"Мақтаудың алты түрлі зияны бар..."
"Мақтаудың алты түрлі зияны бар..."
2 жыл бұрын 7389
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Тілден келер залалдың бірі - мақтау, ерекше дәріптеу. Кей жерлерде мақтау тыйым салынады. Себебі, орынсыз мақтаудың алты зияны бар. Оның төртеуі мақтаушыға зиян, ал екеуі мақталушыға.

Мақтаушыға тиер зияндарға келсек:

Біріншісі мақтаған адам мақтауында шектен шығып кетіп, арты өтірікке ұласуы мүмкін.

Екіншісі мақтау мақтаушы кісінің көкейіне рия құртын салуы мүмкін. Неге десеңіз, мақтаған кісі, әсілінде өзінің мақтаған адамға деген сүйіспеншілігін көрсеткісі келеді. Бірақ шын мәнінде оған деген сүйіспеншілігі көкейінде болмауы мүмкін. Не болмаса, өзі айтып тұрған мақтауларға өзі де толық сенбей тұрған болуы мүмкін. Бұлай болған жағдайда, ол жай көрер көзге, естір құлаққа жағымпазданып айтқан болып, оның нәтижесінде - риякер әрі екі жүздіге айналады.

Үшіншісі - мақтаған адам мақтап айтқан сөздерінің расында солай екендігіне көзі жетпей айтып тұрған болуы мүмкін. Олай болған жағдайда, ол өтірікші саналады, әрі Алла Тағаланың тазаға шығармаған пендесін, тазаға шығарғысы келген болып саналады. Бұндай нәрселер адамды құртар қасиеттер.

Төртіншісі - залым әділетсіз немесе пасық біреу бола тұра, оны мақтау - оны шаттандырған болады. Бұл болса, құдайға жақпайтын іс. Өйткені пасық адам дәріптелер болса, Алла Тағаланың ашуы келеді.

Енді мақтаудың мақталған адамға тигізер зиянын айтар болсақ, ол екі жөннен көрініс табады:

Бірі - мақтау сөз мақталған адамның көкірегінде тәкәппарлық пен таңданысты (өз-өзіне таңдану) тудырады. Бұл екі нәрсе - адамды құртатын қатер.

Екіншісі - егер біреу оған қатысты жақсы нәрселерді айтып мадақтаса, оған ол қуанып, босанысып, өзін жетілген адам сезініп, өз-өзіне разы бола бастауы мүмкін. Соның нәтижесінде ақыреттік істеріне деген құлшынысы азаяды.

Осындай зияндықтары үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) досын мақтаған кісіге:

«Досыңның мойнын шаптың!» - деп (оны мақтау арқылы қатерге итермелегенін тұспалдап) айтқан.

Әйтсе де, мадақтау ісі әр кезде зиян бола бермейді. Сайып өтілген қатерлерді тудырмайтын болса, мақтаудың әбестігі жоқ. Тіпті ондай зияндықтан ада мақтау мұстахаб болып, ұнамды саналған. Мысалы, Алла расулы (с.а.у.) кей сахабаларын ерекше мақтайтын болған (себебі Оның (с.а.у.) мақтау сөздері жоғарыда айтылған зияндықтарды тудырмайтын). Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде Әзіреті Әбу Бәкірдің иманын мақтай келе былай дейді:

«Егер Әбу Бәкірдің иманы мен әлемдегі барлық мұсылманның иманын таразылайтын болса, Әбу Бәкірдікі ауыр басар еді»- деген еді. Сондай-ақ, Әзіреті Омарға да қарасты: «Уа, Омар! Егер, мен пайғамбар болып жіберілмегенімде, сен жіберілер едің!» - деген(с.а.у.). Бұдан асқан қандай мақтау болуы мүмкін?!

Бірақ Алла елшісі (с.а.у.) мұндай мақтауларды олардың шынайы болмыстарына сай және көкірек көзімен олардың рухани жағдайларын көріп, білгендіктен солай мақтау сөздерін айтатын болған. Әрідесе, аты аталған қос сахаба мақтағанға тәкәппарланып кете салатындай және көкейлерінде өздеріне деген тамсану сезімі туа қалатындай арзан адам емес тұғын, олар мұндайдан биік болды.

Мақтау қашан әбес саналады?

Ішінде тәкәппарлық пен мақтаншақтық қасиеті болған кісіні мақтау әбес болады. Ал, біреудің мақтау сөздері іштей тәкәппарлық пен өз-өзіне тамсану және мақтаншақтық сезімін тудырмайтын болса, мақтаудың (не мақтанудың) зияны жоқ.

Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) да өзі жайында: «Мен адам баласының мырзасымын, бұл мақтанғандық емес» - дегені бар. Оның бұндай сөздері кей адамдардың өз-өздерін мақтағанда айтатын сөздері сияқты емес. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) - адам баласының алды болуымен мақтанбайтын. Оның (с.а.у.) мақтанышысы - Алламен бірге болумен және Аллаға жақындығымен өлшенетін (яғни, сол нәрсемен мақтанатын).

Пайғамбарымыздың бұндай мадақ сөздерінің астарын түсінбей, қателікке ұрынып, ғапылдыққа салынып жататын адамдардың сөздері әлдебір кісілердің: «Мына бұлттың арқасында жаңбырға қол жеткіздік», «Жүзім ағашы неткен жомарт еді!» деген сияқты тыйым салынған сөздерді айтумен бірдей.

Ал қарапайым халықтың "Алланың сипаттарына" қатысты түсіне алмайтын мәселелерді сұрауларына келсек, олардың бұнысы - Құдай Тағаланың кейбір сипаттарын немесе кәләмін яки кәләмындағы әріптерді нұсқап: «Бұлар әзәлдан бар нәрсе ме, әлде кейіннен жаратылды ма?» деп сұраған адамның жағдайымен тең. Бұндай сұрақтардың сұралуы құп көрілмейді. Дінде тыйым салынған. Өйткені көп адамның түсінігі мұндай күрделі мәселелерді ұғып, қорытуға тым әлсіз. Сондықтан, адамдар ақиқат пен жалғанды шатастырмаулары үшін, мұндай (сенімге қатысты күрделі) сұрақтарды сұрау тыйым салынған. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!1


1  Имам Ғазали: «Роузатут Толибин». Араб тілінде.

Аударған Абдусамат Қасым

0 пікір