Қыдыр ата тірі ме, әлде қайтыс болып кеткен бе?
Қыдыр ата тірі ме, әлде қайтыс болып кеткен бе?
2 жыл бұрын 8088
Шейх Али Жұма

Қазақ халқының наным-сенімінде «Қыдыр ата» есімінде бір әулие тұлға кездеседі. Қазақ халқының «Қыдыр атаға» деген сенімі Ислам дінінен бастау алады.

Оның Ислам дініндегі арабша атауы - «Хазыр» немесе «Хызыр». «Хазыр» (немесе Хызыр) деген, «балғын жасыл өсімдік» деген мағынада. Қыдыр атаның жайғасып отырған тақыр жері сол мезетте жасыл шөпке айналып шыға келетіндіктен, оған «Хазыр» деген атау берілген деседі. Қазақ ұлтында ол «Қыдыр ата» деген атпен белгілі.

Қыдыр (ғалейһиссәләм) кейбір деректерге қарағанда Зүлқарнайын заманында өмір сүрген. Бойында Құдай берген әулиелік қасиет болған. Оның пайғамбар болғандығын айтатындар бар. Қыдыр ата жайында Құранның «Кәһф» сүресінде баяндалады. Ол сүреде қасына Мұса пайғамбарды ілестіріп жүріп, біраз дүниенің сырларын үйреткендігі әңгімеленеді.

Ендігі жерде Қыдыр тірі ме, әлде қайтыс болып кеткен бе? - деген сұрақ төңірегінде сыр шерткен Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі Шейх Али Жұма «Қыдыр әлі күнге шейін тірі" дейді. Ендеше сөз кезегін ғалымның өзіне берейік.


Қыдырдың болсын, одан өзге әлдебір тұлғаның болсын, тірі болуы ақли тұрғыда да, шариғи тұрғыда да мүмкін нәрсе. Мұсылман адамның «шариғатта бар ма, жоқ па», деп шариғат деректеріне көз жүгіртпей тұрып, әдеттен тыс дүниелердің бәрін жоққа шығара беруі дұрыс емес.

Алла Тағала қалаған пендесінің ғұмырын ұзартады. Әлдекімнің ғұмыр-жасын ұзартуы "дәлел болсын" деген мақсатта болуы мүмкін. Мысалы, Ібіліс шайтанға да қияметке дейін мұрсат берген. Бірақ оған қияметке дейін мұрсат беруі Құдайдың құрметті жаратылысы болғандығынан емес. Құдай Тағаланың Ібілістен басқа Қыдыр секілді салиқалы пенделерінің ғұмыр-жасын ұзартуы - оларға керсеткен ерекше қадір-құрметінің көрінісі болуы мүмкін немесе астарында басқа да бізге белгісіз хикметтер пен даналықтар жатқан болуы мүмкін. 

Алғашқы буын салиқалы Ислам ғұламалары Қыдыр жайында сөз еткенде, Оның өздері өмір сүріп жатқан уақытта да тірі жүргендігін тілге тиек ететін. Мысалы, Имам Мүслім өзінің «сахихында» Дәжжәл жайында риуаят келтірген. Ол риуаятта Дәжжал бір адамды өлтіріп, қайта тірілтеді. Сол хадистің соңында Имам Мүслім, Әбу Исхақтың бір ауыз түсіндірмесін де беріп өтеді. Хадиске назар аударалық. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) «сәнәдімен» келтірілген хадисте Алла елшісінің Дәжжал жайында айтқан әңгімесі баяндалады:

«... Дәжжәл айтты: «Егер мына адамды өлтіріп, артынан қайта тірілтсем, күмәнданасыңдар ма? - деп сұрады. Адамдар: «Жоқ» деп жауап берді. Дәжжәл ол адамды өлтіріп, артынан қайта тірілтеді. Қайта тірілген адам оған: «Бұл әрекетің менің саған деген ойымды нақтылады (яғни, Дәжжал екендігіңе әбден көзім жетті)» дейді. Одан кейін Дәжжәл қайта өлтіргісі келгенде, оған шамасы жетпейді».

Осы хадистегі Дәжжалға қарсы тұрған кісіге қатысты Әбу Исхақ: «Хадистегі кісінің «Қыдыр» екендігі айтылады» деп түсініктеме берген. Және де Әбу Исхақтың бұл түсініктемесін қосымша беріп өткен Имам Мүслім оның бұл уәжіне қарсы пікір білдірмеген1. (Яғни, Имам Мүслім де іштей ондай уәждің шындыққа жанасатындығын мақұлдағандай. Бұдан түсінетініміз - ертедегі Ислам ғұламалары Қыдырдың қияметке дейін тірі жүретіндігіне сенетін болған).

Бұған қоса, сахаба Әнәс ибн Мәліктің (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болған кездегі бір жағдаят жайында былай әңгімелейді:

«(Пайғамбар қайтыс болғанда) Бір сарғыш сақалды кісі кірді. Өзі денелі әрі сымбатты. Адамдардың арасынан адымдап басып барып, жылады. Кейін Алла елшісінің сахабаларына бұрылып: «Шынында Алла Тағалада әрбір қайғы үшін жұбаныш бар, әрбір жоғалтқан нәрсенің орнын толтырар дүние бар және әрбір қайтыс болғанға орынбасары бар. Ендеше, Оған жалбарыңдар. Одан сұраңдар! Қиындықта сендер үшін ғибрат бар, сондықтан оған қарап ғибраттаныңдар» деді де, бұрылып кетіп қалды. Сонда сахабалар (аң-таң) бір-біріне: «Мына кісіні танисыңдар ма?» - деп сұрап жатты. Сонда Әбу Бәкір мен Әзіреті Әли (р.а.) сұрағандарға: «Иә, білеміз. Бұл - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бауыры Қыдыр» - деді»2 - деп әңгімесін аяқтады.

Сахаба Әнәстан жеткен тағы бір риуаятта ардақты сахаба былай әңгімелейді:

«Түннің бірінде Алла елшісімен (с.а.у.) бірге шықтым. Қолымда оның дәрет суы болды. Сол кезде біреудің шақырған дауысын естідік. Маған: «Әнәс, тыңдашы!» деді... Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) маған: «Әнәс, қолыңдағы тазалық суын қой да, дауыс шыққан жаққа бар. Оған айт: «Алланың елшісіне жіберген миссиясында жәрдем берсін деп Алла Тағаладан мен үшін жәрдем сұрасын және адамдардың хақ пайғамбарлары алып келген нәрсені қабыл алсын деп дұға жасасын» деп айт деді. Мен бардым. Бардым да: «Алланың елшісіне жіберілген миссиясында жәрдем берсін деп Алла Тағаладан ол үшін жәрдем сұра және адамдардың хақ пайғамбарлары алып келген нәрсені қабыл алсын деп дұға жаса» дедім. Ол маған: «Сені кім жіберді?» - деп сұрады. Мен Пайғамбардан рұқсат сұрамай кімнің жібергендігін айтуды қаламадым. Оған: «Алла сені рахымына бөлесің, менің сенен өтінген нәрсемде сен үшін қандай да бір зиян бар ма?» дедім. Ол: «Сені кім жібергендігін айтпаймысың?» деп тағы сұрады. Мен Пайғамбарымызға келіп оның не дегенін айттым. Пайғамбарымыз маған: «Оған айт: Мен Алла елшісінің елшісімін» де. Мен оған барып солай айттым. Ол маған: Алланың елшісі қош келді! Оның елшісі де қош келді!» деді де сөзін жалғап: «Оған өзім баруым керек еді. Алланың елшісіне менен сәлем айт: "Саған Қыдыр сәлем айтып жатыр!" де. Және оған айт: «Рамазан айын өзге айлардан артық қылғаны сияқты, сені де өзге пайғамбарлардан артық қылды. Жұма күнін өзге күндерден артық қылғаны сияқты, сенің үмбетіңді де өзге үмбеттерден артық қылды» де» деді. Мен одан бұрылып кетіп бара жатқанымды оның былай деп дұға-тілек жасап жатқанын естідім: «Аллахым мені - рахымға бөленген, тура жолға бастаушы, тәубелері қабыл болушы осы үмбеттің қатарынан қыл!»3 (Хадис ықшамдап алынды-ауд.).

Және де сахаба Әнәс ибн Мәліктен мынадай сөз жеткен:

«Алла елшісі былай деген еді: «Қыдыр ғалейһиссәләм теңізде. Ясяғ ғалейһиссәләм болса құрлықта. Ол екеуі күнде түнде Зүлқарнайнның  яжуж мәжүж бен адамдар арасына үйген (құйған) төбенің үстінде кездеседі. Екеуі бірге әр жылы қажылық жасап, әр жылы Умра ғибадатын атқарады. Екеуі келесі жылға дейін жететіндей зәмзәм суын ішеді»4. Негізгі мәтіндегі сөйлемнің үште бірі кеткен.

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болар риуаяттарды келтірдік. Енді сенімді фақиһ ғұламалардың сөздерін бере кетелік.

(Жоғарыда келтірілген риуаяттағы) Қыдыр ғалейһиссәләмның Пайғамбардың отбасына көңіл айтып келу оқиғасын Имам ән-Нәуәуи (р.а.) «әлсіз риуаят» деп баға бергенімен, өзі Қыдырдың тірі екендігін сенімді түрде айтқан:

«Қыдырдың көңіл айтып келу риуаятын Имам Шәфиғи өзінің «әл-Умм» атты еңбегінде әлсіз бір сәнәдмен келтірген. Бірақ Имам Шәфиғи ол жерде оның Қыдыр екендігін айтпаған. Оның риуаятында: «Бір кісінің айтқанын естіді...» деп аталмыш риуаят келтіріледі. Бірақ Имам Шәфиғи риуаяттағы кісінің «Қыдыр» екендігін ашық айтпаған. Ол риуаяттағы кісінің Қыдыр екендігін кейіннен біздің мәзхаб ғалымдары және басқа ғалымдар айтқан. Бұл олардың оған қатысты ең дұрыс тоқтам болып саналатын, Қыдырдың тірі дегенді таңдағандығын көрсетеді. Бұл уәж ғұламалардың көпшілігінің сөзі»5.

Ғұлама Рамлиден Қыдыр мен Илияс жайына сұрайды. Сонда ол:

«Ғұламалардың көпшілігінің тоқтамы бойынша, Қыдыр ғалейһиссәләмның, пайғамбар болғандығы рас. Мұны Алла Тағаланың Құранында келтірген мына екі сөзінен де ұғамыз: «(Қыдыр айтты): Мұны, мен өз бетімнен істемедім..»6; «Біз оған (Қыдырға) өз тарапымыздан игілік бердік»7. Аяттағы берілген игілік- әулиелік емес, пайғамбарлық пен уәхи. Әйтседе, оның пайғамбар болғандығын жоққа шығаратындар да бар. «Көптеген ілім иелерінше ол пайғамбар болмаған" дейді олар. Және Қыдырға қатысты дұрыс уәж, ол - оның тірі екендігі жөнінде. Ибн Салах айтқан: «Ғұламалар мен тақуа жандардың көпшілігі Қыдырдың тірі екендігін қабыл еткен. Бұл мәселеде көпшілік солармен бірге. ән-Нәуәуи бұл мәселеге байланысты: «Ғұламалардың басым көпшілігі Қыдырдың тірі екендігін және арамызда жүргендігін айтады» деген. Сондай-ақ, сопылық жолындағылар мен салиқалы кісілердің арасында оның тірі екендігі бір ауыздан қабыл етілген дүние. Ол кісілердің Қыдырды көргендігі, онымен отырғандығы, одан тәлім алып, сұрақ қойғандықтары және қасиетті мекендерде жүретіндігі жайында айтқан әңгімелері көп. Осы орайда, Қыдыр періште емес, ол - адам. Қыдыр мен Илиястың мекен етер жері - араб жері»8.

Қорыта келе айтқанда, жоғарыдағы мәліметтерден мұсылман дін ғұламаларының басым көпшілігінің Қыдыр ғалейһиссәләмның тірі әрі арамызда жүргендігін қабыл ететіндігін көреміз. Оған қосымша, олардың бұл уәждерін қуаттар риуаяттар келтірдік. Қыдыр ғалейһиссәләм періште емес, адам. Кейбір әулие кісілермен кездесіп тұратындығы да шындық, бірақ бұл бағзы жалғаншыларға жол ашып бермеуі керек (яғни, Қыдырды кездестірдім деп өтірік айтушылардың көбеюіне жол ашпауы тиіс). Оның пайғамбар болғандығы таласты мәселе. Бірақ ғұлама Рамли айтқандай, дұрыс деп қабыл етілген пікір бойынша, ол - (өзінен бұрынғы пайғамбардың жолдауын жалғастырушы) нәби-пайғамбар болған.


1  Имам Мүсілім: «Сахих Мүслім», 4 том. 2256 бет.
2  әл-Хәкім: «әл-Мүстәдрак», 3 том. 60 бет.
3  Имам Табарани: «әл-Әусат», 3 том. 255 бет.
4  Хәристің мүснәді. Һәйсәмидің қоспаларымен бірге. 2 том. 866 хадис.
5  әл-Мәжмуъ лиль Имам ән-Нәуәуи, 5 том, 275, 276 бет.
6  Құран, «Кәһф» сүресі, 82 аят.
7  Құран, «Кәһф», 85 аят.
8  Фәтәуә әр-Рамли, 4 том, 225 том.
Автордың «әл-Бәян лимә яшғалуль әзһән» атты еңбегінен. 

Абдусамат Қасым

 

0 пікір