Баланы қырқынан шығару дәстүрі және оның діндегі орны
Баланы қырқынан шығару дәстүрі және оның діндегі орны
5 жыл бұрын 60546
Абдусамат Қасым, Исламтанушы

Қырқынан шығару рәсімі ескі шаманизмнен қалған рәсімдердің бірі делінеді кейбір деректерде. Исламнан бұрынғы көне көк түрік халықтарында кеңінен таралған бұл үрдіс әлі күнге шейін түркітілдес халықтарының біразында дәстүр ретінде сақталып қалған. Мәселен, Түркия елінде бұл рәсім кырклама (kırklama), кырк учурма (kırk uçurma) деген атаулармен белгілі болса, қазақта оны «қырқынан шығару» дейді.

Қырқынан шығару дәстүрі Исламнан бұрынғы көне түркі халықтарының ұстанымы болып келген шаманизм нанымынан бастау алады. Табиғат пен рухтың тығыз байланысы негізіне құрылған шаманизм сенімін дәріптейтін халықтарда ана мен баланың денсаулығы үшін қауіпті кезең болып саналатын 40 күн өткеннен кейін, қырқынан шығару рәсімін орындау маңызды орынға ие тұғын. Қырқыншы күні біршама жол-жоралғылар орындала отырып, сәби мен анасын жуындырады (қырқынан шығу), одан кейін 7 үйді кезу рәсімін орындайтын болған. Оны қырық кезу дейді екен. 

Қырқынан кейін баланы шомылдыру

Сәбидің туылғанына қырық күн толғаннан кейін шомылдыру рәсімі таң азанымен орындалады. Оны шомылдыруға тәжірибелі және салт-дәстүрді жақсы білетін үйдің үлкеніне немесе өзге туыстардан немесе жора-жолдастардан бір адамды сайлайтын болған.

Әзірленген суға көз тимесін деп көзмоншақ тасталатын және сол суға айдың нышаны ретінде күміс, күннің нышаны ретінде алтын салынатын. Сонымен қатар, әзірленген судан қырық шөміш (не қасық) су - ана үшін, қырық шөміш су - бала үшін бөлек алынып қойылатын болған. Кейін шомылдырудың соңында ол қырық шөміш суды «су - төмен, бойы - жоғары болсын, су сияқты өмірі ұзақ болсын» деген тілектер айта отырып, сәби мен ананың басынан құйып, осылайша екеуін қырқынан шығаратын болған. (Қазіргі таңда рәсімнің анасын шомылдыру бөлімі орындалмайды). 

Қазақ салтында баланы шомылдыратын ыдысқа күміс салып, алдымен баланың үстіне қырық қасық таза суды, жиналған жұрт тілек айтып құяды. Қазақ салтында сәбидің үлпілдек шашы қырқында алынады.

Қырқынан шығару және Ислам

Ислам дінінде қырқынан шығару деген рәсім орын алмаған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйретуі бойынша, сәби туылғаннан кейін жетінші күні шаш-тырнағы алынып, балаға азан айтылып есімі қойылады. Алынған шашының ауырлығындай күміс немесе алтын, не болмаса, соларға шақтап ақшалай садақа беріледі. Осы жетінші күні Ақиқа құрбаны шалынады. Үкімі - мұстахаб.

Қырқынан шығарудың үкімі

Төл дінімізде қырқынан шығару үрдісі орын алмағанымен, жергілікті халықтың салт-дәстүрі болып есептелетіндіктен, әрі Ислам дінінің негізгі қағидаттарына да қайшы келмейтіндіктен қырқынан шығару рәсімінің діндегі үкімі - мубах. Оның шаманизмнен бастау алатындығы үкімді өзгертпейді. Өйткені астарындағы шамандық пәлсафасы әлде-қашан өз барлығын жоғалтып, бүгінде ол тек қазақи салт-дәстүр ретінде қалыптасып кеткен.  

©️ islam.kz 

0 пікір