«Иман байлығы керек»: Шерхан Мұртаза
«Иман байлығы керек»: Шерхан Мұртаза
1 ай бұрын 4960

Кедейді бай ету - сауап. Осы соңғы жиырма жылда талай-талай түсініксіз нәрселер, яғни, жоқтан бар болып, кедейліктен бір-ақ секіріп бай болғандар көбейді.

Ал, бірақ байлығына сай иман кебейді ме? Өте сирек. Ілуде біреу. Олар ертегідегі бақа сияқты. Бастарына бақ қонады. Құс патшасы бүркіттің өзі барып оларға сәлем береді.

Сөйтсе де кедей бай болсам дейді. Бай құдай болсам дейді. Кесір-кесапаттың түбірі осы жерде жатыр.

Бізде дәл қазір осындайлар көп. Имандылар аз.

Ал енді азды көп қылу... Біз, қазақтар, әлі азбыз. Көбейтетін ретіміз бар ма? Патша айтты, таяу жылдары жиырма миллионға жетеміз деп. Әлі сегіз миллионбыз. Шетелдегілерді қосқанда он екі миллион сияқтымыз.

Өсіп-өнудің бал-бұлағы ауыл еді... Ауыл да ақырзаман амалын үйреніп алды. Баланы құрсағында жатқанда құртады.

Абортқа тыйым салатын заң керек. Ол да адам өлтірумен бірдей. Жазасын алсын!

Ертеректе бойдақ салық деген болушы еді... Қазір жоқ білем. Бірақ бойдақтың да бойдағы бар. Әуелі себебін анықта.

Азды көп қылудың амалы: әуелі халыққа жағдай жаса. Көп жастар үйсіз-күйсіз.

Көп балалыны барынша көтермеле. Он бала, одан да көп табатындар бұрын көп еді. Заман өзгерді, өмір өзгерді. Халықтың басынан неше алуан зұлматтар өтті. Көп қырғыншық, ашаршылық, геноцидтер болды.

Дәл қазір бейбітшілік, біршама түзік заманда, дана халық болсаң көбеюге тырыс.

Кім біледі, алдымызда әлдеқандай заман бар.

Алладан рахым тіле!

Әйтсе де Жасаған ием жақсыларға иман мен данышпандық қасиет берсін.

Бір кем дүние.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: