«Мұғтәзилиттер жын-шайтанның адам баласын азғыратынын жоққа шығарды»
«Мұғтәзилиттер жын-шайтанның адам баласын азғыратынын жоққа шығарды»
1 ай бұрын 2620
Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ)

Мәтуриди ғалымы Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ) өзінің ақида кітабында мынадай мәліметтер келтіріп өткен:

«Мұғтәзилиттер айтады: «Шайтандардың адам баласына жасай алатын айла-амалдары жоқ, олардың адамдарды азғырулары мүмкін емес. Адамды нәпсісі азғырады, уәсуәсә жасайды. Жындар да солай - адамдарға айла-шарғы жасай алмайды» деп.

Әһлу сунна уәл жамағат сенімінде олай емес. Әһлу сунна уәл жамағат ғалымдары былай дейді: шайтанның адам баласына айла-шарғысы бар. Ол (шайтан, жын) адамды іштей де, сырттай да азғырып, уәсуәсә жасайды.

Шайтанның іштей азғыратыны жөнінде Алла елшісінен (с.а.у.) мынадай риуаят жеткен, онда Ол (с.а.у.) былай дейді:

«Шынында, шайтан адамның тамырында қанның аққаны сияқты қозғалады. Сондықтан, шайтанның қозғалатын жолын аштықпен және сусыздықпен тарылтыңдар»1.

Осыдан да ұғатынымыз, шайтан адам баласына іштей үстемдік құрғысы келіп, оны азғырады және оны жамандықа жетелейді.

Ал сырттай азғыруына келсек, шайтан пенделердің жүрегіне күнәларды әдемі қылып көрсетіп қояды. Бұған қатысты Алла Тағала былай деген:

«Және шайтан олардың істерін безендіріп, көрікті қылып қойды»2.

Ал мұғтәзилиттердің «адам баласын күнәға итермелейтін нәпсілері» деген сөздеріне келер болсақ, оған айтарымыз: рас, нәпсі адамды күнәға итермелейді, бірақ шайтанның азғыруымен болады. Оған байланысты Алла Тағала былай деген:

«Ол (ханнас, шайтан, жын) адамдардың көкейіне уәсуәсә жасайды (сыбырлап, азғырады)»3.

Осы тұрғыда мынадай сауал туындап жатады: жын-шайтандарды көзбен көре алмауымыздың мәні неде?

Өйткені, шайтандар өте ұсқынсыз бейнеде жаратылған. Егер оларды көзбен көретін болсақ, ас, ауқат іше алмай қалар едік. Сондықтан да, олардың көзімізге көрінбеулері Алла Тағаланың біздерге көрсеткен жақсылығынан.

Жындар болса, желден жаратылған. Жел көзге көрінбейді. Одан жаратылған заттардың да көзге көрінбеулері содан.

Ал періштелер - нұрдан жаратылған. Періштелерді көзбен көрер болсақ, рухымыз оларға тартып, көзімізді олардан ала алмай қалар едік. (Бұл болса адам баласының тіршілігіне нұқсан).

Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ), «Бәхруль Кәләм».
Қазақшалаған: А. Қасым


1  «Сахих Бұхари».
2  «Нәмл» сүресі, 24 аят.
3  «Фәләқ» сүресі.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: