"Қазақ" сөзі қайдан шыққан? (Бір араб жазбасынан)
"Қазақ" сөзі қайдан шыққан? (Бір араб жазбасынан)
11 ай бұрын 11089

"Қазақ" атауы қайдан шыққан? Бұл сұрақ әрбір қазақтың көкейінде туындайтыны сөзсіз. Және бұл сұрақтың жауабын іздеп, кітаптан оқитындары кітаптан оқып, ғаламтордан іздегендер ғаламтордан оқып, аталмыш ұлы атаудың шығу төркінімен танысуға тырысқаны да күмәнсіз. Мені де қаны қазақ азамат ретінде бұл сұрақ қызықтырғаны рас. Сөйтіп, қазақ атауы қайдан шыққан екен деген қызығушылықпен, құр отырғанша дедім де, ғаламтор беттерін шарлап қарап көргенім бар еді. Көпшілігінің анықтамалары бір-біріне жақын. Сондағы бір араб тілді жазбадағы келтірілген көзқарастар көкейіме қонымды әрі қызық көрінді. (Мұндағы пікірлер қазақ тарихшыларының жазған жазбаларында да кездесуі мүмкін). Қысқа да болса, соны аударып оқырмандармен бөліссем деген ой туды. Өйткені, қазақ ұлты үшін «қазақ» атауына қатысты кез-келген ғылыми көзқарастар маңызды деп есептеймін. (Осы тұрғыда, оқырман "қазақ" атауы жайында әлдеқашан ғалымдар зерттеп, зерделеп қағаз беттеріне түсіріп қойған жоқ па, енді оқып отырсың ба, оның несін жаңалық қылып айтып отырсың, деуіңіз мүмкін. Бұл сөзіңіздің жаны бар). 

«Википедия» ғаламтор энциклопедиясы өзінің араб тілді оқырмандарына «Қазақ» сөзінің шығу төркінін араб тілінде түсіндіріп өткен екен (wi/ar.wikipedia.org), онда бүй делінеді:

"Казах (немесе қазақ) атауы – 15-16 ғасырларда қолданыла бастаған" деп басталатын арабша жазбада1: «Қазақ» немесе «Казах» сөзінің шығу тарихына қатысты көптеген теориялар барын білдіре келе, соның төрт түрлі нұсқасымен таныстырып өтеді:

1). «Қазақ» (казах) сөзі 13 ғасырдағы жарық көрген араб және түркі сөздіктерінде кездеседі. «Қазақ сөзі «ескі түркі» тілінде - «тәуелсіз», «азат» деген ұғымдарға саяды2, бұл түптің-түбінде «Кәз» (кезу) сөзінен, яғни, «еркін кезіп жүруші» деген ұғымнан бастау алған болуы мүмкін, өйткені қазақтар еркін кезіп жүруші дала ерлері.

2). Немесе «Қазақ» сөзі моңғол тіліндегі «Хазақ» сөзінен шыққан да болуы ықтимал. Моңғол тілінде «Хазақ» деп «дөңгелектері бар арбаны» атайды. Ертеректе Қазақ халқы өздерінің «Ярт» (يارت, Йәрит деп оқылуы да мүмкін) делінетін шатырларын жиып, дөңгелекті арабаларға жегіп, көшіп жүретіндіктен «Хазақ» деп аталған деген пікір бар3.

3). Қазақ атауын 19 (Он тоғызыншы) ғасырда «Қазақ» фольклорындағы «ақ қаз» аңызымен байланыстыратындар болды. (Қаз – қаз құсы. Ақ - ақ түсті)4. Аңызға қарағанда, даланың ақ қазысы ханзадаға айналып, ал ол болса, өз кезегінде алғашқы қазақ адамын өмірге әкелген-мыс. Алайда, бұл этимологиялық қисса шындыққа жанаспайды, өйткені, түркі тілдерінде сын есім – зат есімнен бұрын қойылатындығы белгілі, олай болған жағдайда дұрысы – «Қаз ақ» емес, «Ақ қаз» болуы керек. Сол себепті "қазақ" атауын «Қаз ақ» сөзінен шыққан деу қисынсыз.

4). Тағы бір көзқарас бойынша, «қазақ» атауының шығу төркіні – ескі түркі сөзі болып саналатын «Қазказ» сөзіне барып тіреледі деседі. «Қазказ» сөзі ең алғаш 8 (сегізінші) ғасырға тән етілетін «түркі ескерткішінде» келтірілген. Түркі тілдерін зерттеуші мамандарының пікірінше «Қазказ» атауы - «қол жеткізу», «алу» деген мағынаға саятын «Қазкан» етістігімен түбірлес сөз.Сонда «Қазказ» атауының мағынасы – «пайдасы мен игілігін іздейтін адам» дегенді білдірмек5. Кейінірек «Қазказ» сөзіндегі «каз» сөзі «зак» сөзіне ауысып «Қазак» боп дыбысталып кеткен-мыс. (Дереккөз: wi/ar.wikipedia.orgكازاخ (Kazah), сілтемелер де осы дереккөзге тән).

Абдусамат Қасым, Исламтанушы


Barthol'd, Vasiliĭ Vladimirovich. Four Studies on the History of Central Asia, vol. 3, trans. V. and T. Minorsky. Leiden: E. J. Brill, 1962, p. 129
2 كازاخستان نسخة محفوظة 20 أكتوبر 2008 على موقع واي باك مشين. (Қазақстан. 2008 жылдың 20 қазанында Wayback Machine порталында мұрағатталған нұсқасы бойынша.)
3 Olcott, Martha Brill, The Kazakhs, Hoover Press, 1995, p. 4, ISBN 0-8179-9351-7ISBN 978-0-8179-9351-1. Retrieved on 7 April 2009 نسخة  
4Grodekov, Nikolaĭ Ivanovich. Kirgizy i Karakirgizy Syr'-darinskoi oblasti, vol. 1, Tashkent: Iuridicheskii byt, 1889, p. 1
5 Yudin, Veniamin P. Tsentralnaya Aziya v 14-18 vekah glazami vostokoveda, Almaty: Dajk-Press, 2001, ISBN 9965-441-39-1

 

 

0 пікір