Ертеде қазақтар даладағы өртті қалай ауыздықтаған?
Ертеде қазақтар даладағы өртті қалай ауыздықтаған?
9 жыл бұрын 5883 munara.kz Табын айдап өртті тұмшалау

Қазақ өртті «тілсіз жау» деп атаған және өрт, не от шығу қауіпсіздігін ерекше жағдайда сақтаған. Себебі, тіршілігі мал шаруашылығымен тікелей сабақтасып жататын ата-бабаларымыз ерте замандарда жайылымдарды өрттен аман сақтап қалудың небір өзіндік амалдарын қолданған. 

Қарсы от қою: Жойқын өртті тоқтатудың бір амалы, өртке қарсы от қою. Бұл әдіс осы күнге дейін өз күшін жойған емес. Қарсы от қою, адамдардың сөндіруіне күш бермей жалындаған оттың келе жатқан бағытын бағамдап, алдын ала ұзына аумақты әдейі өртеу. Қолмен қойылған от көп адамның бақылауында ұсталып, лаулап, қозып кетуге жол берілмейді. Шамамен ені екі, не үш метр жерді ұзына бойы өртейді. Жердің шөбі жанып бітіп, қара  күйеге айналғанда бықсып жанып жатқан отты ары қарай жібермей өшіріп тастайды. Міне адамға күш бермей келе жатқан негізгі жойқын өрт, әдейі өртеліп, тып-типыл болған жерге келгенде өздігінен оңай ауыздықталады. Ал кейде жер жағдайына байланысты қарсы қойылатын өрттің өртеніп келе жатқан жағын өшірмей керісінше, тілсіз жауға қарсы қоя береді де, тек екінші жағын ғана ары қарай дамып кетпес үшін сөндіріп тастайды. Бірақ орман өртену кезінде қарсы от қою өте қиын әрі аса көп адамның қатысуын талап етеді.

Табын айдап өртті тұмшалау: Жайылым жер өртенген уақытта өртті ірі қара малдың тұяғы да тоқтата алады. Өрт қаулаған кезде ел-жұрт түгелдей ірі қара мал атаулысын өрттің алдынан кесе көлденең айдайды. Үйір-үйір жылқы, мыңдаған түйе мен сыйырдың, қой ешкінің тұяғы шөбі онсызда қурап, тозып тұрған жердің топырағын шығарып, ақ шаң етері сөзсіз. Лаулай жайпап келе жатқан тілсіз жау сол сәтінде шаңы аспанға шыққан топырақ аралас жолақты жолдан өтпей кілт тоқтайды.

Тоғаннан су жіберу, жер жырту арқылы өртті ауыздықтау: Бұл әдіс, даладағы жайылым мен егістік алқаптары өртенген жағдайда немесе егін салатын алқаптарды арам шөптерден, зиянды құрт-құмырсқа сынды жәндіктерден тазалау мақсатында қолданылады. Өртке немесе қуаңшылыққа деп арнайы жасалған тоғаннан су жібереді. Алапат от су жайылған жерден ары өте алмай тоқтайды немесе өртті өзге жаққа  жібермес үшін егіс алқаптарын айналдыра қара топырағын шығара жыртып тастау әдеті болды. Бұл әдіс біріншіден, алқапта болған өртті бірінен екіншісіне ауыстырмау мақсатында қолданылса, екіншіден құрт-құмырсқаның қаулауынан сақтайды.

Суға бөккен киізбен өртті тұмшалайды: Ертедегі өрт сөндіруге байланысты тағы бір қызықты да, мықты амал, ол – жайылым қаулап жанған сәтте жүйрік ат пен киіз және ұзын арқан да таптырмас құрал болған. Яғни, жүйрік атқа мінген жігіт ұзын арқанның екі ұшын ердің екі жақтама тақымына қайыра қысып, аттың артынан шұбатып тастайды да, оған үлкен киізді ортасынан екі жағына бүктеп қайыра іледі. Арқанға ілінген киізді сүйреген күйі жақын жердегі ағып жатқан өзен немесе бұлақтағы  суды (киізге жақын жерде болса құдықтың суын да пайдаланады) кешіп өтеді. Суға малынып, әбден бөккен киізді суын сорғалатып атпен шапқан бойы жанып жатқан өртті көлденең үстінен немесе іргелетіп қабатынан шауып өткенде сорғалаған судан және ауыр киізден жердегі шөп пен топырақ батпақтанады және от тұншығып жану күшінен айырылады.

Өртке қатысты ырым-тыйымдар мен шешендік сөз: Алапат өртті қазақ «тілсіз жау» деп те атаған. Айталық, өрт лаулап жанып бастағанда тез басылсын немесе арты қайғылы жағдай орын алмасын деген мақсатта алдынан шығып ағарған, яғни айран сынды сүт өнімдерін шашатын болған. Өртке байланысты талай-талай тыйым сөздермен мақал-мәтелдер де айтылды. Айталық, «Шығысы жаман қамысты, су ішінде өрт шалар», «Жақсы адам жүрген жеріне кен салар, жаман адам жүрген жеріне өрт салар»,  «Отпен ойнама, күйесің», «От жақпа, пісесің», – сынды мақалдар бар болса, «От шығарма, жаман болады», «Тасты бір-біріне ұрып ұшқын шығарма шайтан келеді (өртті меңзесе керек)», «Шамды жықпа жаман болады», «Ошақты теппе», «Күлді шашпа», – сынды тыйымдардың түп төркіні тілсіз жаудың алдын алуда аса сақтықты, өте ыждахаттылықты талап етіп тұр.

0 пікір