Дина күйші туралы тың деректер
Дина күйші туралы тың деректер
3 жыл бұрын 4092
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Биыл еліміз әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толғанын атап өтіп жатыр. Жақында ғана Елордада еңселі ескерткіш орнады. Жер-жерде домбыра мен күй өнерінің бағын асқақтатқан шаралар өтуде.

Динаның өмір жолы өте күрделі, тағдыры сынаққа толы. Алла Тағала тұла бойына тылсым өнер дарытқан күйші ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында әйел баласының басында кездесетін сан-түрлі қиындықтың бәрін жеңіп шығып, жеке тұлға ретінде өзіне жүктелген аманатты келешек ұрпаққа аман тапсырды деп ойлаймыз. Ол аманат – қазақ күйі, домбыра шанағындағы тылсым дүние болатын.

Әрине, осы күнге дейін Дина күйші туралы жазылған ақпарат көп-ақ. 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен Смағұл Көшекбаев Астрахан өлкесіне келіп, 76 жастағы Динаны көндіріп, Алматыға алып кеткен сәтінен бастап күйші халықтың, өнер зерттеушілерінің көз алдында болды. 1938 жылы 23 сәуірде «Социалистическая Алма-Ата» газетінде Динаның Құрманғазы туралы «Ұстаз» деген мақаласы жарық көрсе, Ахмет Жұбанов «күй анасының» өмір жолы мен шығармашылығы туралы бірнеше еңбек жазды. Дина өмірден өткен соң екі жылдан кейін, 1957 жылы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан» Сәуірбек Бақбергеновтің «Дина» атты кітабы жарық көрді. Кейін де күйшінің замандастары мен ұрпақтары, тарихшы ғалымдар мен өнер зерттеушілері жазған мақалаларда қисап жоқ. Біз осыларды барынша сүзіп өтіп және бүгінге дейін беймәлім болған архив құжаттарын ақтарып, Дина күйшінің адами болмысын, өмір жолын қалпына келтіруге тырыстық. 

Туған өлке, өскен ортасы

Осы кезге дейінгі деректердің бәрінде Дина күйші 1861 жылы дүниеге келгенін көрсетеді. Бұл шешеміздің өз айтуынан жазылған болса керек. Бөкей ордасында метірке жүргізу, архив ісі Жәңгір хан дәуірінен басталғанын ескерсек, болашақта нақты құжат та табылып қалуы ғажап емес.

Дина дүниеге келген өңір – сол кездегі Астрахань губернасына қарасты Ішкі қазақ ордасының Нарын қисымына жататын Бекетай құмы. Бұл қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы аумағында. Кең байтақ жерді алып жатқан Нарын құмындағы Бекетай, Жиделі, Жарқияқ қоныстары – ХІХ ғасырдың басынан бері қызылғұрт, бесқасқа беріш, төлеңгіт, кердері руларының аралас-құралас өсіп-өнген мекені болатын. Мұны бүгінде Уфа, Астрахань архивтерінде сақталған бөкейлік мешіттерінің метірке кітаптарынан айқын көруге болады.

Динаның әкесі Кенже Шалұлы – руы төлеңгіт, орта шаруалы адам болса керек. Анасының есімі – Жәниха. Ахмет Жұбанов жазбаларында Кенженің жасында палуан болғаны, ат баптап, домбыра да тартқаны, үйінен апталап, айлап кетіп қалатыны туралы айтылады. Атақты күйші Құрманғазы мен Кенже дос-жар адам болған, «Айжан қыз» күйін автордан үйреніп, Динаға алғаш үйреткен – әкесі көрінеді.

Орал қаласының тұрғыны, Динаның Қоңыр есімді қызынан туған жиені, 1944 жылы туған Бағила Бишаеваның айтуынша, Динаның әкесі Кенже – екі әйел алған кісі екен. Бірінші әйелінен бес қыз, бір бала болыпты. «Менің есімде қалғаны – Салтанат, Тойжан, Дина, сосын Малай деген ұл бала. Кенженің екінші әйелінен Шынияз, Шернияз деген балалар болған. Бұл балалардың тағдырын білмедім. Сонау аласапыран жылдары бұлар жан-жаққа босып, Қалмақ қырына дейін асқан көрінеді. Мына Саратов облысының Алғай (Александров Гай) деген жерінде Буденовка деген ауыл болған, сол жерге барған біздің ауылдың адамынан бір кісі: «Дина менің немере апам еді, ұрпақтары бар ма?» деп сұрапты. Мүмкін сол шашылып кеткен туыстарының бірі шығар» дейді Бағила апай.

Атыраулық белгілі тарихшы Аманкелді Шамғонов Дина Нұрпейісованың тегі, ұрпақтары туралы көп ізденіп, бірнеше мақала жазған. «Дина Нұрпейісованың тегі туралы не білеміз?» атты еңбегінде ғалым күйшінің руы төлеңгіт емес, төре болуы мүмкін екендігін де айтады. Бұған дәлел ретінде «кеңес өкіметі төре тұқымдарын мейлінше қудалады. Оларды жер аударды немесе атты. ...Аяусыз жазалаудан бой тасалаған көптеген төрелер ру таңбаларының бірдей екендігін пайдаланып, өздерін төлеңгіт руынанбыз дей бастады» дейді. Дегенмен, Динаның төлеңгіт екені шежіре деректерінде де, төңкерістен бұрынғы архив құжаттарында да анық жазылған.

Айтпақшы, 1897 жылғы метірке құжатынан Кенже Шалұлының Айжан есімді қызы болғанын білдік. Сол жылы мизан айының 6-сында кердері құлтай Мүсірәлі Қожамұратұлы мен төлеңгіт Айжан Кенжеқызының шаңырағында Маржан есімді қыз бала дүниеге келген екен. Бұл кезде олар Қамыс-Самар қисымының №10 ауылында тұрған. 

Құрманғазы мен Дина қашан кездесті?

Жоғарыда Ахмет Жұбановтың дерегіне сүйеніп, күйші Құрманғазы мен Кенженің дос-жар адам болғанын айттық. Сәуірбек Бақбергеновтің «Дина» кітабында Құрманғазы Кенжені алғаш рет Теке жәрмеңкесінде палуандар күресінде көргенін жазады.

«1870 жылы Құрманғазы Кенженің ауылына келіп, он жасар керемет домбырашы бар дегенді естиді де, Кенженің үйіне келеді. Кішкене қыздың домбырасын тыңдап, халық исскуствасын дамытатын тағы бір адамның дүниеге келгеніне шексіз қуанады. Құрманғазы Кенжеден атақты домбырашылардың сайысы болатын жерлерге Динаны ертіп жүруге рұқсат сұрайды. Өзінің айтуы бойынша, Дина тоғыз жыл бойы, яғни он сегізге толғанға дейін Құрманғазымен жиі кездесіп, жиындарға еріп барып жүреді, көптеген атақты домбырашылармен кездеседі» деп жазады Ахмет Жұбанов.

Батыс Қазақстан облыстық «Октябрь туы» газетінің 1957 жылы 27 тамызда шыққан №171 (8418) санында Мәжит Жадановтың «Халық композиторы туралы естеліктер» атты мақаласы басылған. Онда автор Жаңақалада тұратын 85 жастағы Мырзағали Кәшеновтің Құрманғазы туралы естелігін келтіреді:

«Мен Құрманғазы Сағырбаевты Динаның әкесі Кенже деген қарттың үйінде көрдім. Ол кезде мен жаңа атқа шабатын 8-9 жасар бала едім. Құрманғазы толық денелі, сақалды, едәуір жасқа келіп қалған, басында қара елтіріден тігілген дөңгелек бөркі бар адам екен. Бірақ үстіндегі киімі жұпыны. Сондықтан болса керек, байлар оған «Көктулақ» деген қосалқы ат қойыпты. Құрманғазы Кенженің үйінде отырып жан сезімін оятқандай әсерлі күйлерін тартты және осы сапарында Динаға домбырасын беріп кетіпті» дейді.

Мырзағали Кәшенов 1872 жылы туған болса, жоғарыдағы оқиға 1880-1881 жылдары болса керек. Егер күйші 1861 жылы туған десек, бұл оның бойжеткен, 19-20 жасқа келіп қалған кезі.

Бір қызығы, Динаның 1938 жылы «Социалистическая Алма-Ата» газетінде басылған «Учитель» мақаласында «Құрманғазыны алғаш көргенде менің жасым отызда болатын» деп жазады. Күйшінің айтуынша, сол кездің өзінде Құрманғазы 60 жас шамасындағы қарт болған. «Ұлы ұстазбен достығым 11 жылға созылды, әр кездескен сайын күй өнерінің тереңіне бойлап, көп нәрсе үйрендім» дейді Дина. 

Динаның отбасы

Бұған дейін жазылған деректер мен естеліктердің бәрінде Динаны «19 жасында бесқасқа беріш ауылына ұзатылған екен» деп жазады. Ахмет Жұбанов, Ғафура Бисенова, Қаршыға Ахмедияров, Ақселеу Сейдімбек жазбаларында дәл осы 1880 жылды көрсетеді.

Динаның алғашқы күйеуі – Нұрпейіс Мақатұлы деген кісі. Ол бесқасқа беріштің Мұратбай атасынан тарайды. Шежіре деректерінде Мұратбайдан – Ерғазы, одан – Күнжарық пен Айжарық. Күнжарықтан – Мақат, Иса, Тұрман, Есім деген балалар туған. Мақаттан – Нұрпейіс, Нұралы (Шәпек), Сарыбай есімді балалар болған.

Ұрпақтарының айтуынша, Мақат бай болған. Бұл шындыққа саяды. Біз Астрахань архивінен 1865 жылы қауыстың 15-інде Мақат Күнжарықұлының 51 жасында 16 жасар Құндыз есімді қызды тоқалдыққа алып, қалыңмалына 8 сиыр, бір жылқы, бір түйе берген құжатын кезіктірдік.

Міне, Дина күйші әуелі осы Нұрпейіс Мақатұлына, ол қайтыс болған соң қайнысы Нұралыға некеленген. Күйшінің немересі Балжан Жұрынбайқызы естеліктерінің бірінде «Алғашқы күйеуі Нұрпейіс Мақатұлы Динадан 7 жас үлкен екен» дейді.

Біз Астрахань облыстық архиві қорында сақталған Бөкей ордасы мешіттерінің метірке дәптерлерінен Дина күйші мен оның айналасына қатысты кейбір құжаттарды тауып алдық. Бұл бізге осы кезге дейін жаңсақ айтылып келген кейбір мәліметті түзетуге көмектесті.

Мәселен, Нұрпейіс Мақатұлы Динадан 7 жас емес, 19 жасқа үлкен екен. Және Нұрпейістің Динаға дейін де әйелі болған.

«Астрахань губернасы Ішкі қазақ ордасын басқарушы Уақытша Кеңестің құрамындағы Нарын қисымы №2 старшындықта 1893 жылы дүниеге келгендер, некеге отырғандар, ажырасқандар және қайтыс болғандар туралы метіркелік жазбалар» деп аталатын істе (АОМА, F-1115 Op-1 D-510) мынадай жолдар бар:

«1893 жылы қауыс айының 4-і күні Нарын қисымы №2 бөлімі беріш руы бесқасқа тайпалық Нұрпейіс Мақатұлының қызы Жамал Қамыс Самар қисымы тана руы Сұңғат Ізтілеуұлына неке қылынды, жігіт – 24-те, қыз 19-да».

Бұл құжатқа қарағанда Жамал Нұрпейісқызы 1874 жылы дүниеге келген, яғни бұл кезде 13 жастағы Дина оның анасы бола алмайтыны анық.

Тағы бір құжатта «Нұрпейіс Мақатұлы 1894 жылы хұт айының 12-сі күні 52 жасында жөтел ауруынан офат болып, Бекетайда жерленді, атасы Мақат Күнжарықұлы» (АОМА, F-1115, Op-1, D-524) деп жазылған. Яғни Нұрпейістің туған жылы 1842 жыл болады, Динадан 19 жасқа үлкен екен деуіміздің дәлелі осы.

Ұрпақтарының естелігінде Нұрпейістің аттан құлаған жарақатынан қайтыс болғаны айтылады. Күйеуі қайтыс болғанда Дина аяғы ауыр қалған екен делінеді.

Бұл архив құжатымен де дәлелденіп тұр. Жоғарыда аталған Астрахань архивіндегі №1115 қор, №1 тізім, №524 істе: «Ер бала Ғали жедінің 15-інде Бекетайда туды, атасы беріш руы бесқасқа тайпасы Нұрпейіс Мақатұлы, анасы Дина Кенжеқызы» деп көрсетілген.

ч

Біздің ойымызша бұл дүниеге келген – Жұрынбай болса керек. Азан шақырып қойған есімі Ғали болғанымен, «әкеден іште қалған жұрын (жұрнақ)» деп, Жұрынбай аталып кеткен сияқты. Бұл пікірді Балжан Нұрпейісқызы бірнеше рет айтып өткен. Тіпті Динаның «Жұрынбай, іште қалған жұрнақ едің» деп келетін өлеңі де болыпты.

Бір қызығы, кейінгі деректерде Жұрынбай 1885 жылы туған делінеді. Бірақ жоғарыдағы архив дерегі күмәнсіз деп ойлаймыз.

Бұдан кейін көп ұзамай Динаны әмеңгерлік жолымен қайын інісі Нұралыға қосқан. Естеліктерде «Шәпек» - күйеуіне Динаның қойған есімі делінеді, бірақ Нұралы одан бұрын да сол атпен аталып жүргенін төмендегі құжаттан байқаймыз. Астрахань архивінен алынған жазбаны толық келтірейік:

1895 жылғы 30 хамалдағы жазба:

«Нарын қисымлық №2 бөлімнің төлеңгіт руғы Кенже Шалұғлының қызы тұл хатун Дина есімлі олық (осы – Қ.Қ.) бөлімнің Шәфек Мақатұғлына никах олынды. Ғақад йүрткен атасы Кенже Шалұғлы хатун тарафынан һәм атасы Мақат йігіт тарафынан, заужайнның лафазан разылықларының шахадлары Торғай Үсенұғлы һәм Жанқожа Құлұғлы тамғам // салдым. Мәһір мусаммасы он сом күміш күйеу зәммесінде қалды, бұ шарте разы олуб хатун кіші Дина тамға салды һәм уәкіл атасы Кенже тамға салды. Һәм никах үчін 25 тиын күміш алынды. Мәһірге кефіл олыб Үсенұғлы тамға // салды. Имам молда Жүрдібекұғлы» - Бұл жолдарды қазіргі қазақ тіліне салсақ, Кенже Шалұлының қызы, жесір әйел Динаны Шәпек Мақатұлына некелеген, неке рәсіміне қыз тарапынан әкесі Кенже, күйеу тарапынан әкесі Мақат қатысқан. Жұбайлардың өз разылығымен шыққандығына куә болып Торғай Үсенұлы мен Жанқұжа Құлұлы ру таңбаларын салған. Қалыңмал ретінде 10 сом күміс аталған. Неке құтпасын белгілі молда, ахун Жұбан Жүрдібекұлы қиған.

Динаның Қоңыр есімді қызынан туған жиені Бағила Бишаева өз естелігінде: «Дина шешеміз Нарын құмының Қуаныш қожа деген бір қойнауында туған. Біздің естуімізше, алғашқы күйеуі Нұрпейіс аттан құлап қайтыс болған. Олардың әкесі Мақат – бай болған кісі екен. Нұрпейістің інісі Нұралы, оны жұрт «Шәпек» деп атап кеткен. Сол Шәпектің баласы жоқ екен. Нұрпейіс қайтып, Дина жесір қалған соң Шәпектің әйелі Ұлмекен күйеуіне «әмеңгерлік жолмен Динаны ал» деп өзі айтыпты. Сөйтіп, Динадан туған Шәпектің балаларын Ұлмекен өзі бағыпты. Балалар Ұлмекенді «Майшеше» деп атаған көрінеді. Тіпті менің шешем Қоңыр да анасын өз атымен, Дина деп атайтын» дейді.

2018 жылы қыркүйек айында Жаңақала өңірінің өлкетанушыларымен бірге Бекетай құмын аралаған едік. Қазіргі Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Айбас деген құмға таяу маңда, Батыс Қазақстан облысымен шекарада Шәпек төбесі деген жер әлі бар екен. Жергілікті тұрғындар осы Шәпекті «Дина күйшінің келін болып түскен жері» деп көрсетті. Осы жерге 2019 жылы ауыл басшылары Мүтиғолла Нәсиханов пен Мәди Өтеғалиевтің бастамасымен ескерткіш белгі орнатылған, онда «Бұл жерге ұлы күйші Дина Нұрпейісова 1894 жылы келін болып түскен» деп жазылған.

Динадан туған балалар

Жазушы-өлкетанушы Ләтифолла Қапашев күйшінің немересі Балжан Жұрынбайқызына сілтеме жасап, Дина қос күйеуінен 8 ұл, 5 қыз тапқанын, ұзын саны 13 құрсақ көтергенін жазған. Соның ішінде Нұрпейістен – Жамал мен Қайырлы (Қайрош) есімді қыз, Жұрынбай деген ұл делінеді.

Жамал Нұрпейісқызының Динадан тумағанын жоғарыда келтірдік. Оның кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Ал екінші қыз туралы Ғиният Жұмашев, Қайырлы Жұмағазиев, Мәжит Мұхтаров құрастырған «Беріш руының Қаратоқай, Есенғұл, Құлкеш аталары» атты жинақта (Атырау, 2000) «Қайрош соғыс жылдарында, әлде одан кейін Оралдың Жаңақала ауданында атақты сауыншы болып, ауылшаруашылық көрмесіне шақырылып, Мәскеуден орден алған кісі екен» деп жазады. Дәл осы кітапта Жамал мен Қайрошты «Нұрпейістің Динадан бұрынғы әйелінен қалған» деп анық айтылған.

Немересі Балжанның айтуынша, Дина Шәпектен 11 құрсақ көтерген, ол балалардың көбі жастай шетінеген. «Менің есімде қалған қыздарының аттары Бақтылы, Салиха, Қоңыр, ұлдарының есімі – Төремұрат, Қатимұрат, Қажымұрат, Ғабдолмұрат. Ғабдолмұратты «Мұрат» деуші едік, 1902-1974 жылдары өмір сүрді» деп жазады Балжан апай.

Динадан туған балалардың ішінде Жұрынбай мен Мұрат (Төремұрат, Төлемұрат, кейде Ғабдолмұрат), Бақтылы мен Қоңыр жайлы деректер көбірек сақталған. 

1). Жұрынбай Нұрпейісұлы (1895-1946)

Біз жоғарыда Жұрынбайдың азан шақырып қойған есімі Ғали екенін, 1895 жылы жеді айының 15-інде дүниеге келгенін айттық.

Жұрынбай 1916 жылы майданның қара жұмысына алынған, Динаның «Он алтыншы жыл» («Набор») деген күйі осы оқиғаға арналған.

«Менің әкем Жұрынбай, інілері Мұрат пен Қажен, Жұрынбайдың үлкен ұлы Қожахмет төртеуі 1941 жылы соғысқа алынып, 1946 жылы Жұрынбай мен Мұрат елге оралды. Қажен мен Қожахмет қайтпады. Әкем Жұрынбай жаралы болып келген еді, сол жылы наурыз айында қайтыс болды. Ол кезде біз Астрахань облысындағы Азау ауылында тұратынбыз, әкеміз сол жерде жерленді. Жұрынбайдан – Қожахмет (1921-1941), Ақжан (1929-1999), Тілекқабыл (1932-1945), Балжан (1936-2015) есімді балалар болған. Тілекқабыл 1945 жылы суға кетіп қайтыс болды. Әкеміз қайтыс болған соң туған шешеміз Қайша, Ағжан мен Балжан, немересі – Қожахметтің қызы Гүлжан қалдық. 1946 жылы тамыз айының соңында әкеміздің інісі Мұрат бізді көшіріп, Алматыға алып келді. Сол кезден бастап Мұрат көкеміздің қамқорлығында, шешеміздің ұрпағы ретінде бәріміз бір үйде тұрдық» деп жазады Балжан Жұрынбайқызы.

1992 жылы Жұрынбайдың қабірін ұрпақтары Астрахань облысы Краснояр ауданы Азау ауылындағы Сейітқали зиратынан қайтадан тауып, 1993 жылы темірден қоршау орнатып, мәрмәртастан ескерткіш белгі қойған.

Жұрынбайұлы Қожахметтен – Гүлжан (1940) есімді қыз қалған. Ресейдің «Мемориал ОДБ» сайтында Нұрпейісов Қожахметтің 1921 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Тельман колхозында туғаны, 1940 жылы 25 қазанда Астрахань облысы Марфин аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынғаны, 1941 жылы желтоқсанда хабарсыз кеткені туралы мәлімет бар.

ы

Ақжан Жұрынбайқызы Алматыда, Динаның қолында болып, М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені бітіріп, өнер саласында қызмет етеді. Бірнеше мәрте ақындар айтысына қатынасқан, жақсы домбырашы болған. Ақтөбелік Қуанышев Шаңғытбай деген азаматқа тұрмысқа шығып, 5 перзент сүйген. Бір ұлы Төлеген Қуанышев – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты болған. 1999 жылы Ақтөбе қаласында қайтыс болған. (Суретте Ақжан Жұрынбайқызы мен Ниетқали Өтегенұлы. 1947 жыл, Алматы).

Балжан Жұрынбайқызы Алматыда Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген, биология-география пәндерінің мұғалімі, Қызылорда облысы Қазалы қаласына тұрмысқа шығып, сол жерде ұзақ жыл еңбек еткен. Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі атанған. 2 ұл, 1 қыздың анасы.

Жұрынбайұлы Қожахметтен Гүлжан (1940) есімді жалғыз қыз қалған, Ақтөбе қаласына тұрмысқа шыққан, ұстаз. 

2). Бақтылы Шәпекқызы (1897-1971)

Жоғарыда айтқан Астрахань архивіндегі тағы бір құжатта 1897 жылы 15 жедіде Бекетайда Бақтылы деген қыз бала дүниеге келгені тіркелген, «атасы беріш руы бесқасқа тайпасы Шәпек Мақатұлы, анасы Дина Кенжеқызы» деп жазады Нарын қисымындағы №2 ауыл мешітінің имамы Жұбан Жүрдібекұлы. (АОМА, Қор №1115, Тізім №1, Іс №550). Бақтылы Шәпекқызы кердері Өтеген Жексембіұлына (1889-1981) шыққан, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Көпжасар ауылында өмір сүрген.

Бақтылы Шәпекқызы мен Өтегеннен – Күңкә (1913 ж.т.) Үміт (1915 ж.т.) Жұмағали (1921 ж.т.), Ұлмекен (1923 ж.т.), Ниетқали (1926 ж.т.), Нәсіп (1928 ж.т.) Рысты (1930 ж.т.) есімді балалар болған. Жұмағали Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, Ниетқали да майданда болып, елге аман келген.

- Менің әкем Ниетқали соғыстан кейін Алматыда, Дина әжеміздің үйінде жатып оқыған. Бақтылы әжем домбыра тарта білетін, бірақ аса шебер емес еді. Ал әкем домбырада жақсы ойнады, тіпті 1947-1948 жылдары Алматы облыстық филармониясында қызмет етіпті. Кейін ауылда көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болды, - дейді оралдық Дәрібек Өтегенов. Ол «Дина» қоғамдық бірлестігін құрып, біраз жылдан бері күйші мұрасын насихаттап жүр.

5

1967 жылы 8 мамыр күні түсірілген мына суретте Орал облысы Жаңақала ауданы Жаңаталап кеңшары көркемөнерпаздарынан құрылған ұлт аспаптары оркестрі бейнеленген. Алдыңғы қатарда ақ жаулықпен Дина Нұрпейісованың бейнесінде отырған – Бақтылы Шәпекқызы.

«Бақтылы әжем ерке, мінезі тентек болған. Соғыстан кейінгі жылдар болса керек, Алматыға, анасының үйіне барып отырып:

- Әй, сен кемпір, маған неге күй шығармайсың? Үлкен қызың мен емес пе? – депті әзілдеп Дина шешесіне.

- Бақтылыжан, сен амансың, жолдасың бар, біреу болса да балаң қалды. Қоңыржанның көрген бейнеті көп, Алматыға да келе алмайды. Ол байғұсты енді көрем бе, көрмеймін бе?! Қанша ғұмырым қалды дейсің?! – деп көзіне жас алған екен күйші.

ы

Бұл суретте солдан оңға қарай: Мұрат Шәпекұлы, Дина күйші, Бақтылы Шәпекқызы, келіні Орынжан (Мұраттың әйелі), күйшінің жиені Ниетқали Өтегенұлы.

«Бақтылы әжем қайтарында «Шәке, Шәке» деп жатты. «Әкесін шақырып жатыр, кететін шығар» деді Өтеген атам. Бұл 1971 жылғы 5 шілде болатын. Әжеміздің зираты Көпжасар ауылында» дейді Дәрібек Өтегенов. 

3). Қоңыр Шәпекқызы (1899-1967)

Динаның «Әсемқоңыр» күйі осы қызына арналған. Кейбір әңгімелерде Динаның Әсем және Қоңыр деген қыздары болған деген қате дерек кездеседі.

сс

Қоңыр Нұралықызы 1899 жылы Бекетай құмында туған. Ол 16 жасқа толғанда бір бай 1 түйе, 1 ат, 1 сиыр бермек болып, тоқалдыққа сұраған екен. Шәпек алғашында беруге келіседі. Бірақ сол кезде бір жездесі араласып, «айдаладағы біреуге екінші әйел болғанша, өзімнің балдызыма алып берем» дейді. Сөйтіп Қоңыр 1915-1916 жылдары өзінің бөлесіне, руы кердері Сейітқазы деген жігітке тұрмысқа шыққан екен. Сейітқазы аласапыран жылдары теңіз кәсіпшілігіне жұмысқа кетіп, отбасынан адасып қалған. 1930 жылдар шамасында Жаңақалаға, Көпжасар ауылына келіп, Қоңырдың апасы Бақтылының үйінде ауырып қайтыс болыпты.

«1920 жылдардың іші болса керек, Нарын құмындағы қазақтарды Орал облысының өзге өңірлеріне, әсіресе казактардан босап қалған жерлерге көшіру, жерсіндіру бағдарламасы болған. Осындай себеппен Қоңырдың ауылы да Жайық бойына, Ілбішін маңына қоныс аударған. Жаңа жерде оларға колхоз құрып, мал беріп, жағдайын жасаған. Алайда құм адамдары жаңа жерге үйренбей, түн ішінде кейін қашып кетіпті. Қоңыр шешеміз «сиырға жүгімізді арттық та, берген малын қалдырып, ештеңе алмай, түн ішінде құм жаққа тартып отырдық» деп еске алады екен. Сөйтіп бұрын жайлаған Бекетай құмы, №12, 24 ауылдардың жеріне жетіп, кейін сол жерде серіктік құрып, 1952 жылы қайта көшіргенше отырған» дейді Қоңырдан туған Бағила апай.

Қоңырдың екінші күйеуі Қайыржан да кердері руынан. Жалпы бесқасқа мен кердері ауылдары үнемі қоңсы қонып, қыз алысып, қыз берісіп, ежелден аралас-құралас болған ауыл екен.

Қоңырдан – Әжайып, Сұлтан деген екі ұл, Әкима, Бағила деген екі қыз болған.

1922 жылы туған Әжайып Ұлы Отан соғысынан қайтпаған, ұрпағы жоқ.

1929 жылы туған Әкима қызы Ақтау жағына тұрмысқа шыққан, «1985-1990 жылдарға дейін хабарласып тұрдық» дейді Бағила апай.

1936 жылғы Сұлтан деген ұлы 2012 жылы қайтыс болған. Одан жалғыз Маржан деген қыз болған. Сұлтан домбыра шертіп, ауыл-аудан аралық концерттерге шығып, оркестрге қосылып жүрген. Бірақ өнер қумай, ауылда қарапайым тірлік кешкен.

Қоңырдан туған кенже қыздың есімі – Бағила, 1944 жылы дүниеге келген. Бала кезінен көзі ақаулы болып, кейін мүлдем көрмей қалған. Бірақ өте зерделі, нағашы әжесі, одан тараған ұрпақтар туралы мол дерек берген кісі.

ы

Қоңырдың отбасы 1952 жылы Нарын құмын жайлаған халықты полигонға байланысты көшіргенде, қазіргі Қазталов ауданының Қараоба ауылына орналастырған. Ол кісі совхозда сауыншы, пішенші болып, 1967 жылы дүниеден өткен. Динаның «Әсем Қоңыр» күйі осы қызына арналған, Бағиланың айтуынша, сағыныштан, қызының қиын тағдырына аяушылықтан шыққан. «Екі рет тұрмысқа шықты, тағдыры қалай болды деп уайымдаған шығар» дейді Бағила апай.

Қоңыр Шәпекқызы 1967 жылы Орал облысы Қазталов ауданы Қараоба ауылында қайтыс болды, зираты Ақшырақ деген жерде.

 4). Салиха Шәпекқызы (???-1955)

Салиха туралы көп дерек жоқ. Динадан туған балалар қатарында айтылғанымен, әзірге қай жылы дүниеге келгенін анықтай алмадық. «Салиха деген қызы Астрахан жағына тұрмысқа шыққан, 1955 жылдары қайтыс болып кеткен» дейді Бағила апай. 

5). Мұрат Нұрпейісов (1903-1974)

Мұраттың толық есімі бірде Төремұрат, бірде Ғабдолмұрат, бірде Төлемұрат деп беріліп жұр. Бірақ құжаттарда тек Мұрат деп жазылған.

Мұрат Нұрпейісов – Дина шешеміздің үнемі жанында болған, ең жақын жүрген баласы. «Подвиг народа» сайтында Нұрпейісов Мұрат Шәпекұлының 1903 жылы Орал облысы Жаңақала ауданы Бекетай ауылында туғаны, 1941 жылдан әскер қатарында болып, 1944 жылы 24 сәуірде «За боевые заслуги» («Ұрыстағы еңбегі үшін») медалімен, 1944 жылы 14 қыркүйекте «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен, 1945 жылы 22 наурызда ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталғаны көрсетілген.

Соғыстан аман-есен келген соң Алматыда, Динаның қасында болған. 1946 жылы Астраханда үлкен ұл Жұрынбай дүниеден өткен соң, Мұрат елге келіп, Жұрынбайдың әйелі Қайшаны, қыздары Ақжан мен Балжанды, Қожахметтің қызы Гүлжанды Алматыға көшіріп алып кеткен.

«Сол сапарында Мұрат нағашым апа-жездесінің, яғни менің атам Өтегеннің үйінде бір айдай жатыпты. Ол Нарындағы Қарашоқы деген құм екен» дейді Дәрібек Ниетқалиұлы.

«1947 жылы Жұрымбай әкеміз қайтыс болғаннан кейін Дина әжеміздің жұмсауымен Мұрат (Қабдолмұрат) бізді Алматыға көшіріп алып кетті. Біз Орал арқылы көштік. Жолшыбай Жаңақаланың 24, 8 ауылдарының үстімен жүрдік. Ол жерде біздің бесқасқа ағайындарымыз көп екен. Олар бізді өздерінің ат-көліктерімен Оралға жеткізіп тастады» - Бұл Балжан Жұрынбайқызының естелігі.

«Мұрат (Төлемұрат) Шәпекұлы Нұрпейісов соғыста ерлікпен шайқасты. Жауынгер М.Нұрпейісов 1941 жылы майданға өз еркімен аттанып, жауды жеңгенше аянбай соғысты. Мұрат Шәпекұлы «Берлинді алғаны үшін» медалімен, жауынгерлік айбынның ең жоғары ордені – «Даңқ» орденімен марапатталды. Майданнан оралғаннан кейін М.Нұрпейісов ұзақ уақыт КСРО ІІМ органдарында жұмыс істеді» деп жазады өлкетанушы Асылбек Ситалиев.

Мұраттың алғашқы жолдасы Орынжаннан бала болмапты. Кейін Алматайға үйленеді де Нұрлан, Жасұлан, Бақтығұл есімді ұлдары, Кәрима атты қызы өмірге келген. Нұрлан мен Жасұлан дүниеден ертерек өткен, ал Бақтығұл (1956) мен Кәрима (1958) Алматы қаласында тұрады.

Бір қызығы, Мұрат егде тартқан шағында елге келіп, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Көпжасар ауылында тұрған. «Алматыны жерсінбей, елді сағынып, «Бекетайдың жаман шегейінде өлсем» деп армандайды екен» деп Бағила Бишаева апай еске алады. Ал Дәрібек Өтегенов Мұрат нағашысының Бақтылы апайымен көрші тұрғанын, бірақ әйелі ауылға үйренісе алмай, Алматыға кері көшкенін айтады. Ол 1974 жылы Алматы қаласында дүниеден өткен. 

6). Қажен Нұрпейісов (1916-1941)

Балжан Жұрынбайқызы өз естеліктерінде Динадан туған Мұратты «кенже бала» деп көрсетеді. Бірақ Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған Қажен Нұрпейісов 1916 жылы туған. Яғни Мұраттан кіші. Қаженнің азан шақырып қойған есімі – Қажымұрат болса керек.

«Мемориал ОБД» сайтында Хажен Нұрпейісовтің 1916 жылы дүниеге келгені, Астрахань облысы Краснояр аудандық әскери комиссариатынан 1940 жылы 8 шілдеде әскерге алынғаны, 1941 жылы шілдеде хабарсыз кеткені айтылады. Астрахан облысы Красный Яр ауылында тұрған әйелі Балсан Нұрпейісоваға 1941 жылы қазан айында «қара қағаз» жіберілген. 

Динаның жүрген жерлері

Дина күйшінің 1937 жылы Астрахань өлкесінен Алматыға аттанғанға дейінгі өмір жолы толық зерттелді деп айту қиын. Мақаламыздың басында көрсеткеніміздей, күйшінің Құрманғазымен жолыққан уақытында да бірізділік жоқ. Тек Астрахань архивінен табылған метіркелік мәліметтер ғана нақты құжат, күмәнсіз дерек ретінде қабылданса керек. Осыған орай өз болжамымызды да айта кетейік.

Біріншіден, осы кезге дейін қағазға түскен барлық жазбада Дина 1861 жылы туған, 19 жасында (яғни 1880 жылы) тұрмысқа шыққан делінеді. Бірақ біз Динаның алғашқы күйеуі Нұрпейістің 1894 жылы дүниеден өткенін, оның іште қалған ұлы Жұрынбай сол жылы дүниеге келгенін анықтап отырмыз. Осыған қарап Динаның өмірбаянында он шақты жылдай жаңылыс бар-ау деген күмәнімізді жасыра алмаймыз. Архив деректерін әлі де ақтарса, күйшінің туған, алғаш ұзатылған жылдарына қатысты мәліметтер табылуы әбден мүмкін.

Тағы бір қызық мәлімет – Бағила апайдың айтуынша, Шәпек орта шаруалы болса да әжептәуір көлемді жері болған көрінеді. Дина Шәпекке тигенімен, өз үйін жықпаған, бала-шағасымен бөлек тұрған.

Атыраулық өлкетанушы Мүтиғолла Нәсиханов «Өркенді өңір» газетінің 2015 жылғы 3 наурыздағы санында «Құм Нарын қойнына бүккен сырлар» атты мақала жариялаған. Мақалада Құсайын Жұмағалиұлы деген ақсақал: «Менің анам Мәдина – бесқасқа беріштің қызы еді. Бала кезінде Дина шешемізді көрген. «Балалары көп, тұрмысы кедей болды. Дина шешеміз ел аралап, той-томалақта күй тартатын. Дәулеті бар адамдар соғым беріп, жазда қой атап, құрмет қылушы еді. Шәпек атамыз жуас кісі болған, Динаның күй тартуына қарсы болмай, керісінше қолдап отырған» деген естелігін айтқан.

Естелік иесі 1920 жылдары Нарын құмында болған алапат аштық кезінде Дина мен Шәпек бір-бірінен ажырап, Дина Астрахань жағында колхозға кірген үлкен ұлы Жұрынбайды сағалап кеткенін айтады. «Бұл 1921 жыл болса керек» дейді автор.

1920 жылдардың ортасында Бөкейлікте ашаршылық болып, ел қатты қиналғаны рас. Сол жылдары үкімет орындары құмдағы қазақтардың бір бөлігін ақ казактардан босап қалған Шежін өлкесіне – қазіргі Тасқала ауданы аумағына орналастырған. «1928 жылы Дина ақ түйесімен келіп, Степнойдың №4 фермасы Замсинге бір қыс қыстап кетіпті, үлкендерден естідім» дейді тасқалалық ақсақал Әбухан Қайыров. Бұл деректің анық-қанығын тексере алмадық.

Айтпақшы, 2002 жылы «Ана тілі» газетіне Үміт Дәулетқалиқызы деген кісінің сұқбаты шығып, елді бір шулатқан болатын. Онда әңгімеші: «Сонау бір жылдары әмеңгерлікпен атастырылған күйеуі Шәпек пен бәйбішесінен шетқақпайлық көрген Дина шешейді Құрманғазы іздеп келіп, қамқорлығына алыпты. Бала-шағасымен көшіріп әкетіп, Каспий теңізіне жақын, бір өзен аңғарындағы жертөлеге орналастырыпты. Бұл бір жағынан шешейдің шаруасына қарасқаны болса, екінші жағынан екі дүлдүлдің армансыз күй жарыстырған ғажап мезгілдері болса керек...» деп толғайды. Сосын Дина шешейдің дүниеден өтер алдында өзіне ғана сыр етіп: «Үміт қарағым, Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып не қылайын, Құрманғазы атаңнан менің бір балам болды. Ол жасында суға кетті» деп айтқанын жариялаған.

Әрине, бұл дерек кезінде Динаның ұрпақтарының және халықтың ашу-ызасын тудырып, баспасөз бетінде түрлі талқылау болғаны рас. Ұлы күйшілер, ұстаз бен шәкірт атанған тарихи тұлғалардың арасын ашыналықпен жалғаған арзан әңгімеге нақты тарихи дерекпен де нүкте қоюдың реті келгендей. Яғни Дина шешеміз Шәпекке жаңадан қосылып, Бақтылы қызына жерік болып жүргенде, Құрманғазы бабамыз 1896 жылы 73 жасында Астрахан өңіріндегі Алтынжар ауылында дүниеден өткен болатын. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам деген осы да.

P.S. Дина феномені, оның музыкалық таланты туралы Ахмет Жұбанов, Ғафура Бисенова, Қаршыға Ахмедияров секілді өнертанушы марғасқалар талай-талай мақала жазды. Шынында да тек қазақ ортасында ғана емес, әлемнің озық елдерінде де әйел құқығы оңайлықпен мойындала бермейтін ХІХ ғасырда өнер көгінде өшпес жұлдыз болып жарқыраған Дина Нұрпейісованың тағдыры ерекше-ақ. «Әлемнің ең атақты әйел-музыканттары» деген мақала жазып, Кассия Песнописица, Хильдегарда Бингенская, Фанни Мендельсон, Клара Шуман және Консуэло Веласкестердің қатарына Дина Нұрпейісованы да қосқан автор Лилит Мазикинамен келіспеу қиын. Шынында да Дина – әлемдік тұлға болатын.

Батыс Қазақстан
 © egemen.kz/

0 пікір