Бара ибн Азибтен (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте былай деп келген:
«Пайғамбармен (с.а.с.) бірге біреудің жаназасын шығаруға бардық. Қабірдің ішкі үйі (ләхид) әлі қазылған жоқ еді. Алланың елшісі (с.а.с.) құбылаға қарап отырды. Біз оны айнала тырп етпестен жайғастық. Бір кезде қолындағы таяқшамен жерді ұрғылап, аспанға бір, жерге бір қарады. Назарын жоғары-төмен үш рет тастап: «Алладан қабір азабынан құтқаруды тілеңдер», – деп екі-үш рет айтты, кейін:
«Аллаһым! Әлбетте мен Өзіңнен қабір азабынан құтқаруыңды сұраймын», – деп үш рет айтып, сосын сөзін ары қарай жалғастырды:
«Расында, мүмін пенде дүниеден өтіп Ақыретке бет алар кезде, оған аспаннан жүздері күннің сәулесіндей нұрлы, кіршіксіз ақ періштелер түседі. Өздерімен бірге жаннаттың хош иістерінен және жұмақ киімдерінен ала келеді. Мәйіттен көз жетерліктей ара қашықтықта отырады, сосын өлім періштесі (аләйһис-сәләм) оның бас жағына жайғасып: «Ей, жақсы жан! Алла тағаланың разылығы мен кешіріміне шық!» – дейді. Сонда жан ыдыстың аузынан шыққан тамшы сияқты ағып шығады да оны өлім періштесі алады. (Тағы бір риуаятта: «жаны шыққан кезде оған аспан мен жердің арасындағы және көктегі барлық періштелер салауат айтып, көк есіктері ашылып, әр есіктің періштелері Алладан оны өздерімен бірге қалдыруды сұрап дұға етеді», – делінген). Өлім періштесі жанды алысымен, айналасында отырған періштелер оны қас қағым сәтте алып, әлгі киімге орап, хош иіс себеді. (Бұл туралы) Алла Тағала: «Сендерге қорғаушы періштелер жібереді, біреулеріңе өлім келген сәтте періштелеріміз жанын алады әрі еш кемістік етпейді», – деген.
Одан шыққан иіс жер бетіндегі ең тамаша әтірдің аңқыған иісіне ұқсайды... Сөйтіп періштелер оны алып жоғары көтергенде жолай кезіккен періште олардан:
«Бұл жақсы жан кім?» – деп сұрайды. Сонда олар дүние аспанына шыққанша оның өз өміріндегі ең жақсы есімдерін айтып, жауап береді, сөйтіп ол үшін көк қақпаларының ашылуын талап етеді. Оларға аспан қақпалары ашылып, жетінші көкке жеткенше әр аспанның періштелері оларды келесісіне дейін шығарып салады. Сосын жетінші көкке жеткенде Алла: «Құлымның кітабын Ғиллийинде (яғни, жоғарғы орын) жазыңдар!» – дейді.
«Жоғарғы орынның не екенін білесің бе? Ол – жазулы бір кітап. Оны Аллаға жақын періштелер бақылайды»[1].
Сөйтіп кітабы Ғиллийинде жазылады. Кейін Жаратушы Иеміз періштелерге: «Оны жерге қайтарыңдар, себебі Мен оларға: «Сендерді жерден жараттым, соған қайтарамын және тағы сол жерден шығарамын», – деп уәде еттім», – дейді. Сөйтіп жерге қайтарылып, жаны денесіне кіргізіледі.
Осы кезде ол өзін жерлеп қайтып бара жатқан адамдардың аяқ киімдерінің дыбысын естиді. Оған зор үнді екі періште келеді де, отырғызып, қатты дауыспен: «Раббың кім?» дейді, ол: «Раббым Алла» дейді.
– Дінің не?
– Дінім – Ислам.
– Сендерге жіберілген ер адам жайлы не айтасың?
– Ол – Алланың елшісі (пайғамбар).
– Мұны қайдан білдің?
– Алланың Кітабын (Құранды) оқып, оған иман келтіріп, сендім.
Оны екі періште сынай түсіп:
«Раббың кім, дінің не, пайғамбарың кім?» – деп, тағы қатты дауыстап тергейді.
Бұл – мүміндер үшін ең соңғы сынақ, сондай-ақ Алла айтқандай: «Иман келтіргендерді Алла Тағала дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзбен бекітеді»[2].
Сонда ол:
«Раббым – Алла. Дінім – Ислам. Пайғамбарым – Мұхаммед», – дейді. Осы кезде көктен:
«Әлбетте құлым рас айтады, оған пейіштің киімін кигізіңдер, оған жаннаттан есік ашыңдар! – деген үн естіледі. Сөйтіп оған жұмақтан есік ашылып, көзі жеткен жерге дейін қабірі кеңейтіледі. Сосын оған жылы жүзді, жақсы киінген, жұпар иісті кісі (тағы бір риуаятта: «адам кейпіне еніп», – делінген) келіп:
«Сені шаттыққа бөлейтін нәрселермен қуантамын, Алланың разылығы мен мәңгілік нығметтері бар жаннатпен қуантамын, міне, бұл – сол уәде етілген күн», – дейді. Мәйіт: «Ал сен ше? Алла сені де жақсылықтармен қуантсын, жүзіне жақсылық тұнған өзің кімсің?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мен сенің жақсы амалдарыңмын. Алланың атымен ант етемін! Сені тек Аллаға құлшылық жасауға асығушы және күнә істерден қашушы ретінде ғана білемін. Алла сені жарылқасын!» – дейді. Сосын оған жаннаттан бір, тозақтан бір есік ашылып, пейішті нұсқап: «Бұл сенің орның, егер күнә істегеніңде Алла оны мұнымен ауыстырар еді», – деп тозақты меңзейді. Ол жұмақтағы көрініске қайран қалып: «Раббым, жақындарыммен және мәңгілік игіліктеріммен қауышуым үшін Қиямет күнін тез болдыра гөр», – деп жалбарынады. Сонда оған: «Күте тұр», – делінеді», – деген.
Сосын Алланың елшісі (с.а.с.) әңгімесін жалғастырып:
«Әлбетте, кәпір пенде (бір риуаятта: «күнәкар, жамандық істеуші», – делінген) дүниеден өтіп, Ақыретке бет алғанда, оған аспаннан өңі қап-қара, ірі денелі періштелер түседі. Өздерімен бірге тозақтан қалың жүннен тоқылған мата ала келеді. Одан көз жетерліктей ара қашықтықта отырады, сосын өлім періштесі бас жағына жайғасып: «Ей, сұрқия жан! Алланың ашуы мен қаһарына шық!» – дейді. Жан денесіне шашырап кетеді, оны көп тісті жүнтарақ денесінен ұршық тола иірілген жіптің тарқатылғанындай ажыратылады, онымен бірге терісі, майы, еті қиылып түсіп, қаны төгіледі.
«Алланың ашу-ызасына қарай шық!» – дейді. Сол сәтте оның рухы денесіне (ағза-ағзасына) бөлініп тарап кетеді.
(Өлім періштесі) оны сулы жүннің арасынан тікенекті бұтақты суырғандай етіп суырады. Онымен бірге қан тамырлары мен жүйке талшықтары бырт-бырт үзіледі. Аспан мен жер арасындағы барлық періштелер лағынет айтады. Жеті қат көктің есіктері жабылады, әр қақпадағы періштелер Алладан оның жанын өздеріне қарай көтермеуін сұрап дұға қылады. Сөйтіп бұл жанды өлім періштесі алады, дәл сол сәтте оның қолындағы жанды жаңағы періштелер қас қағым сәтте жұлып алып, оны оттан әкелген матаға орайды, сонда одан жер бетінде ұшырасатын ең жаман, сасық иіс шығады. Оны көтеріп жоғары ұшқанда жолай кезіккен әр періште:
«Бұл сұрқия жан кім?» – деп сұрайды. Олар дүние аспанының ең соңғы шегіне жеткенше оны өз өміріндегі ең жаман есімдерімен атайды, сөйтіп ол үшін көк қақпасының ашылуын талап етеді, бірақ оған ашылмайды», – деген.
Сосын Пайғамбар (с.а.с.): «Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, өздерін одан жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды... және олар түйе иненің жасуынан өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Күнәкарларды өстіп жазалаймыз»[3], – деген аятты оқиды.
Пайғамбар (с.а.с.): «Кейін Алла Тала: "Оның кітабын Сижжинде, ең төменгі жерде жазыңдар, құлымды жерге қайтарыңдар. Себебі мен оларға уәде бердім, оларды жерден жараттым және соған қайтарамын, сосын одан тағы шығарамын". Сөйтіп жаны аспаннан орасан зор күшпен лақтырылады», – деп Пайғамбарымыз: «Кім Аллаға серік қосса ол көктен түсіп, құс іліп әкететін немесе оны ұзаққа жел ұшырып кеткен нәрсе сияқты»[4], – деген аятты оқыды.
Пайғамбар (с.а.с.) әрі қарай жалғастырып: «Оның жаны денесіне қайтарылады, сол сәтте ол өзін жерлеп қайтып бара жатқан адамдардың аяқ киімдерінің дыбысын естиді (басқан қадамдарының дыбысын естиді). Оған екі зор дауысты періште келіп, отырғызып қойып, қатты айқайлап: «Раббың кім?» – деп сұрайды: Ол: «уһ, уһ, білмедім!» – дейді.
– Дінің не?
– уһ, уһ білмедім.
– Сендерге жіберілген ер адам туралы не айтасың?
Ол Пайғамбардың есімін де айта алмай шатасады. Оған «оның аты Мұхаммед», – деп айтылады. Сонда ол: «уһ, уһ, білмедім, адамдар солай деп айтатынын еститінмін», – дейді.
Оған періштелер: «Сен білмедің де, ілеспедің де!» – дейді.
Осы кезде көктен: «Ол жалған сөйледі, оны оттан жасалған көрпеге ораңдар, оған тозаққа қарата есік ашыңдар!» – деген дауыс естіледі. Оны оттың жалыны мен ыстық лебі шарпиды. Және қабір оны қабырғалары бір-біріне кіргенше қысады. Сосын оған жүзі суық, киімі лас, иісі сасық бір кісі келеді. (Бір риуаятта: «Адам кейпінде» делінген).
Ол (жаңағы сасық иісті адам): «Саған жаман хабар жеткіземін, міне, бұл - өзіңе уәде етілген күн», – дейді. Сонда ол: «Ал сен ше, жүзі жамандықпен түнерген - өзің кімсің? Саған да Алла жамандық жіберсін», – дейді. Әлгі кісі: «Мен сенің жаман амалдарыңмын. Алланың атымен ант етемін! Сені тек Аллаға құлшылық жасауға немқұрайлы қарап, күнәлі істерге асығушы ретінде ғана білемін. Алла саған жамандық жіберсін», – дейді. Сосын қолында тауды ұрса топыраққа айналдыратын дәу шоқпары бар соқыр, саңырау, мылқау біреу оны келіп қысады да, шоқпарымен бір ұрып топыраққа айналдырады. Кейін Алла бұрынғы қалпына келтіреді, сосын тағы ұрғанда ол адамзат пен жыннан басқаның бәрі еститіндей үнмен шыңғырады. Бұдан кейін тозақтан есік ашылып, оған оттан көрпе төселеді», – деді»[5].
А. Зулай, «Қабір азабы».
[1] «Мутаффифин» сүресі, 19-21 аяттар.
[2] «Ибраһим» сүресі, 27-аят. Сондықтан шын мүмін өмірде қандай қиыншылық көрсе де: «Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі», – деген сенімінен айнымайды әрі қабірдегі сұрақтарға да дұрыс жауап береді.
[3] «Ағраф» сүресі, 40-аят.
[4] «Хаж» сүресі, 31-аят.
[5] Ахмад: «Мүснәд»; Әбу Дауд: «Сүнән».