Имам Мәтуриди бойынша иман
Имам Мәтуриди бойынша иман
1 жыл бұрын 2118

Бисмилләһир рахманир рахим

Әбу Мәнсур әл-Мәтуриди (оған Алла разы болсын), иманды «жүрекпен растау» деп түсіндірген. Бұл дегеніміз, әлдекім Алланы және оның пайғамбарын әрі Исламды хақ деп іштей растап, мойындаса, ол адам - мұсылман деген сөз. Өйткені, «иман» сөзінің тілдік мағынасы «растау» дегенге саяды. Мәселен, Алла Тағала Құранда Юсуф пайғамбардың бауырларының әкелеріне айтқан мына бір сөзін былай деп келтіреді: «Сен бізге иман етуші емессің» - дейді1. Яғни, "сен біздің айтқанымызды растап отырған жоқсың" деген ұғымда. Осы аятта иман сөзі «растау» мағынасында қолданылып отыр.

Алайда, «растау» ісі - адамның ішіндегі жай-күйі болғандықтан, оның мұсылман болғандығы сырт көзге белгісіз, сондықтан да, оған осы дүниеде мұсылман мәмілесі жасалу үшін жүрегіндегі растауын сыртқа да сөз жүзінде айтып білдіруін шариғат бұйырады. Оны «иқрар» дейміз. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында сахаба Усама ибн Зәйд жорықтардың бірінде тілін кәлимаға келтірген жау әскерін өлтіреді, сонда, Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Оны «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтқанына қарамастан өлтірдің бе? - деп сұрайды айыптап. «Ол кәлиманы аман қалу үшін ғана айтты» деп жауап береді Усама. Сонда Алла елшісі оған кейіп: «Сен оның жүрегін ашып көрдің бе?!» дейді де, артынан: «Мен адамдардың жүректеріндегіні қарастыруға және ішін жарып көруге бұйырылмадым!» дейді, жүрегіндегіні Алла ғана білетіндігін ұқтырып2.

Ендеше, иман келтіргендігін ауызша айтса, ол біздің назарымызда мүмин-мұсылман болып есептеледі, өйткені сөз - жүректегінің хабаршысы. Алайда, сөз жүзінде «иман еттім» деп, бірақ іштей жүрекпен сенбесе, ол адам біздің назарымызда мүмин-мұсылман болып есептеле береді, алайда Алланың алдында ол - кәпір болып табылады.

Керісінше, егер жүрекпен сенгенімен, онысын сөз жүзінде айтпаған болса, ол - Алланың назарында мүмин-мұсылман, ал біздің назарымызда мұсылман емес, өйткені жүрегіндегіні біз білмейміз, сондықтан оған мұсылман мәмілесі жасалмайды. Иманның өзегі - жүректе. Алла жүрегіндегіге қарайды, ал біз тіліндегіге қараймыз.

Демек, адам баласы мұсылман болу үшін өмірінде бір рет тілін кәлимаға келтірсе жеткілікті екен, діннен шығарар күпірлі іс жасамайынша, ол мұсылман болып қала бермек.

Иман мен амал

Имам Мәтуриди бойынша амал мен іс-әрекет «иман» ұғымына кірмейді. Бұл дегеніміз, кісі күнә жасағаны себепті иманнан шықпайды және қанша күнә жасаса да ол мұсылман болып қала береді деген сөз.

Істердің иманнан бөлек екендігін Құранның бірнеше аяттарынан ұғынуға болады. Атап айтсақ мына бір аятта Құдай Тағала ізгі істерді иманға «атф» жасап, жалғастырып айтып тұр: «Сондай, иман еткендер мен ізгі амал істеушілер...».3 Ереже бойынша «атф» пен «маътуф алейһ» екеуі екі бөлек ұғым (яғни, аятта келтірілгендей жалғаулық шылау арқылы бір-біріне жалғанып айтылған екі нәрсе екеуі екі бөлек ұғым). Демек, осыдан біз іс-әрекеттің иманнан бөлек нәрсе екендігін ұғынамыз.

Және де мына бір аятта Алла Тағала: «Иман еткен пенделеріме айт, намаз оқысын!»4 деп бұйырады. Осы аятта Жаратушы Алла әуелі иман еткен «мүминдерді» атап, одан кейін намаз оқу сөзін қолданып тұр, осылайша, иман мен намаз арасын бөліп айтып тұр. Мұның өзі амалдың иманнан бөлек екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ, Құранда әңгімеленген «Үңгір» иелерінің де және кейіннен иманға келген перғауынның сиқыршыларының да істеген діни амалдары жоқ еді, алайда ешбір мұсылман олардың иманды болғандықтарын жоққа шығармайды. Осы да амалдың иманнан бөлек екендігін нақтылап тұр.

Құдай Тағала мына бір аяттарда иманның орналасқан жері жүрек екендігін айшық білдіруде:

«Кім жүрегі иманға толы болып тұрып, күпірлі сөз айтуға мәжбүр болса ол басқа»5.

«Қашан сендердің жүректеріңе иман кірген кезде...»6.

«Олар сондай Алла жүректеріне иманды жазғандар...»7.

Ал, жүрек - іс-әрекеттің орны емес, наным-сенімнің орны екендігі мәлім.

Бұнымен қатар, мына бір аятта Алла Тағала үлкен күнә жасаған пендені мүмін деп атаған:

«Ей, иман еткендер! Сендерге қысас жазасы жазылды!».

Осы аятта біреуді нақақ өлтірген адамды «мүмин» деп атап тұр. Егер амал мен иман ажырамастай бір бүтін болғанда, ауыр күнә жасағанды «мүмин» деп атамас еді. Демек, иман - жүрек ісі. Ол амалдан бөлек.

Иман мен таным байланысы

Әбу Мәнсур әл-Мәтуриди (р.а.) иманның біліммен тығыз байланысын да атап өткен. Ғалымның пікірінше білім - кісіні Алланы және оның хақ дінін «растауға» жетелейді, ал білімсіздік кісіні - өтіріксінуге жетелейді. Өйткені, шынайы иман Алланың адам баласына берген сыйлықтары мен бөлеген нығметтерін толық танып, білген уақытта қалыптасады8.

Иман артпайды және кемімейді

Мәтуриди ақидасы бойынша «иман жүрекпен растау және тілмен айту» болғандықтан, оның артуды да, кемуді де қабыл етуі мүмкін емес. Өйткені, иманның шарты - еш күмәнданбай мызғымас сеніммен растау болып табылады. Бұл дегеніміз, растау ісінің жеке өзі әртүрлілікті және құбылмалдылықты қабыл етпейді дегенді білдірмек. Өйткені құбылмалдылық - күмәнділік ықтималдылығын тудырады, ал күмәннің қай түрі болса да яқинға қарамай-қайшы, күмән яқинмен бір жерде топтаса алмайды.

Осы жөнінен алғанда, біздің иманымыз періштелердің иманымен тең. Өйткені, біз де періштелер секілді Алланың бір екендігіне сенеміз және біз де олар секілді пайғамбарларға сенеміз т.б. Бұл, иманның, негізінен алып қарағанда, бір екендігін, ешкімнің иманы, ешкімнен артық емес екендігін білдірмек. Мәтуриди ақидасындағы бұл тезисті кейбір ғалымдар «мөлшер жөнінен иман - бір, ал сапа жөнінен иман әртүрлі» деп түсіндіреді. Өйткені, иманның сапалы болуы жөнінен біздің иманымыз сахабалардың иманына жетпейтіндігі анық немесе күнәһар мұсылманның иманы - күнәдан ұзақ тұратын тақуа мұсылманның иманымен сапасы жөнінен бірдей болмауы мүмкін.

 Иман мен Ислам бір ұғым

Имам Мәтуриди бойынша «иман» мен «ислам» терминдері тілдік тұрғыда әртүрлі мағынаны білдіргенімен, шариғи тұрғыда екеуі синоним сөздер. Мысалы, қалайша «адам», «пенде», «ер адам», «пәленше» деген сөздер айтылуда әртүрлі болғанымен, түбіндә бәрі бір нәрсені білдіріп тұрған болса, иман мен ислам ұғымдары да солай.

Ислам деген, Аллаға бойсұну, оның бұйрықтарына бағыну, айтқандарын қабыл ету дегенді білдіреді, бұл болса «растаудың» дәл өзі. Иман етпей адам мұсылман бола алмайды, тура сол секілді Алланың және пайғамбардың бұйрықтары мен тыйымдарын мойындап, қабыл етпей ешкім мүмин бола алмайды. Иман мен ислам сөздерінің бір ұғымды білдіретіндігін Құранның көптеген аяттарынан да ұғынуға болады. Құранда бұл қос термин бірінің орнына бірі қолданыла береді. Мұның өзі екеуінің екі бөлек емес, бір екендігін білдірмек. Бұған қатысты Имам Ағзам Әбу Ханифаның мынадай бір сөзі бар: «...Иман мен Ислам сөздік тұрғыда бір-бірінен бөлектеніп тұрса да, исламсыз иман, имансыз ислам болмайды. Бірі сыртқы жақ, екіншісі ішкі жақ. Ал, «дін» деп - Иманды, Исламды және жалпы шариғатты айтады»9.

Сондықтан да, шариғатта "мынау - мүмин емес, мұсылман немесе мынау мұсылман емес, мүмин" деп бөліп жару дұрыс емес. Кісіні иманнан шығаратын іс, оны мұсылманшылықтан да шығарады.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!   

Абдусамат Қасым


1  «Юсуф» сүресі, 17 аят.
2  Имам Бұхари, «Сахих Бұхари» - «Иман».
3  «Бақар», 277 аят.
4  «Ибраһим» сүресі, 31 аят.
5  «Нәхл» сүресі, 106 аят.
6  «Хұжурат», 14 аят.
7  «Мүжәдәлә», 22 аят.
8  Имам Мәтуриди, «Китабут тәухид».
9  Баязизаде, «Усулул Мунифа». 83 бет.

0 пікір