Мұғтазилия ақидасының бес негізі
Мұғтазилия ақидасының бес негізі
7 ай бұрын 2360

Мәліметті мәтуриди ғалымы Имам Мәймун ән-Нәсәфидің (қайтыс болған жылы хижри 508 жыл) «Бәхруль Кәләм» атты ақида кітабынан аударылып беріліп отыр.

*Мұғтәзилия - VII (7)-ІХ (9) ғасырларда бой көрсеткен діни-философиялық ағым. 


Мұғтәзилиттердің бес негізі

Мәртебелі Шейх Имам ән-Нәсәфи (рахимаһуллаһ) былай деді:

«Мұғтәзилия» бағыты жайында ең әуелі сөз еткен кісі - «Уасыл ибн Ата» (хижри 80-131 ж.) есімді адам-тын. Оның соңынан Амр ибн Убәйд ерді. Ол (Амр) Хасан әл-Басридың шәкірті тұғын.

Сосын Харун Рашидтің заманында «Әбу Һүзәйл әл-Ъалләф» (130 ж) деген адам шықты. Ол мұғтәзилиттерге кітап жазып, ұстанған бағыттарын түсіндіріп, тәлімдерін топтастырды. Сөйтіп ол кітапты «бес негіз» («усулуь хомсә») деп атады. Одан соң олар бір кісімен ұшыраса қалса: «бес негізді оқыдың ба?» - деп жасырын сұрайтын болды. Егер «иә, оқыдым» десе, олар оның да сол бағытта екендіктерін ұғатын.

Бес негіз келесідегідей: «әл-Ъадл» (әділдік), «әт-Тәухид» (Алланы бірлеу), «әл-Уаъд» (уәде), «әл-Уаъид» (ескерту) және «Мәсәләту бәйнә, бәйнә» (екі нәрсенің ортасы мәселесі, мәнзиләтун бәйнә мәнзиләтәйн). 

1. Бірінші негіз: Бәйнә, бәйнә мәселесі (мәнзиләтун бәйнә мәнзиләтәйн).

Үлкен күнә жасаған адам иманнан шығады, бірақ кәпір де болмайды, екі деңгейдің ортасындағы бір деңгейде болады (мәнзиләтун бәйнә мәнзиләтәйн - иман мен күпірдің ортасындағы бір деңгей, ал суннит сенімінде ауыр күнә істеген мүмін "иман" шеңберінен шықпайды, ол күнәһар мүмин болып есептеледі).

2. Екінші негіз: әл-Ъадл (әділдік) мәселесі.

Алла Тағала жамандықты (күнәні) жаратпайды және жамандық болсын деп үкім бекітпейді (тағдырға жазбайды). Өйткені, егер Ол жамандықты жаратып, оның жүзеге асуын да үкім етсе және кейіннен пендені (өзі жазған) күнәні істеді деп азаптаса, бұл Оның тарапынан жасалған әділетсіздік және қиянат болар еді. Ал Алла Тағала әділ. Оның әділетсіздік жасауы дұрыс емес.

3. Үшінші негіз: Тәухид (Алланы бірлеу).

Құран жаратылған. Сол сияқты өзге де есім-сипаттары кейіннен жаратылған (яғни, Алланың сипаттары мәңгі емес). Егер Құранды және сипаттарын жаратылмаған (мәңгі) десек, ол «тәухид» болмай қалады (Алланы бірлеу сеніміне қайшы болады дейді олар).

4. Төртінші негіз: әл-Уаъд (уәде).

Алла Тағала пенделеріне әлдебір амалына сауап жазамын деп уәде еткен болса, уәдесіне теріс әрекет етуіне болмайды (сауап бермей қоюы жөн емес), өйткені Алла Тағала уәдесіне теріс іс жасамайды.

5. Бесінші негіз: «әл-Уаъид» (сескендіру).

Алла Тағала егер әлдебір амалды істегені үшін жазалайтындығын ескерткен болса, оның өзінің ескертуіне қайшы келуі, осылайша ол істі істеген пендесін азаптамай қоюы (кешіруі) дұрыс емес (яғни, жазалауға міндетті, оны пайғамбар шапағаты да, Алланың кешірімі де құтқара алмайқ емес дейді олар). Әһлу суннә уәл жамағат үстанымында олай емес. Әһлу сунна жолындағылар айтады: Алла Тағала бір істен сескендірген болса, Оның ол істі істеген пендесін азаптамай кешіріп, жазаламауға ерікті (яғни, Алла қаласа кешіреді, жазалауға мәжбүр емес). Мұғтәзилиттердің келтіретін дәлелдері Алла тағаланың мына бір сөзі: «Кімде-кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы мәңгі қалатын тозақ оты»1. Және Алланың мына бір сөзі: «Кім осыларды істесе... оны отқа шыжғырамыз»2.

Бұған жауап ретінде айтарымыз: Алла Тағаланың сескендіріп айтқан барлық аяттары - мына аятпен жалқыланып тұр: «Алла Тағала өзіне серік қосқанды кешірмейді, одан басқасын қалаған пендесінен кешіреді». (Алла қаласа кешіреді, қаламаса кешірмейді, жазалауға міндетті емес, қалаған пендесінің күнәсін кешіреді).

Мұғтәзилиттер мұны «Алланың өзінің сескендіруіне қайшы келу» деп түсінеді. Біз айтамыз: Ол Алланың өзінің сескендіруіне қайшы келу емес, өзінің кеңшілігімен кешіруі болып табылады. Бірақ, Алла егер бір ізгілікке сауап жазам деп уәде етсе, уәдесіне қайшы келуіне болмайды, өйткені ол пенденің ақысы, егер сауап беру уәдесіне теріс келсе (сауап бермесе), онысы айып болар еді, керімдік болмас еді, ал мұндай сипат Аллаға тән емес.

Және де олардың келтірген мына бір аятына жауап берелік: «Кімде-кім бір мүминді әдейі өлтірген болса, оның жазасы мәңгі қалар тозақ оты». (Бұл аятқа қатысты) Сахаба Абдулла ибн Аббас былай деген: «Егер Алла оларды жазаласа, жазалары тозақ оты». Алла Тағаланың мына бір сөзі де (сахабаның бұл сөзін) аша түседі: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге өлтіру қылмысына қысас жазасы жазылды...»3. Осы аятта Алла Тағала әдейі өлтірген мұсылманды «мүмин» деп атап түр (егер, үлкен күнә істеу иманнан шығарса, Алла "ей, мүміндер" деп айтпас еді). Бірақ егер "мүміндерді өлтіруді адал" деп санаса, ол басқа, (ол кезде кәпір болып, тозаққа түседі, себебі харамды халал деп тұр).

Жоғарыдағы (мұғтәзилиттердің дәлел көрсеткен «кім бір мүминді әдейі өлтірсе...» деген) аят «Миқяс ибн Субәбә» есімді кісіге қатысты түскен. Оның ағасы Һишам ибн Субаба қателікпен өлтірілгеннен соң, ол баста мұсылман болып (көрініп), ағасының құнын (диетін) алып, одан соң ағасының өліміне себеп болған мұсылманды аңдып жүріп өлтіреді де, артынан исламнан шығып, кәпірлердің жұртшылығына аттанып кетеді. (Аят сол жайында түскен). Сондықтан, кім бір мүминді әдейі өлтіріп және Миқяс ибн Субаба секілді мүмінді әдейі өлтіруді адал санаса, ол кәпір атанып, өзге кәпірлер секілді мәңгі дозақта жанады.

Енді, мұғтәзилиттердің «екі денгейдің арасындағы бір деңгейде болады» деген негіздеріне келсек, олар: «үлкен күнә істеген мұсылман иманнан шығады, бірақ кәпір болмайды» дейді (яғни, иман мен күпірдің ортасында болады). Бұған олар мына бір аятты дәлел келтіреді: «Мүмін болған адам - пасық (кәпір) болған адаммен тең бе? Тең емес!».4 Осы аятта «мүмін» мен «пасықты» айқындап тұр, осыдан келіп ауыр күнә істеген мүміннің мынаған да, анаған да жатпайтыны нақтыланып тұр дейді. Олардың келтірген бұл аятқа қатысты жауабымыз: бұл аят Уәлид ибн Ъуқбә есімді кісіге байланысты түскен. Ол Әзіреті Әлиге: «Егер, сенде тіл, қуат және көрік бар болса, менде де тіл, қуат және көрік бар» дейді. Сонда Әли оған: «Өшір үніңді, кәпір!» - дейді. Алла Тағала аталмыш аятты Әзіреті Әлидің осы сөзін қуаттап түсірді («Мүмин болған адам - пасық болған адаммен тең бе? Тең емес»)5. (Бұл аят үлкен күнә істеген мұсылманның иман мен күпірдің ортасында болады дегенге дәлел емес деп отыр ғалым, бұл аят - күнәһар, не, кәпір адамның Алла алдында мүмінге тең емес екендігін білдіру үшін түсіп отыр. Әһлу сунна сенімі бойынша үлкен күнә істеген мүмін - кәпір емес, «күнәһар мүмін» болып есептеледі, ол тәубе етпей өліп кетсе, істеген күнәсінің деңгейіне қарай жауапқа тартылады, ал күнәсіна тәубе етіп, дұрысталып үлгерсе, Алла о дүниеде оны кешіреді). 

Аударып, дайындаған А. Қасым 


1  Құран Кәрім, «Ниса» сүресі, 93 аят.
2  Құран Кәрім, «Ниса» сүресі, 30 аят.
3  Құран Кәрім, «Бақара» сүресі 178 аят.
4  Құран Кәрім, «Сәжде» сүресі, 18 аят.
5  Имам Мәймун ибн Мұхаммед ән-Нәсәфи (р.а.): «Бәхруль Кәләм». 227 бет.

0 пікір