ЯҺУДИЛІК ЕҢ АЛҒАШҚЫ МОНОТЕЙСТІК ДІН БЕ?
ЯҺУДИЛІК ЕҢ АЛҒАШҚЫ МОНОТЕЙСТІК ДІН БЕ?
4 жыл бұрын 7528
Махмет Мұратхан

Қазіргі күнде, халық арасында яһудилік діні адамзат тарихындағы ең алғашқы монотейстік дін (бір құдайлық) деген көзқарас кеңінен таралған. Шынымен де, яһудилік дінінің Алла тарапынан кітап түскен иләһи дін екендігінде күмән жоқ. Дегенмен бұл таухид сенімі - яһудилік діні келгенге дейін ешбір жерде, ешбір дінде болмаған деген көзқарасты білдірмейді. Алғашқы ғасырларда адамдар өздерінің сенімдерін өзгертіп, әртүрлі наным-сенімдерге, тіпті пұтқа табынушылыққа бет бұрғанымен, бұл алғашқы кезеңдерде монотеистік дін болмаған дегенді білдірмейді. Шын мәнінде, ғылыми зерттеулер адамзаттың алғашқы кезеңнен бастап халықтар арасында бірқұдайлық сенімі болғанын, қалыптасқанын растап отыр.

Құдайға сену дін ретінде мойындалатын барлық феномендарға тән құбылыс. Тіпті, бұл діннің алғашқы формалары саналатын анимизм, тотемизм, фетишизм сияқты барлық наным-сенімдерге де тән көрініс болып саналады. Діннің алғашқы формаларын зерттеуде Австралияда өмір сүрген ежелгі тайпалардың өмірі мен мәдениеті басшылыққа алынғаны белгілі. Сол елдің оңтүстік-шығысында өмір сүрген аборигендердің тұрмыс салты мен өмір сүру формасына діни зерттеулер жүргізген ғалымдар олардың да бір жоғары рухани күшке табынатын дәлелдеді. Дәлелдей келіп олардың барлығын политейстік діндер (көп құдайлық) тобына жатқызды.

Антропологиялық теориялармен түсіндіруге келмейтін ежелгі сенім бойынша, өлімге дейін өмір сүрген құдіретті құдай әлі күнге дейін жоғары ғарыштан адамдар мен олардың жүріс-тұрысын бақылап отырады. Сонымен бірге, Ол өзінен төмен басқа да құдайлардың қызметтерін реттеп отырған. Айталық, Орталық Австралиядағы зерттеулер онда өмір сүрген халықтар арасында «ежелден бар», «рақымды» және «мәңгілік», «жалғыз құдай» – Атнату сенімі кеңінен таралғанын анықтаған. Діндер тарихы саласындағы осындай жаңа зерттеулер алғашқы наным-сенімдерде құдайдың жалғыздығына, бірлігіне деген сенімнің болғандығын және кейіннен оның өзгеруі нәтижесінде көпқұдайлық сенімнің пайда болғанын көрсетті.

Ал, Ассирия-Вавилон діндерінің политеистік діндер тобына жататындығы анық болса да, бұлардан да монотейстік сенімді байқауға болады. Әсіресе ассириялықтардың сенімі бойынша, кіші құдайлар ассирияның жоғарғы құдайының алдында нақты тіршілік иелері емес, қайта Жоғары құдайдың басқаша атаулары мен сипаттары немесе оның аватары ретінде көрініс тауып отырған.

Буддизм - философияға негізделген, онда Құдайға деген сенім жоқ деп айтылғанымен, бұл нақты тұжырымды шешім емес. Ежелгі үнділік санкхья ілімі пракрити және пурушид сынды екі субстанциядан тұратыны белгілі. Мұндағы, пракрити–мәңгі әрекеттегі және құбылмалы энергия, әр түрлі материалдық объектінің бастау көзі болып саналады. Буддисттік дереккөздерден Будда санкхья ілімін ұстана отырып, транс-сезімдік әлем, аян, ақырет сияқты теологиялық мәселелерді уағыздамайтынын, тіпті әлем мен құдай арасында байланыс бар деп те қарамайтын көруге болады. Алайда, Будда мәтіндері Ол өмір сүргеннен бірнеше ғасыр өткен соң өңделгенін ұмытпаған жөн. Бұл көзқарастан атеизм дәріптелмейтіні және оның Будда шәкірттерінің де мұндай қорытынды жасамағаны белгілі. Кейінгі даму кезеңдерінде буддизмде құдай туралы түсінікті қамып, тіпті Махаяна бағыты Будданың өзін де құдай деңгейіне көтерді. Демек, бұл Буддалық сенімінің негізінде де бір құдайлық сенім жатыр дегенді көрсетеді.

Монотеизмге ұқсас құдайлық сенім қытай діндерінде кең таралған болса да, аспан мен жер рухтарының, сондай-ақ Шаңди атты аспан құдайының болмысы қабылданды және бұл рухтар құдайға айналдырылды. Осы арқылы Қытай діндері политеистік түсінікке көшті. Алайда Қытайда монотеизмнің бұзылуына қарсы пікірлер ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді.

Ежелгі Мысыр дінінде Құдайға деген берік сенімінің барлығына еш күмән болмаса да, зерттеушілер арасында оның бір құдайға немесе нақты белгілі бір құдайға негізделгендігі туралы пікірталас туындайды. Мысыр мәтіндерінде сипатталған құдай -«бәрін жаратқан, мәңгілік, данышпан, ғылымда шексіз, көрінбейтін, дұғаларды қабылдайтын» жоғарғы жаратылыс. Алайда, бұл атрибуттар көп құдайларға бағытталады. Мұны да кіші құдайлардың жоғары құдайдың әр түрлі атаулары мен көріністері ретінде қарастыруға болады.

Зороастризмге дейінгі ирандықтардың діни сенімі үнділермен және арийлер тегімен бірдей қалыптасқан. Заратуштра әкелген түсінікке сәйкес Құдай (Ахура Мазда) Гаротмандағы (көктегі) ең жоғарғы болмыс, жаратылмаған рух және теңдессіз күшке ие құдай ретінде суреттелсе де, Ахура Мазданың күші белгілі бір мағынада шектеулі. Себебі, өзінің табиғаты жағынан оған мүлдем қарама-қарсы тағы бір рухани күш бар, ол белгілі бір мерзім ішінде Ахура Мазданың істеріне қарсы шығып, зұлымдық тудыруы мүмкін.

Кейінірек жазылған діни мәтіндерде Ахура Мазда өзінің ұлылығын сақтағанымен, өзінің абсолютті бірлігін жоғалтты. Классикалық түсінікте Құдайдың атрибуттары дараланып, оларға жеке-жеке ғибадат ету басталды, ал, от - Құдайдың ұлы ретінде сипатталып, адамдар оған да табына бастады. Сонымен бірге, адамдар зороастризмге дейінгі табиғат құдайлары Язаталарға да, Ахура Маздаға және оның бас періштелеріне де табынды. Осылайша, зороастризм діні бастапқы бір құдайлық формасынан өзгерді.

Ежелгі түркілердің ұлттық дәстүрінде түріктердің әлеуметтік, құқықтық және экономикалық өмірі тотемизм заңдылықтарына сәйкес келмейтіні белгілі, дегенмен кейбір зерттеушілер көк бөрі мен бүркіт сияқты жануарларға көрсетілген қамқорлықты пайдаланып, өз діндерінен тотемизмді іздеді. Осы жерде баса айта кететін бір мәселе- қайтыс болған ата-бабаларды жартылай құдай санау, оларға адам құрбандық шалу, әйелі мен оның айналасындағылардың бірін қайтыс болған бабаның қасына жерлеу сияқты ата-баба культіне тән нанымдар мен дәстүрлер ежелгі түркілерде кездескен жоқ.

Ежелгі түркілердің негізі сенімі - Көк Құдайына сену және оған құлшылық ету. Осы сенім жүйесіндегі «Тәңірдің»құдіретін бейнелеу үшін «Көк» деп сипатталған құдіретті жаратылыс қабылданды және оны Көк тәңірі деп атады. Адамдардың тағдырын анықтайтын, өмірге тікелей араласатын, бағынбағандарға бұйрық беріп, жазалайтын Құдай өмірдің принципі, ал өлім оның еркіне байланысты болды. Адам ғұмыры шектеулі, ал Көк құдайы- мәңгілік деп саналды. Осы қасиеттерден басқа, ең басты ерекшелігі, Ол- жалғыз Құдай. Сол себепті, ежелгі түрікілердің діни сенімін зерттеушілердің барлығы бұл сенім жүйесі бір құдайға негізделген деп ойлауға мәжбүр.

Арабтардың исламға дейін пұттарға табынғаны белгілі. Бұл мәселе Құранда жиі баяндалып, кейбір аяттарда пұттардың аттары да аталған. Алайда, олар әртүрлі тайпаларға тиесілі жүздеген пұттардан жоғары тұратын құдіретті бір Жаратушы құдай бар деп қарады. Құранда адамдардың осы құдіретті Жаратушының өзін және бүкіл ғаламды жарататын, күн мен айды белгілі бір тәртіпке қосатын, аспаннан жаңбыр жаудырып, тірі жанды тамақтандыратын құдірет иесі екендігіне сенетінін баяндалады. (Анкәбут сүресі 61-63; Зухруф сүресі 9) және олардың Алланың атымен ант бергендері (Әнғам сүресі 109; Ан-Нахл сүресі 38), өмірлерінің қиын және қауіпті кезеңдерінде Оған пана болғандығы баяндалады (Әнғам сүресі 40-41; Юнус сүресі 22) (Құрайш сүресі 3). Сондай-ақ, Құранда жаһилия кезеңіндегі арабтардың бір Аллаға жақындау үшін өздерінің пұттарына табынатындығын да баяндайды (Юнус сүресі 18; Зумәр сүресі 3).

Кейбір ғалымдар жаһилия арабтарында анықталған жалғыз Жаратушы құдай сенімін яһудилер мен христиандардың ықпалынан қалыптасқан деген пікірін ортаға қойды. Бір құдайға сенуге негізделген яһудилік пен христиан дінінің мұндай мүмкіндігі теориялық тұрғыдан дұрыс сияқты болып көрінгенімен, исламға дейінгі арабтардың шетелдік жат мәдениетпен еш байланыс болмауы және арабтардың яһудилермен де, христиандармен де ашық байланыс орнатпауы бұл көзқарастың дұрыстығын жоққа шығарады. Белгілі болғандай, арабтардың өз елдерінде христиандар жоқтың қасы. Ясриб (Медина) төңірегінде қоныстанған яһуди тайпалары сол аймақтағы арабтарға ықпал ететіндей деңгейде емес еді.

Сонымен қатар, яһудилердегі антропоморфизм (жаратушыны адамға ұқсату) мен христиандықтағы үштік құдай образын арабтардың пұтқа табынуы мен жоғарғы құдай сенімінен кездестіре алмайсыз. Сондықтан, ежелгі араб дүниесіндегі пұтқа табынушылықты Ибраһим пайғамбардың ханиф дінінің жалғасы деп қарауға болады. Мұсылмандық сенім бойынша Исламға дейінгі Арабияда ханиф терминмен тайпа Құдайына (идолына) табынуды мойындамайтын, рәсімді қатты қадағалайтын аскеттерді, бір ғана Құдайға сенетін адамдарды атаған. Құранда Ибраһим Ханиф есімімен аталған. Оның нағыз монотеизмге жататын дінін Мұхаммед пайғамбар қайта жандандырды делінеді. Шын мәнінде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және басқа да көптеген араб тайпаларының ататегі Ибраһимнің (с.ғ.с.) ұлы Исмаилға (а.с.) тіреледі.

Құранда баяндалған әр түрлі аяттардан Пайғамбарымыздың адамдарды мәңгілік бақытқа жетелейтін хақ дінге, ханиф дініне шақырғанын байқаймыз. Осы кезеңде мүшріктер, әсіресе яһудилер мен христиандар өздерін Ибраһимнің (а.с.) дінін жалғастырушымыз деп айта бастады. Осыған байланысты, Қасиетті Құранда Ибраһимнің (а.с.) яһуди, христиан немесе көпқұдайшыл емес, тек жалғыз құдайға ғана құлшылық жасаған мұсылман (ханиф-мұсылман) екендігі анық айтылған. (Әли Имран сүресі, 67).

Шын мәнінде, Құран Кәрімде: «Сендердің Одан өзге шоқынған нәрселерің, сендер әрі аталарың атаған құр аттар ғана. Алла, оларға табынуға байланысты ешбір дәлел түсірмеген. Үкім Аллаға ғана тән. Ол, өзіне ғана құлшылық қылуларыңды бұйырған. Міне осы, тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі білмейді» - деп баяндалған. (Юсуф сүресі, 40)

Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеткізген дін яһудилік немесе христиан діні емес, Алланың назарында қабыл болатын, Ибраһим пайғамбардың дінін қалпын бұзбай жалғастырған жалғыз дін - ислам діні еді. Пайғамбарымызға пайғамбарлық келгенге дейінгі өмірі мен ұстанымы Ислам дініне жақын болды. Ол өзінің бүкіл адамзатқа жібірілген елшілік міндетін осы сенім негізінде, жалғыз, Ұлы Жаратушының әмірі бойынша атқарды. Пайғамбарымыз жеткізген дін – жаңа дін емес, Адам атадан жалғасып келе жатқан барлық иләһи діндердің жалғасы еді. Демек, Ислам- барлық иләһи діндердің жалпы атауы.

Қорыта айтқанда, адамзат тарихындағы бір құдайлық сенім яһудилік дінінен бастау алмайды. Қайта әлемдік жаратылыстың алғашқы кезеңінен бастап адамдар күллі әлемді жаратқан бір Жаратушыға ғана құлшылық жасаған. Бұған жоғарыда айтып өткеніміздей діндердің Қасиетті жазба мәтіндері мен ғылыми дінтанулық зерттеу нәтижелері дәлел бола алады.

0 пікір