Адам атаның Құдай Тағалаға қарсы шығып, пейіштен қуылғандығы және артынан Алланың оның тәубесін қабыл еткендігі белгілі. Тура сол сияқты Ібліс шайтан да о баста Раббысына қарсы шықты, бірақ ол, Алланың рахымынан қуылды, артынан қарғысқа душар болды. Көп адам түсінбей жатады, неге Алла Тағала соңында Адам атаны кешіріп, бірақ Іблісті кешірмеген? Осының ара-жігін ажыратып, түсіндіріп кетсеңіз.
Ібілістің жындар қауымынан екендігін білуіміз керек. Періштелермен бірге ол да Хақ Тағаланың «Адамға сәжде етіңдер» деген бұйрығына куә болды. Ол кезде ол итағатшыл, бойсұнғыш болған. Алайда, Алланың сәжде жасаңдар деген бұйрығына қарсы шыққаннан кейін, кәпір болды. Жындарға бойсұну не қарсы болу еркіндігі берілгенін білеміз.
О баста Ібіліс періштелерге үстем болды. Алла Тағалаға қатты ғибадат еткені себепті, періштелердің арасында тауыс құсындай ерек болды. Бірақ, ол Жаратушының "Адамға сәжде жасаңдар" деген бұйрығын қабыл етпегеннен кейін, Алланың әміріне қарсы келуші пасық орнына түсті.
Ібілістің қарсы шыққандағы күнәсі мен Адам атаның Алланың әмірін бұзғандағы күнәсінің айырмашылығы:
1) Ібіліс бойсұну керек болған бұйрыққа қарсы шығып, бұйсұнбады. (Яғни, Ібілістің қарсы шығуының астарында бейнебір Жаратушының бұйрықтарын мойындамаушылық бар еді).
2) Адам ата болса, тыйылу керек болған тыйымды өзін ұстай алмай істеп қойды. (яғни, Адам атаның қарсы шығуында Жаратушының тыйымын мойындаушылық бар, бірақ пендеге тән өз-өзін ұстай алмай қалушылық факторы басым болған). Осыдан түсінетініміз, Алланың міндеттемелері «істе» және «істеме» болып екі түрде келеді екен.
3) Ібілістің қарсы шығуы қарсылық пен тәкәппарлықтан туындады. Ол өзінің қателігін түсінгісі келмеді. Сондықтан да, одан бетер қарсылық танытты.
4) Адам ата болса, істеген ісінің күнә екендігін және қате екендігін түсінді, сенді. Сондықтан да, өз-өзіне зиян істегендігін айтып, қателігі үшін Жартушысынан кешірім сұрады.
Қысқаша айтқанда, Ібілістің бұйрықты орындамауы мен Адам атаның (ғалейһиссәләм) бұйрықты бұзуының айырмашылығы:
- Ібіліс істеген қателігінің күнә екендігін мойындамады, керісінше қарсылығын арттыра түсті.
- Ал Адам болса қателігін мойындап: «Раббым, мен өз-өзіме қиянат қылдым, егер сен, мені кешіріп, маған рахымдылық танытпасаң, мен қасыретке ұшыраушылардан болайын деп тұрмын!» деп жалбарынды1...
Ғибрат:
Алла Тағала бірбеткей пасық пенделерін ұнатпайды, ал өзінің қателіктерін мойындайтын және қателігі үшін Одан кешірім сұрайтын мүләйім пенделерін жақсы көреді екен. Сондықтан да, Исламда нақты харам істің харам екендігін мойындамайтын адам кәпір болады да, ал харамдығын мойындайтын, күнә екендігін білетін, бірақ сонда да істеп жүретін пенде кәпір саналмайды, ол "күнәһар мұсылман" саналады. Кәпірге - иман парыз. Күнәһар мұсылманға - тәубе парыз.
1Имам Шағрауи: «Қозоя», 3/59 бет.
Қазақшалаған А. Қасым.