштері мен қазіргі қазақ тіліне ортақ араб сөздерінің тұлғалық, мағыналық, мазмұндық ерекшеліктерін аша отырып, көне тіл мен жаңа тілдің арасындағы кірме сөздер саласындағы айырмашылық пен ұқсастықты саралап көрсетеді. ХІ-ХІІ ғасыр әдеби ескерткіштерге және қазақ тіліне ортақ болып келетін араб сөздерінің фонетикалық, морфологиялық, семантикалық ерекшеліктерін айқындайды. Нәтижесінде ХІ-ХІІ ғасыр ескерткіштерінде қолданылатын 505 араб сөзінің ортағасырлық М. Қашқаридің «Диуани луғат ат-турк» нұсқасында да сопылық дәуірдің өкілі болған Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметінде» де кездеседі деп көрсетеді. Осылайша ХІ-ХІІ ғасырдағы «Құтадғу білік» пен «һибат-ул хақайық» әдеби ескерткіштері мен қазіргі қазақ тіліне ортақ араб сөздерінің нақты ара-қатынасын ашып, оған сипаттама береді [7].
Соңғы жылдары араб, иран кірме сөздерінің зерттелуі жаңа бір бағыт ұстанып, түрлі деңгейде зерттелуде. Ол зерттелудің мақсаты мен обьектісі қазақ тіліндегі араб, иран сөздерінің лингвистикалық дәрежесін нақытылай түсері сөзсіз. Бұл тұста Г.Бүркітбайдың «Қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінде арабизмдердің лексикографиялануы» диссертациясын атап өтуге болады.
Г.Бүркітбай қазіргі қазақ тіліндегі арабизмдердің лингвистикалық дәрежесін нақтылай отырып, түсіндірме сөздіктердегі арабизмдердің сөзтізбе құрамын анықтау, олардың дефинициясын сипаттап, лексикалық мағыналарын құрылудың ерекшелігіне қарай талдау жасайды. Қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінің құрамы мен құрылысы жан-жақты зерттеліп, ондағы арабизмдердің лексикографиялық ұстанымдарына сай зерттеудің тұжырымын жасай отырып, мынандай мәліметтерді ұсынады: «он томдық ҚТТС-та 67 мың атау сөз қамтылса, оның ар. этимологиялық белгі сөзі қойылғаны-472; бұлардан басқа ир. этимологиялық белгі сөзі жаңылыс қойылған немесе ар. ир. белгі сөздері қатар қойылған арабизмдер саны-67, ар. белгісі мүлде қойылмаған 388 арабизм бар екені нақтыланып, барлығы 783 арабизмге талдау жасалды»-дейді [8].
Ал Ә.Әбдірахманның «Құран Кәрімдегі тұрақты тіркестер мен термин сөздердің қазақ тілінде берілуі» диссертациясында Құран Кәрімнің қазақ тіліне аударылуы алғаш қарастырылып, аударма тәсілі, аудармашылық шеберлік, аудармадағы сөз қолданысы жайлы кеңінен сөз болады. Бұл жұмыста бұрын-соңды қарастырылмаған Құран Кәрімдегі діни терминдердің, жай және тұрақты сөз тіркестері мен фразалық тіркестердің аударылу тәсілдері-негізгі нысан ретінде алынады.
Қазіргі қазақ тіл білімінде араб, парсы кірме сөздерінің тарихи ену себептері, лексикасемантикалық түрлері, ондағы тұлғалық өзгерістер жайлы біршама зерттеулер бар. Бірақ бүгінгі таңға дейін Құран Кәрім элементтері арнайы зерттелмеген. Сондықтан еңбекте Құраннан тілімізге енген араб сөздерінің фонетикалық өзгерістерге енуі мен европалық тілдерден енген кірме сөздермен тіркесулері жеке-жеке қарастырылған. Құран Кәрімдегі сөз тіркестері тақырыптар бойынша топтастырылып, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тұрғыдан талданған [9].
Бұл жалпы алғанда еліміз егемендік алғанан кейін ұлттық дәстүрімізбен бірге келе жатқан өз дінмізбен қайта қауышқан заманда оны зерттеудің түрлі жолдары ашылып, жанжақты зерттеліп келе жатқанының бір көрінісі. Осы тұрғыда тек қана тіл ғылымында ғана емес ғылымның түрлі саласы бойынша зерттеліп жүргенін тілге тиек ету керек. Кешегі кеңес өкіметі тұсында тіліміздегі араб, иран тілдерінен енген кірме сөздер жайлы жеке қарастырылмады. Қарастырылғандарының өзі «араб-парсы кірме сөздері» деп әр түрлі тілдік топтарға жататын тілдер бірге қарастырылып келді. Тілдік құбылыстарды зерттеу барысында ең алғаш тілдің тарихына көз жүгірту мәселесі алға тартылса, онда сан ғасырлық ұлттың тарихы мен бірге тілінің тарихы, дәстүрі қатар жүретінін ұмытпау керек. Араб, иран сөздерінің тлімізге кірігіп қалыптасуы, олардың лексикалық қорға әсері, грамматикалық құрылымы мен лексикалық топтарын анықтау жайлы жоғарыда аталған ғылыми еңбектердің болғаны өте маңызды.
Алайда араб тілінің кірме сөздерін сөз етсек болғаны оған парсы тілі дегенді қоса алатынымыз барлығы белгілі. Парсы тілі дегенде осы иран тілі сөз етіледі. Бірақ парсы тілі иранның барлық тілін қамти алады ма? Бұл нақтылы шешімін таппаған сұрақ. Өйткені белгілі өлке (иранның бір бөлігі) болып қалыптасқан парсы атауы (тайпа атауы) өзінің қолданыстағы мағынасын кеңейте келе үлкен бір мемлекет атауына ұласқан. Сол үлкен мемлекеттің аты, тарихы, әдебиеті, мәдениеті, тілі де сонымен аталған. Сол себепті парсы дегенде мүмкін сол иран тілін бір тіл деп қабылдаған дұрыс болар. Ал тілшілердің қолданысындағы араб-парсы деп жүргендері мүмкін арабтанған парсы сөздері болса керек.
Жалпы, қазақ тіліндегі шығыс элементтері соның ішінде араб және иран тілдері туралы сөз болғанда, біздің ғалымдарымыз осы күнге дейін «араб-парсы» деп қосарлап айтып келеді. Бұл шынтуайтқа келгенде, дұрыс емес. Өйткені араб тілі мен парсы тілі ешқандай туыс тілдерге жатпайды. Араб тілі семит, ал парсы тілі болса үндіевропа тобына кіреді. Сондықтан оларды туыс тілдер сияқты (-) дефиспен қосарлау орынды болмаса керек. Әрине, кейбір араб сөздері парсы тілі арқылы немесе парсы сөздері араб тілі арқылы қазақ тілінің сөздік қорына енгені рас. Бірақ араб тілінің өз тарихы, иран тілінің өзіндік жасалу тарихы барлығы жасырын емес.
Сондай-ақ араб және иран елдері де, өзгелер тәрізді ғасырлар бойы алыс-жақын, көрші мемлекеттермен экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынас жасап келді. Тіпті, бұл екі тілдің өздері де бір-бірімен араласып-құраласып кеткен деуге болады. Мәселен, парсы тілінің сөздік құрамының жартысынан көбі араб сөздері. «Бірақ бұған сүйеніп, ол екі тілді «араб-парсы» деп қосарламай, араб және парсы сөздері деп бөліп айтқан ләзім»- деп Ж. Есеналиева да ерекше атап өтеді. Сондықтан ол өз зерттеулерінде араб, парсы деп екеуінің арасын үтірмен ажыратып екі тіл екенін көрсетіп қарастырады [5].
Осы айтылған пікірді Г.Бүркітбай да қолдайды. Ол «тіл білімінде араб-парсы кірме сөздері түрінде қолданылып жүрген ұғымды араб және иран тілдерінен кірме сөздер түрінде қалыптастырғанымыз абзал»-дейді де, «... кейбір еңбектерде «араб-парсы» түрінде дефис арқылы жазылып жүрген араб және парсы кірме сөздерін, біздің ойымызша, «арабпарсы» деп қосақтауға болмайды. Жоғарыда тоқталғанымыздай, бұлардың ұқсастығы тек жазуында ғана»,-деп ұғынуымыз керек деген тұжырым жасайды [8].
Осыған орай алдағы уақытта бұл мәселелер өз шешемін табады дегіміз келеді. Өйткені тіл ғылымының бүгінгі жетістігі осыны талап етуде. Бұл тілдердің әрқайсысы жеке-жеке тіл ретінде қарастырылып, араб тілі жеке, иран тілі жеке тіл ретінде зерттеу нысанына алынса, онда қазақ тіл білімінің саласындағы араб, иран тілдерінің зерттелуі өз қатарын толықтырған болар еді.
Рас, араб, иран тілдерінің тілімізге әсері жайлы күні бүгінге дейін түрлі деңгейдегі еңбектер мен ғылыми мақалалар жарияланып жүр. Олардың көтерген мәселелері түрлі бағыттарды қамтиды. Мақсаты мен міндеті де біркелкі емес. Сол себепті тілімізге сіңісіп кеткен араб, иран сөздерін ғылыми тұрғыдан зерттеу әлі жалғасып келеді. Өйткені олар түрлі себептерге байланысты лексикалық қордан орын алған.
Кірме сөздердің мағыналық қолданысын қарастыру өте актуальді. Кейбірі бастапқы тұлғасын сақтап қалса, кейбірі сыртқы формасын өзгертіп тілімізден орын алған. Алайда тілімізде қолданылу барысында мағыналық өзгеріске түскен немесе сол сөзден жеке дербес лексикалық единица болып қалыптасып кету табиғаты да кездеседі. Бұл құбылыс кірме сөздердің семантикалық даму сипатын нақты анықтаған жағдайда ғана анықталады.
Шындығында да, кірме сөздер болсын мейлі өзіміздің төл сөзіміз болсын көп ретте біз лексикалық мағынасына емес грамматикалық мағынасына негізгі көңіл аударамыз да, ал лексикалық мағынасы зерттеліп, толық анықталмай қалатын жайлары кездеседі. Нәтижесінде сол мағынаны бұрмалап өзгеше ой түйіп, кейде айтайын деген ойды нақты бере алмай жататынымыз бар. Олай болса кез келген сөздің мағынасына зерттеу жасау мейлі ол төл сөз болсын, кірме сөз болсын өте маңызды.
Сөз мағынасы нақты, әрі толық, ең негізгісі түсінікті болуы керек деген анықтаманы негізге алсақ, онда сөз мағыналары дұрыс ашылу қажет. Бұл ретте алғаш сөздің бейнелеп тұрған затты немесе құбылысты нақты ұғыну керек. Сонда ғана сөздің анықтамаларын түсіне аламыз. Ал кірме сөздердің семантикалық, мағыналық өзгерісінде болатын жайкүйі жайлы сөз еткенде алғаш олардың түп мағынасына назар аудару қажет. Араб, иран сөздерінің түп төркіні көп мағыналы (полисемиялық сөздер) болып келеді. Сондықтан араб, иран сөздері көп мағыналы деп танылады. Мысалы, араб тілінде حديث) хадис) сөзі- 1) сөз, сөйлесу; 2) сұқбат; 3) әңгіме; 4) Мұхаммед пайғамбардың (а.с.у.) айтқан өсиеттері мен жасаған амалдары деген бірнеше мағына береді. Ал қазақ тіліне оның пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) жасаған амалдары мен айтқан сөздері мағынасында ғана қолданысқа енген. Басқа мағыналары тілдік қолданысқа енгізілмеген.
Сондай-ақ осы кірме сөздердің мағыналық қолданысын да айта кеткен орында болар еді. Олай дейтініміз тілімізге осы араб тілінен енген талақ сөзі бар. Талақ сөзі- араб тілінде неке бұзу мағынасында қолданылады. Шариғат бойынша ер кісі мен әйел кісінің арасындағы некені бұзу. Бұл ерлі зайыптылардың арасындағы түрлі қарым-қатынасқа орай жасалатын процесс. Егер ер кісі шариғи үкім бойынша үш рет «талақ» деген болса, онда ол басқа біреуге некеленуге құқылы. Алайда тілімізде ол ауыспалы мағынада тастап кету, көшу, қоныс аудару мағынасында қолданыс тапқан сөз. Мысалы:
Бұл қоныс-жеті жұрттың кеткен қоныс,
Ноғайдың көшіп, талақ еткен қоныс. (Мұрат)
Бұл жерде талақ сөзі өзінің бастапқы мағынасынан мүлдем ауытқып, жаңа бір мағынаға ие болған жоқ. Ол өзінің түпкі мағынасының бір сипаты негізінде, яғни ажырасу сөзінің тастап кету ұғымынан елді, жерді тастап кетудегі ауыспалы мағынасын қалыптастырып отыр. Міне сондықтан кірме сөздердің мағыналық қолдану аясын қарастыру қашанда маңызды.
Қорыта айтқанда, біз араб, иран сөздері жайлы осы кезге дейін айтылған азды-көпті мақалалар, зерттеулер мен монографиялық еңбектерге арнайы тоқталып, олардың бағыты мен мақсатын арнайы қарастырғанды жөн көрдік. Бірақ бұл осы бағытта қарастырылып жатқан жұмыстардың соңы емес. Алдағы уақытта әлі де болса бұл тізімді толықтыратын ғылыми зерттеулердің болатыны сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Рустемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-иран сөздері, филолог. ғыл. канд. дисс., А., 1963.
2. Жәркешова Г. Қазақ тілі мен әдебиеті 1959, № 11, қазан.
3. Талжанов С. Араб тілінің әсері, Қазақстан мұғалімі, 3 июль, № 27,1969; 26 июнь, № 26, 1969.
4. Рустемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері, «Ғылым», А., 1982,- 160 бет.
5. Есеналиева Ж. Абай шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі, филолог.ғыл.канд.дисс. А., 1993.
6. Жұбатова Б. Қазақ қисса-дастандарындағы араб, парсы сөздері филолог.ғыл.кандт. дисс., А., 2001.
7. Құлназарова Г. ХІ-ХІІ ғ. әдеби ескерткіштеріндегі араб элементтері, филолог.ғыл.канд. дисс., А., 1997.
8. Бүркітбай Г. Қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінде арабизмдердің лексикографиялануы филолог.ғыл.канд. дисс. А., 2003.
9. Әбдірахман Ә.Ә. Құран Кәрімдегі тұрақты тіркестер мен термин сөздердің қазақ тілінде берілуі, Автореф., филолог.ғыл. канд. дисс., А., 2004.