ПАЙҒАМБАРЛАРҒА ИМАН
Пайғамбарлар – Алла Тағаланың таңдаулы және дінді уағыздаумен міндеттелген құлдары. Тарихқа үңілсек адамдарға жіберілген бүкіл Пайғамбарлар, оларға Аллатың бар және бір екенін, құлшылық етуді және мінез-құлықтың негізін үйреткен. Аятта Ұлы Алла: «Расында, Біз әрбір үмбетке: « Аллақа ғибадат етіңдер және шайтаннан ұзақ болыңдар» деп бір пайғамбар жібергенбіз» (Нахыл сүресі, 36-аят) деп бұйырады.
Пайғамбарлар насихаттаған ақиқаттарды естіген әрбір адам ақыретте «біз бұларды білмейміз немесе біздің мұндай нәрселерден хабарымыз жоқ еді» деп уәж айта алмайды. Себебі аятта былай деп айтылады:
«Бұл Пайғамбарлар (өтіп кеткеннен) кейін адамдардың Аллақа қарсы дәлелі болып қалмауы үшін Пайғамбарларды (мүминдерге жәннат жайлы) сүйінші хабар әкелуші және (кәпірлерді тозақ азабынан) қорқытушы етіп жібердік. Алла үстемдік және даналық Иесі» (Ниса сүресі, 165-аят).
ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ЖІБЕРІЛУ МАҚСАТЫ
Пайғамбарлар адамдарға Ұлы Аллатың хабарын (уахиін) жеткізіп, оларды ашықтап түсіндіру үшін жіберілген. Алла Тағала пайғамбар жібермей-ақ кітабын түсіре алатын еді. Бірақ бұл жағдайда иләһи кітаптың түсінілуі мен пайдаланылуында көптеген мәселелер туындауы даусыз. Сондықтан да пайғамбарлар дінді насихаттаумен қатар, дінмен қалай өмір сүру керектігін, құлшылықтың қалай жасалынатынын адамдарға үйретіп әрі көрсетіп берген.
Осыған байланысты аят-кәримада былай делінеді:
«... Саған болса, адамдарға түсірілген нәрселерді (яғни, шариғат үкімдерін) баян етіп беруің үшін және мүмкін ой жүгіртетін шығар деп, бұл үгіт-насихатты Құранды түсірдік» (Нахыл сүресі, 44-аят).
ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
1. Сыдық: Туралық, шыншылдық. Пайғамбарлар Аллатан алып келген хабарларының әрбірінде шыншыл болып, туралықты ту ұстанған жандар.
2. Аманат: Сенімділік. Пайғамбарлар барлық тұрғыдан сенімді жандар. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.у.) жас кезінің өзінде-ақ адамдар арасында «Мұхаммадул Әмин» яғни «Сенімді Мұхаммед» есімімен танылған.
3. Тәблиғ: Хабар жеткізуші. Пайғамбарлар Алладан алып келген уахилер мен әмірлерді айна-қатесіз, қаз-қалпында адамдарға жеткізіп отырған.
4. Исмет: Күнәдан пәк. Пайғамбарлар адамдарға жетекші әрі үлгі тұтарлық тұлға болғандықтан күнә мен бәлекет атаулыдан таза.
5. Фәтанат: Парасаттылық, даналық. Пайғамбарлар жоғары ақыл мен парасатқа, зейін мен зеректікке ие жандар.
Адам баласының иман етуі үшін мұғжиза көруі шарт емес. Бірақ ақылмен емес, көзбен көріп шешім қабылдайтын адамдар Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мұғжизаны талап еткеннен кейін Алла Тағала пайғамбарларына мұғжизалармен көмектескен.
Мысалы, Хазіреті Мұсаның (ғ.с.) аса таяғын суға ұрғанда, судың екіге бөлінуі. Хазіреті Исаның (ғ.с.) өлгендерді Аллатың рұқсатымен тірілтуі сияқты.
Өкінішке орай Алла Тағала һидаят нәсіп етпеген адамдарға мұғжизалар да әсер етпейді. Аятта былай айтылады: «Егер біз (Мекке мүшіріктеріне олар талап етіп жатқан) періштелерді түсірсек және өліктер (қабірлерінен тіріліп келіп) оларға сөйлесе және де бүкіл нәрсені (адамдарды) олардың алдына ашық жинасақ та, олар иман келтірмейді, тек Алла қаласа ғана (иман келтіреді). Бірақ, олардың көбі мұны білмейді» (Әнғам сүресі, 111-аят).
Пайғамбарлардың міндеті мұғжиза көрсету емес,керісінше акылға сай келетін дәлелдер көрсету. Сондықтан да пайғамбарлар айналасындағы адамдарға көбірек мұғжиза емес келешекте адамдарға үлгі-өнеге болатын, ақылға жауап бере алатын, үлкен бір мұғжиза етіп Құран Кәрімді қалдырған.
Пайғамбарлардың саныХазіреті Адамнан (ғ.с.) Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) дейінгі жіберілген пайғамбарлардың саны нақты белгілі емес. Кейбір риуаяттарда (деректерде) 124 мың немесе 224 мың делінген. Алайда бұл мәселеде ең дұрыс шешім « Аллатың жіберген барлық Пайғамбарларына сендім, иман еттім» деу ғана.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) ерекшеліктері
1. Бұрынғы пайғамбарлар тек белгілі қауым мен ұлттарға ғана жіберілген. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у.) барлық адамзатқа жіберілген. Аятта былай делінеді:
«(Ей, Мұхаммед!) Біз сені шүбәсіз барлық адамдарға (мүминдерге жәннат туралы) қуанышты хабар жеткізуші, (кәпірлерді болса, тозақ азабынан) ескертуші етіп жібердік. Бірақ, көп адамдар білмейді» (Сәбә сүресі, 28-аят).
2. Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамзатқа жіберілген ең соңғы Пайғамбар. Қияметке дейін одан басқа пайғамбар келмейді, келуі үшін ешқандай да қажеттілік жоқ. Аятта былай айтылады: «Мұхаммед (с.а.у.) сендерден біреудің атасы емес. Расында ол Аллатың пайғамбары және пайғамбардың соңғысы. Алла барлық нәрсені білуші» (Ахзап сүресі, 40-аят).
3. Пайғамбарымыздың әкелген діні ең соңғы әрі толықтырылған дін. Алла Тағала былай деп бұйырады:
«… Бүгін Мен сендер үшін діндеріңді кәміл еттім (толықтырдым). Мен сендерге нығметімді толық етіп бердім және сендер үшін (тек) қана Исламды дін етіп таңдадым (яғни, Исламнан басқа діндер Аллатың қасында қабыл емес) ...» (Мәйда сүресі, 3-аят).
4. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бүкіл әлемге рахмет етіп жіберілген. Аятта былай делінген: «(Ей, Мұхаммед!) расында Біз сені барлық әлемдерге тек қана рахымдылық етіп жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят).
5. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ең көп әрі ең қайырлы үммет берілген пайғамбар. Аятта былай делінеді: «(Ей, Мұхаммед үмметі!) сендер адамдарға шығарылған үмметтердің ең жақсысы болдыңдар. Өйткені, сендер игі амалға бұйырасыңдар, күнәдан қайтарасыңдар және Аллақа иман келтіресіңдер. Егер, Кітап иелері де иман келтіргенде өздеріне жақсы болатын еді. Олардан (Мұхаммед (с.а.у.) хақ пайғамбар екендігіне иман келтірген) имандылары да бар (бірақ) олардың көпшілігі бойұсынбағандардан» (Әли Имран сүресі, 110-аят).
6. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шапағаты міндетті түрде орындалады, ол хақ. Махшар күні Алла Тағала оған: «Шапағат сұра, шапағатшы боласың!» делінеді (Бұхари).
7. Пайғамбарымызға (с.а.у.) Исра мен Миғраж мұғжизасы берілуі арқылы құрмет көрсетілген.
Исра – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір күні түнде Меккедегі Мешіт Харамнан, Құдыстағы Мешіт Ақсаға өте қысқа уақытта жеткізілуі. Құран Кәрімде бұл оқиғаны былай деп баяндайды: «( Алла) бір түні өз пендесін (Мұхаммедті (с.а.у.) оған аят-мұғжизаларымыздан көрсету үшін (Меккедегі) Мешіт әл-Харамнан (Құдыстағы) Біз айналасын берекелі етіп қойған Мешіт әл-Ақсаға жеткізген (барлық кемшіліктен) пәк Алла. Шын мәнінде Ол − естуші, көруші» (Исра сүресі, 1-аят).
Миғраж – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Құдыстағы
Мешіт Ақсадан бастап, құпия-сырларын біз білмейтін жоғары дәрежелерге көтерілуі.
"Аяттар мен хадистер аясында
ИМАН НЕГІЗДЕРІ" - атты кітаптан.
"Хикмет" баспа үйі, 2012 ж.