*Мұғжиза – табиғат заңдарына бағынбайтын және пайғамбарлардан басқа ешкім көрсете алмайтын таңғажайып құбылыстар. Қазақшадағы баламасы - керемет, ғажайып дүние. Алайда, дінімізде «кереметті» әулие кісі көрсетуі мүмкін, ал «мұғжизаны» тек пайғамбарлар көрсете алады. Сондықтан да, Ислам шариғатында "керемет" пен "мұғжизаны" бөліп қарайды. Исламда мұғжиза көрсету - пайғамбарлықтың дәлелі. Оларға ондай ерекшелікті Жаратушы Алла берді. Мұхаммед пайғамбардың да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұғжизалары көп болған. Оның санын кейбір дін мамандары жүзге шығарады. Ең үлкен мұғжизасы - Құран кітап. Тағы бір үлкен мұғжизасы ретінде - пұтқа табынып, қараңғылықтың батпағына батып жүрген қоғамды 23 жылда, тарихта теңдесі болмаған қоғамға айналдыруын айтсақ болады.
Бүгін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ағаштарға қатысты көрсеткен мұғжилары жайында сөз етсек деп отырмыз.
Хадис кітаптарында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ағашқа келуін бұйырған кезде, ағаш орнынан қозғалып, Алла елшісіне келгендігі айтылған. Және осындай оқиғалар бірнеше рет орын алған. Оны көрген сахабалар көп болған. Сондықтан да, оған байланысты жеткен ақпараттардың да қатары көп. Төменде сондай риуаяттардың бірнешеуін келтіре кетелік:
1). Хадисші Дәримидің келтірген сахих хадисте сахаба Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) былай әңгімелейді:
«Пайғамбарымызбен бірге (с.а.у.) сапарда едік. Алдымыздан бір бәдәуи араб шықты. Ол жақындаған кезінде Алла елшісі оған: «Қайда бара жатсың?» - деді. Ол: «Отбасыма» деп жауап берді. «Саған қайырлы болар бір нәрсе айтсам қалай қарайсың?» - деді Алла елшісі. «Ол не нәрсе?» деп сұрады бәдәуи. «Алладан басқа құдай жоқ әрі Оның серігі жоқ дара екендігіне, әрідесе Мұхаммедтің оның пендесі және елшісі екендігіне куәлік етуің» деді Алла елшісі. «Сенің сөзіңнің растығына кім куәлік етпек?» деп сұрады бәдәуи. «Мынау ағаш» деді Алла елшісі (с.а.у.). Сөйтті де сайдың жағасында тұрған ағашты өзіне шақырды. Ағаш жерді қопарып, Алла елшісінің алдына келді. Алла елшісі (с.а.у.) үш рет одан шәһәдәт сөзін айтуды сұрады. Ол үш рет Алла елшісі (с.а.у.) айтқандай айтты. Кейін өсіп тұрған орнына оралды. Мұндай кереметті көріп тұрған бәдәуи: «мен қаумыма барайын, оларды саған ертіп әкелейін, егер олар келуден бас тартса, мен өзім келіп, сіздің қасыңызда боламын» деді». (Сахих Хадис. Хадисті Ибн Хаббан да жеткізген).
2). Хадисші Ибн Хаббанның және әл-Хәкимнің хадис кітаптарында келген риуаятта, сахаба Абдулла ибн Аббастан мынадай оқиға жеткен (Алла оған разы болсын). Ардақты сахаба былай әңгімелейді: «Бірде бәдәуилердің бірі Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Сенің Пайғамбар екеніңді қайдан біле аламын?» - деп сұрады. «Егер, құрма ағашындағы өсіп тұрған құрма шоғын шақырсам, менің пайғамбар екеніме сенесің бе? - деп сұрады. Сөйтті де құрма ағашындағы бір бума құрма шоғын шақырды. Құрма шоғы құрма ағашынан түсіп, Алла елшісіне келді. Кейін Алла елшісі оған: «орныңа орал» деп бұйырды. Құрма шоғы өсіп тұрған құрма ағашына қайта оралды. Бәдәуи иман келтіріп, мұсылман болды»1. (Хадис сахих).
3). Хадисші Ибн Мәжәның «Сүнәнінде» келтірілген сахих бір хадисте, сахаба Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) мынадай оқиғаны жеткізеді: «Күндердің бірінде Алла елшісі (с.а.у.) мұнайып отырды, Мекке тұрғындары ұрғандықтан үсті-басы қан-жоса болып кеткен болатын. Сол күйде отырғанда Жебірейіл періште келді (ғалейһиссәләм). Жебірейіл періште Оған: «Саған не болды?» деп сұрады. Ол (с.а.у.): «Аналар істейтіндерін істеді» - деп жауап берді. «Саған бір керемет көрсетейін бе?» - деді Жебірейіл періште. «Иә, көрсетіңіз» деді Алла елшісі (с.а.у.). Жейбірейіл періште сайдың артқы жағындағы бір ағашқа қарап: «ана бір ағашты шақыршы!» деді. Пайғамбар ағашты өзіне шақырды. Ағаш (жерді қопара) жүріп келіп, Алла елшісінің алдына тұрды. «Енді, оған орнына қайт деп айтқын» деді періште. Алла елшісі орнына қайтуын айтқан еді, ағаш артқа қайтып, орнына барып тұрды. Сонда Алла елшісі: «Мен үшін осы керемет жеткілікті» деді, қайғысының кеткенін білдіріп»2.
4). Сахаба Бурайда (Алла оған разы болсын) былай әңгімелейді: «Арабтардың бірі Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір таңғажайып керемет көрсетуін сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «ана ағашқа барып айт, Расулулла, сені шақырып жатыр де!» дейді. Әлгі ағаш оңға, солға және алдыға, артқа теңселді, одан соң, тамырларын үзіп, жерді қопарып шықты. Тамырларын сүйрете Алла елшісінің алдына келді. Сосын: «Әссәләму аләйкә, уа, Расулаллаһ!» - деп амандасты. Бәдәуи араб: «ол ағашқа қайта орнына барып, тұруын бұйыр» деді. Алла елшісі (с.а.у.) орнына бар деді. Ағаш орнына барып, қайта орнығып, тік тұрды. Сонда бәдәуи араб Алла елшісіне (с.а.у.): «Маған саған сәжде етуімді әмір етші» деді. Алла елшісі болса оған: «Мен біреуге сәжде етуін бұйырар болсам, әйелге өз күйеуіне сәжде етуін бұйырар едім» деді. «Олай болса, рұқсат беріңіз, екі қолыңыз бен екі аяғыңызды сүйеуін» деді бәдәуи араб. Алла елшісі рұқсат берді (с.а.у.)3.
1 Имам Ахмәд: «Мүснәд»; Имам Тирмизи: «Сүнән»; Ибн Хаббан: «Сахих», т.б. Хадис сахих.
2 Ибн Мәжә: «Сүнән». №3270 хадис. Сахих Хадис.
3 Қазы Аяз: «әш-Шифа»; әл-Һәйсәми: «Мәжмәъуз зәуәид».
Дайындаған Абдусамат Қасым.