Иманның екі мағынасы бар: бірі – тіл мағынасы. Тіл мағынасы дегеніміз – әркім тілмен айтып растамақ. Мәселен, мұсылманшылығымызға бас куәлік – сөзіміз немесе араб тілінше шәһәда - иманымыз «әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә мухаммәдән абдуһү уә расулүһү» болса керек. Яғни куәлік беремін: жоқ-ты бір Кұдайдан бөтен кұдай және куәлік беремін, Мұхаммед оның кұлы һәм елшісі екендігіне деп, шариғат мағынасын растағанда ол иманды көңілмен растамақ.
Бұл растамақ дегеніміз, жалғыз «Құдай тағала бар, Мұхаммед хақ пайғамбар» деп айту ғана емес, пайғамбарды хақ деп біліп һәм ол пайғамбарымыз әләйһис-сәләмның Алла тағала жанбунан (жанынан, құзырынан) алып келген қанша парыз бұйрықтары болса, мәселен, намаз, руза рәуішті, осылардың бәрін де тілмен рас деп айтып һәм шын көңілмен растығына сенбек. Мәселен, біреу Құдай тағаланың жанбунан (қасынан) алып келген намаз, руза (ораза) рәуішті бұйрықтарды растамаса немесе растығына көңілі бос болып шек кылса да кәпір болар.
Иманның түрлері
Иман пенделерде үш түрлі болар.
1) Бір түрін «иман тахқиқи» деп атайды.
Бұл иман тахқиқи дегеніміз, сондай иман - хазірет Расул Алла Тағаланың жанбунан (қасынан) алып келген бұйрықтарын бекер деп бүтін дүние жұрты сөйлеп тұрса да, ол жақсы адам сол растаған қалпынан көңілі заррадай (шаңның тозаңындай) қозғалып қайтпас. Бұл иман – кәміл иман, Құдай тағала қасында зор мәртебедегі адамдардың иманындай.
2) Екінші түрі — «иман истидләли» деген.
Құдай тәбарак уә тағаланың барлығын һәм бірлігін дәлелменен, ақылмен ойлап болып рас тұтуды айтады. Яғни бұл көк пен жер, ай мен күн, теңіздер, адамдар уә ғәйри дүниедегі ғажайып зат, мақлұқтардың бәрі әуелінде өз-өзінен жаратыла алмайды ғой, мұны жаратушы ешкімге теңдесі жоқ бір ие болса керек деп, Алла тағаланың барлығын осынан түсініп, біліп және егер Құдай тағала екеу, үшеу болса әр патшаның заңы әр түрлі болған рәуішті жаратқан дүниелері де әр түрлі болып һәм араларында араздық, татулық рәуіштілер болар еді.
Көктегі, жердегі зат – мақлұқтың өзгермейтін бір қалыпша, бейне бір жүргізіп жіберген сағаттай өз-өзінен қалпынан танбай келуіне қарап Құдай тағаланың екі емес, бір екендігін осыдан танып, осылайша Құдай тағаланың барлық, бірлігін дұрыстауды – «иман истидләли» деп айтады. Бұл рәуіште иман келтірмек әркімге уәжиб (міндет). Уәжибті орнына келтірмегендер күнәһар болар.
3) Үшінші бір түрі — «иман тақлиди»[1].
Бұл иман – өз ақылымен Құдайды танымайынша, ата-бабаларының ұстап келе жатқан жолы ғой деп иман келтіргендердің иманы болар. Әрине, бұл иман надан халықта болады, соның үшін ең әлсізірегі болса керек. Өзі еш нәрсеге түсінбей, біреудің сөзіне, мысалына еріп іс етуші кісі және бір айыпты шайтандай азғырушыға жолықса, бұл азғырушыға және еріп кетіп, діннен шығуы да жеңіл болғаны үшін.
Бірақ осылайша әлсіз, кауіп-қатері көбірек иман болса да, Құдай тәбарак уә тағала бұл иманды да дұрыс деген һәм Кәләм шәрифінде бұйырған:
وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَىٰ إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا
«уә лә тақулу лиман әлқа иләйкумәс сәләәмә ләстә муминан!»[2]. Яғни «ассалаум ағалейкүм!» деп сәлем бере білген кісіге де «мұсылман емессің демеңіз» депті.
Жоғарыда айттық, Құдай тәбарак жанбунан пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа салләллаһу әләйһи уә сәлләм не түрлі керекті бұйрықтар келтірсе – бәріне иланумен мұсылман боламыз деп. Құдай Тағала Құран Карим ішінде баян еткен һәм пайғамбарымызға берілген сол, айтсақ керек «иландым Алла тағалаға, һәм періштелеріне, һәм кітаптарына, һәм расулдарына, һәм ақырет күніне, жақсылық-жамандық Алла тағаланың тағдырынан екеніне, һәм өлген соң тірілмегізімге» деп...
"Мұсылманшылықтың тұтқасы".
[1] «Тақлид» - еліктеу, дәлелсіз біреудің айтқанына еру.
[2] Құран Кәрім: «Ниса» сүресі, 94 аят.