Осы сұраққа әрқайсыңызда жауап берген боларсыздар. Біреу білемін,біреулер білмейміз, енді біреулер барлығын білмеймін, деп айтады. Бірақ осы сұрақтың неліктен туындайтынын,не үшін қойылып, неге жауап алғысы келетінін, біраз ағайын ұмытып бара жатқан сықылды. Өте өкінішті жағдай, «ештен кеш жақсы» жақсы деген екен ата-бабаларымыз. Сондықтан осы әңгімеге сіздерді тартып, өз ойыммен бөліспек болып отырмын.
Қазақ даласына мұндай дәстүр қайдан келді?
XV ғасырда Қазақ Хандығы орнап, оны Кереймен Жәнібек хандар басқарғаны белгілі. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы, кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қойыпты.
- Қандай ауруды емдеу қиын?
- Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын.
- Ал, оның алдын алуға бола ма?
- Болады. Жеті Атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек. Жеті - қазақ үшін қасиетті сан.
Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тиым салыпты. «Кімде кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін» деген жарлық шығыпты. Содан бергі қазақ хандары да осы жарлықты бұлжытпай орындап отырыпты. Ал, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты шипагерлік кітап жазған адам.
"Шипагерлік баян" бүгінгі күнге Өтейбойдақтың ағайын ұрпақтары арқылы жеткен. Кітап уақыттың алуан түрлі зобалаңынан өтіп, мейлінше көлемді мұраның төрттен бір бөлігі ғана бүгінгі ұрпақтың қолына тиген. Қалған бөлігі Қытайдағы атышулы "мәдени төңкеріс" кезінде "хуң- уейбиндер" тарапынан өртелген. Өтейбойдақтың "Шипагерлік баян" кітабы қазақтың дәстүрлі медициналық тәжірибесі туралы мейлінше мол мағлұмат береді. Бұл ретте, автордың мыңнан астам дәрі түрлерін тоғыстыру арқылы 4 мыңнан астам шипалық шаралардың қолданымын (рецепт беру) ұсынуы, оның білікті шипагер, ғұлама ғалым болғанын пайымдатады. Сондай-ақ, "Шипагерлік баян" кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің аталуы, 500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілуі, бұл еңбектің тарихи-этнографиялық мән-маңызының ерекше екенін білдіреді. Теңдесі жоқ "Шипагерлік баян" - ол заманда да қазақ тілінің қаншалық тұнық, бай болғанының айқын дәлелі. "Шипагерлік баян" кітабы арқылы Өтейбойдақ Тілеуқабылүлының тек қана ғүлама шипагер емес, сонымен бірге халықтың өмір салтына, дүниетанымына, рухани мәдениетіне мейлінше қанық болғаны, өз заманының терең ойлы, ұлтжанды түлғасы болғаны айқын аңғарылады. Қытай үкіметі «Шипагерлік баянның» құндылығын бағалап «Мемлекеттік бірінші кітап» деген сыйлықпен марапаттады (1997'). Қытайда Өтейбойдақтың мұрасын зерттеу үшін 2 мемлкеттік медицина орталығын құрылған.
Ал, Тәуке ханның (1626-1718 ж.ж.) тұсында жасалған, Қазақ хандығының басты заңы "Жеті жарғыға" халқымыздың осы бір тамаша дәстүрі, бір бап ретінде еніп, ресми түрде бекітілген. Осы кезден, бастап ата-бабамыз, әулеттің арасы жеті ұрпаққа жеткенде, олардың қай жүзге жататына қарамастан, бүкіл үш жүзге сауын айтылып, осы үш жүздің өкілдері қатысқан жиында, оларға ресми түрде «ру» статусы беріліп отырған. Және, осы дәстүрдің берік сақталуы ел ақсақалдары тарапынан қатаң бақылауда болған. Жазатайым, дәстүр бұзылған жағдайда, үлкен дауға айналып, артынан, жиын шақырылып, дәстүр бұзған адамдардың арасы алшақтау болса, «боз бие» сойылып, ескерту айтылып, екі жасқа бата берген. Ал, аралары тым жақын болса, кейде «өлім» жазасы тағайындалып, немесе елден аластатылған. Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйретіп жаттатқан. «Жеті атасын білмеген - жетесіз кетеді» деген содан қалған. « Жеті ата» заңдылығы жалғыз қазаққа тән дүние емес. Бүкіл дүние жүзі халықтарының арасына тарап кеткен, осы заңдылықты зеттеу, тарихын ашу үлкен шаруа, көп ізденіс пен жігер, қайратты айтпағанда, мол қаржыны керек ететін шаруа. Орыс халқында «до седьмого колено»,«до девятого колено» деген ұғым бар. Қырғыз халқы осы «жеті ата» заңдылығын ұстануды Манас эпосында жырлағандай « Жеті ата шежіреңді біл, жетпіс елдің тілін біл». Шешен, ингуш халықтары да жеті атасын жатқа біледі екен, дәл қазір Грозный қаласында көшеде кетіп бара жатқан қайсы бір адам болса да жеті атасын жатқа айтып береді екен. Удиндер де осы заңдылықты мойындап жүрген елдердің бірі. Бұл тізімді жалғастыра беруге болар еді, бірақ одан не өзегерді? Ештеңе де өзгермес. Айта кететін бір үлкен мәселе, ол осы «жеті ата» заңдылығын сақтамай, бір-бірімен жақын туыс екеніне қарамай, құда болып қыз алысып, ұрпақ өсіріп жатқан көршілес мемлекетердің халықтары, бүгінгі таңда жас нәрестелердің түрлі аурулардың иесі болып, туылып жатқанын сол елдердің дәрігерлері де мойындап, дабыл қағуда. Мысалы, тәжіктердегі жағдайдың нашарлауы осы тұқым қуалайтын аурулардың алды кейбір жерлерінде 25% жетіп қалыпты. Мемлекет жас жұбайлардың үйлену куәлігін беру алдында, міндетті түрде сұраққа алып, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егер олар туыс екендіктерін жасырып, кейін олардан ұрық қуалайтын аурумен нәресте туылып жатса, оларды заң алдында жауапқа тартамыз деп, ақпарат береді. Өзбекстан осы мәселені мемлекет деңгейіне көтеріп, заң қабылдау керек екенін ашық айтып, заң жобасын жасауда. Бұл елде 2012 жыл - жанұя жылы болып аталып өтіп жатыр. Әзербайжанда да осындай жағдай қалыптасып келеді, оларда осы заңдылықты ескермеу салдарының ақырын, қатты сезуде. Осындағы «ақсүйектендіру» деген ұғымдағы рулардың қазіргі саны жойылуға жақын дап келеді. Мұндағы азын-аулық зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар, бұл мәселені мемлеттік денгейде шешпесе болмайды деген тұжырымға тіреліп отыр. Ал біздің еліміздегі «Неке және отбасы туралы» Кодексінің заңдарында салт-дәстүрімізге «жеті ата» деген феноменін ескермеген. Заң бойынша сіз өзіңізден шыққан төртінші буыннына неке құруға болатынын растайтындай болып тұр. Ондай жағдайдың орын алынуына ешқандай заңды бұзудың қажеті керек емес. Жоғарыдағы жазылған мемлекеттердің арасында осындай заң жобасының, яғни жақын туыстардың некеге отырғаны болса, оларды заң талабына сай жазалау көзделіп отыр.
Біздің түркі тілдес бауырларымыз, салт-дәстүріміз бір-біріне жақындығы да, ұқсастығы да, жер мен көктей емес. Біздегі жаңа туылған ауру нәрестелердің ішіндегі ұрық қуалайтын кеселдер 11% жетіпті, осы шошитын ақпарат көбею үрдісінде. Менің оқып білгенім, осы мәселенің біздің елімізде көтерілуі, яғни нашар жағдайдың қалыптасуы алыс уақыттың еншісінде емес, өйткені, "Жеті атаңды білесің бе?" деген сұраққа көп ағайын толық жауап бере алмайды. Себебі, менің ойымша,
1.Отаршылық саясаты.
2.Жаhандану.
3.Салт-дәстүрлерді сақтамау.
Совет үкіметі саясатынын арқасында «шала қазақ» деген кісілер пайда болды. Жаhандыру- қазаққа төбеден түскен жай сияқты,бір жүйеден арылып тазара алмай ,өзімізге тән жүйені құра алмай жатқанда, басымызға осындай қиын бұлыңғыр тұманды күндер туылып тұр. Салт-дәстүрлерді сақтамау (шетелдік өмірге еліктеу) .
Бірінші, екінші себептердің қазағымды тексіздікке апаратын жолға салып отыр. «Тілі жоқтың елі жоқ, Тегі жоқтың елі жоқ», «Тегін білмеген теріс бағады»-деген қазақ атамыз. Осы қателіктерімізді білмей, әрі қарай кете баратын болсақ, болашақта көрер күніміздің азабын мен айқын көріп тұрмын. «Жеті ата»заңдылығына теріс қарап жатсақ, онда бізде көрші отырған ағайындардың ізіне түсіп қалуымыз әбден мүмкін. Жазылып жатқан «жеті ата» туралы есебі жоқ мақалалардың, біздің қоғамда көңіл толатындай нәтиже бермейтініне көзім жетіп тұр. Бірақ, сол мақалаларсыз адамның ақпарат алуы, тағы да мүмкін емес. «Жеті ата» елеусіз қалды десем, өтірік айтқан болар едім. Алматыда 25 наурыз 2010 жылы «Қазақтың саяси-экономикалық, мәдени қатынастар жүйесіндегі ерекшеліктері» атты дөңгелек үстел өткізілді. Депутат Уәли Кұрманғали парламентте «жеті ата» атауларын мектеп оқулықтарында дұрыс жазылмағанын айтып, осы мәселенің бір бұрышын көтерген еді, ол да тыңдаусыз қалды. Біздің мемлекетімізді басқарып отырған азаматтарының, бұл мәселеге салқын қарауына көзіміз жетіп отыр. Сондықтан қазақи сана-сезімі жоғары, азаматтардың қоғамымызға осы құнды дүниені жоғалтпай, бүкіл қазақтың жас ұрпақтарына, ата-бабамыз ұстанып келе жатқан «жеті ата» дәстүрін таза қалпында жеткізу, біздің бабалар алдындағы борышымыз, өз басым осылай деп түсінемін.
Сол ата атаулары біздің пайдаланып отырған электронды энциклопедиямызда(википедия) қате жазылған еді, мүмкін баспахана осы үлгіні пайдаланды деген күмәнім бар. Ондай болса ол қасақана жасалған қиянат па, жоқ салғырттық па? Кітаптардағы жазуларды өзгерту мүмкін емес, ол жайлы оқу министірлігі шаралар қолдануы керек. «Жеті ата» феномені қазақтың қанына сіңіп кеткен, деген ұғымның жалған екені бәрімізге белгілі болды. «Жеті ата» тарихын білмейтін азаматтар, оны трайбализммен ұштастырып отырады. Рас, бұл құбылысты бүгінгі күні барлық ортада байқаймын, тек нағыз тексіз адам, осы екі түсінікті ажырата алмай, тентек болып жүр. Бұл тақырып өте күрделі және жіліктеуді талап ететін мәселе. Сондықтан, осы екі дүниені талдау үшін, екі жақтың қоржынын ашып, өлшеп, бөліп жару қажет. Бүгінгі қойып отырған сұрақ: Жеті атаңды білесің бе? Көпшілігіміз, жеті атамыздың атын жатқа айтсақ жеткілікті деп жүрміз. Ол жеті атамды білемін дегенге жатпайды,өйткені ол «жеті ата» заңдылығын толық түсібеушілікті білдіреді. «Жеті ата» атаулары: Бала, Әке, Ата, Арғы ата (Үлкен ата), Баба, Түп та, Тек ата! Осы кісілердің атын айтып берсем, « жеті атаны» білгенім деп, жүргендер аз емес. Жоқ олай емес, жетінші атамыз «Тек ата» болса, осы кісіден тараған ұрпақтарын білген жағдайда, біз «жеті атаны» толық білеміз дей аламыз. Сондықтан, негізгі «жеті ата» заңының өзегі, қыз алыспау болып табылады. Ақсақалды қария кісілердің, ауызша айтып берген «жеті ата» аттарынан басқа, барлық ұрпақтардың есімдері аталады. Мұндай есімдер тізімін жаттап алу, ертеректе соншалықты қиын емес болатын. Қазіргі біздің миымызға кіріп жатқан, сан түрлі керек-керексіз ақпараттар, ол кезде болмаған және туыстардың есімдерін білмеген, өте үлкен ұятқа қалдыратын жағдай болатын. Ал қазіргі жағдай осының теріс көрінісі және ұят деп саналмайды. Мысалы, біздің бала кезде «Қай атаның баласы боласың?» - деп сұрайтын, сонда атаңның немесе әкеңнің атын айтасың. Ал қазір «Кімнің баласысың?» - деп сұрап жатады, көбіне «Мамамның» деген жасөспірім баланың жауап қайырғанын өзім талай естіп жүрмін. Осының бір себебін мынадан іздеуге болады. 1999 жыл мен 2010 жыл арасында Қазақстанда 2 420 000 жұп неке құрған болса, оның осы аралық уақытында 733 000 ажырасып үлгеріпті. Әрине, бәрі қазақ деп айтатын ақпарат жоқ, десе де Қазақстандықтар екенін ескерсек жылайтын жағдай. Өйткені, осы жұптардан туылған ұл-қыздарымыз тірі жетім болып қалды және заң бірінші баланы анасының тәрбиесінде болсын деген үкім шығаратынын білеміз. Қазақ халқының басынан талай қиыншылық өтті, оны тарихшылар жазып жатыр. Сол өтпелі кезеңнен басын жоғары ұстап, ұялмай ұрпақтарына теңдесі жоқ салт-дәстүр қалдырған, өткен ата-бабаларымызға жалғаннан өткенде не дейміз? Осы орайда айта кету керек, «жеті ата» заңдылығының біздің елімізде атқараған роліне лайықты баға берілмей отыр. Оның себебін жоғарыда атап өттім. Ұлт ретінде сақталып қалу біріншіден, қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек, екіншіден, әр қазақтың өз жеке жанұясының тарихын-шежіресін жақсы білу керек, үшіншіден, салт-дәстүрлерімізді ұстануымыз қажет.