Тәкаппарлықтың емі
Тәкаппарлықтың емі
2 жыл бұрын 5371
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

«Өз-өзіне таңдану», «тәкаппарлық», «мақтаншақтық», бұлар – жазылуы қиын рухани аурулар. Тәкаппарлық деген – өзін ұлық, абыройлы, ал өзгені қор, төмен көру.  Тәкаппарлықтың нәтижесі  – тілінде көрінеді. Ондай адамның ауызында «мен, мен» дегеннен басқа айтары болмайды. Ібіліс шайтан лағынет айтқан еді:

«Адамнан мен, артықпын. Мені сен оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың» деген еді. («Ағраф», 12 аят).

Аталмыш (үш сипаттың) жемісі көпшіліктің арасында отырғанда көрініс табады. Ондай адамдар қасындағыларға өзінің биік екендігін ұқтырғысы келіп, олардың алды болғысы келеді және бәрінің назары өзінде болғанды қалайды. Адамдармен сөйлескенде өзімен қосылмайтындарға немесе сөзіне қарсы сөз айтқандардан бет бұруға тырысады.

Тәкаппарлықтың емі

Тәкаппар (өркөкірек, менмен) адам – біреу ақыл айтса мұрнын шүйіреді, өзі біреуге ақыл айтса дөрекіленеді. Кім өзін Алла Тағаланың өзге жаратқандарынан артық көрсе, ол адам – тәкаппар адам. Біліп қой, ең қайырлы адам – ақырет өмірінде Алла Тағала "қайырлы" деп санаған адам. Ал Алла Тағаланың құзырында кім жақсы адам, ал кім жаман, оны біз білмейміз. Сондықтан, өзіңді өзгеден артықпын деп санауың – таза надандық. Әріберіденсоң, әлдекімге қарағанда «ол менен қайырлы, ол менен артық» деп қарауың керек.

Егер кішкене баланы көрсең, өз-өзіңе айт: «Бұл бала Аллаға күнә жасамаған, күнәдан пәк жан. Мен болсам күнәһармын. Демек, сөзсіз ол менен артық» - дегін.

Егер өзіңнен үлкенді көрсең: «Мына кісі менен бұрын Құдайға құлшылық етіп бастады. Оның менен артық екендігі анық» - дегін.

Егер бір ғалымды көрсең: «Бұл кісі маған, мен бермеген нәрсені берді. Ол, мен жетпеген биіктікке жетті. Мен білмеген нәрсені білді. Ендеше қалай оған тең бола аламын?» - дегін.

Егер бір сауатсызды көрсең: «Бұл адам Аллаға білімсіздігі себепті күнә істеді, мен болсам, біліп тұрып күнә істедім. Алланың маған көрсетер айғағы қуаттірек, ал оның соңы қалай боларын мен білмеймін (мүмкін жақсы тақуа мұсылман болып кететін шығар)» - де.

Егер бір құдайсыз кәпірді көрсең: «Кім біледі, мүмкін ол тура жол тауып, өмірінің соңын ізгі бір іспен аяқтайтын шығар және мұсылман болып, қамырдан қылды суырып алып тастағандай, ол да күнәларынан арылар. Ал менің соңым қалай болады? Алла сақтасын, мүмкін Алла адастырып, күпірлікке түсіп, соңым жаман іспен аяқталуы да мүмкін ғой. Сонда, ол ертеңгі күні Аллаға жақын пенделерден болып, ал мен керісінше қасыретке ұшырағандардың қатарынан орын алып қалуым мүмкін ғой» - дегін...

Тәкаппарлықты жүрегіңнен шығару үшін - кімнің ұлы екендігі бір Аллаға мәлім екендігін біл. Кімнің Алланың қасында артық екендігі өмірінің соңғы сәтінде білінеді (егер соңғы сәтінде мұсылман болып өлсе, жақсы, ал кәпір болып өлсе, қасырет сол). Ақырыңның қалай болары белгісіз. Осыны біл. Сонда, бәлкім, ақтық сәтіңнің қауіпі сені Алланың құлдарына тәкаппар болудан тыйяр.

Қазіргі таңдағы иманың мен өзіңе деген берік сенімің, болашақта өзгеріп кетуі мүмкін екендігін жоққа шығара алмайсың. Өйткені Алла Тағала жүректерді құбылтушы. Ол қалаған пендесін тура жолға салады, қалаған пендесін адастырады...

Біліп қой, көреалмау (іштарлық), рия және өзіне таңдану (әрі одан туындаған тәкәппарлық) – жүректегі жамандықтардың анасы. Бұл үшеуінің бір ғана қайнаркөзі бар, ол – дүниеге деген сүйіспеншілік. Сондықтан да, Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Дүние сүйіспеншілігі – барлық қателіктің басы» - деген[1]. Бұлай болуымен қатар, дүние – ақыреттің егістігі. Кім ақыреті үшін дүниеден керегін алар болса, ол үшін дүние – ақырет егістігі болады. Ал кім дүниені молшылықта өмір кешейін деп жақсы көрсе, дүние оның жойылуына себеп болады[2]...


[1] Имам Бәйһақи, «Зүһд». Хасан әл-Басриден жеткен. Мүрсәл хадис.
[2] Имам Ғазалидің «Бидаятуль Һидая» атты кітапшасынан. 

Аударған Абдусамат Қасым
 
0 пікір