Имам Ағзам Әбу Ханифа мен шәкірті Әбу Мұқатил әс-Сәмарқандидің сұқбатынан үзінді.
Шәкірт (Әбу Мұқатил):
- (Алланың) әділдігін сипаттап, ашып айтып бердіңіз, Алла сізді пейіштік етсін! Енді айтыңызшы, ширктен (Аллаға серік қосудан) басқа Алла міндетті түрде жазалайтын күнә бар ма, білесіз бе? Әлде, күнәнің бәрі кешіріледі деп ойлайсыз ба? Немесе кейбірі ғана кешіріледі деп санайсыз ба? Олай болса күнәнің қай түрі кешіріледі?
Ұстаз (Әбу Ханифа радияллаһу анһу):
- Ширктен басқа Алла (сөзсіз) жазалайтын күнәні білмеймін. Қыбла иелерінен болған күнәһарлардың әлдебіреуіне «Оны Алла Тағала міндетті түрде жазалайды» деп куәлік ете алмаймын, бірақ Аллаға серік қосу басқа. Кейбір күнәнің кешірілетіндігінен хабарым бар, бірақ нақты қайсысы кешірілетіндігін айта алмаймын. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Егер, сендерді тыйған үлкен күнәлардан ұзақ жүретін болсаңдар, сендердің жамандықтарыңды кешіреміз», дейді. (Ниса сүресі, 31 аят). Бірақ, үлкен күнәлардың қайсысы кешіріледі, қайсысы кешірілмейді, жамандықтың қайсысы кешіріледі, қайсысы кешірілмейді, оның бәрін білмеймін. Алла Тағала ширктен өзге барлық күнәні кешіретін де шығар, оны мен нақты білмеймін. Алла Құранда айтқан: «Шынында Алла Тағала оған серік қосылғанды кешірмейді, одан өзге қалаған адамын кешіреді" деген. (Ниса: 48 аят). Мен Алла Тағаланың кімді кешіруін қалайтынын, кімді кешіруін қаламайтынын білмеймін.
Шәкірт:
- Алла Тағала адам өлтірген қылмыскерді кешіріп, ал талас-тартысқа құмар адамды азаптауы мүмкін бе, оны білмейсіз бе? Әлде, сіздің ойыңызша екеуі де кешірілуі үміт етілу тұрғысынан тең дәрежеде ме?
Ұстаз:
- Менің білетінім: Алла Тағала егер адам өлтіргенді кешіретін болса, онда талас-тартысқа жақын адам кешірілуге лайықтырақ. Ал, егер де талас-тартыс жақын адамды (сол үшін) жазалайтын болса, онда адам өлтіруші - жазалануға әбден лайық. Өйткені, Алла Тағала Құранда: «Алланың құзырында сендердің ең қадірлілерің – ең тақуаларың» - деген. (Хұжурат сүресі, 13 аят). Ендеше, талас-тартыс адамы ешкімнің жанына қастандық жасамаған болса, ол - біреудің жанын қиюшыға қарағанда тақуалылау.
Ал, өзің айтқандай, менің назарымда ол екеуі кешірілуі үміт етілу тұрғысынан тең емес. Өйткені, мен үшін кіші күнә жасаушының күнәсінің кешірілу ықтималдығы, үлкен күнә жасаушыға қарағанда көбірек. Оны салыстырмалы түрде (қиястай отырып) түсіндірер болсақ, бірі қайыққа мініп, ашық теңізге, екіншісі қайығымен шағын көлге шыққан екі адамның мысалы сияқты. Мен ол екеуінің суға батып кетулері мүмкін деп қауіптенетінім секілді, екеуінің суға батпай аман-есен болатынына да үміттенемін. Бірақ, теңіздегіге қатысты қауіпім, шағын көлдегіге қарағанда көбірек.
Тура сол сияқты, шағын көлдегінің аман оралады деген үмітім, теңіздегінің аман оралатындығына деген үмітіме қарағанда көбірек. Міне, үлкен күнә жасаушы мен кіші күнә жасаушының жағдайы да менің назарымда сол екеуіне ұқсас (теңіздегі мен көлдегіге ұқсас): Үлкен күнә жасаушыға деген о дүниелік қауіпім, кіші күнә жасаушыға қарағанда көбірек. Сондай-ақ, кіші күнә жасаушыға қатысты (кешіріледі) деген үмітім, үлкен күнә жасаушыға қарағанда көбірек. Яғни, менің екеуіне деген (ақіреттік) үмітім мен қорқынышым – екеуінің істеген істеріне орай өлшенбек.
"әл-Алим уәл мүтааллим" атты кітаптан үзінді. (Араб тілінде).
Қазақшалаған: А. Қасым.