Жаман іске ниеттенудің (яғни, жаман ниеттің) - жаман нәрсе екендігінде Мұхаммед үмбетінің арасында талас жоқ. Бірақ «Әһли сунна уәл жамағат» (яғни, суннит) ұстанымы бойынша: Жаман ниет - кешіріледі.
Алайда «Қадария» және «Мұғтәзилия» ағымдары «жаман ниет кешірілмейді, ол да өзге күнәлар сияқты» деген. Олардың пікірінше: «кіші күнәлары ауыр күнәлардан алыс жүрген жағдайда ғана кешіріледі. Іштегі жаман ниет те солай: егер адам ауыр күнәларды істеп жүрсе, іштегі жаман ниеті кешірілмей, ол үшін де, үлкен күнәлары үшін де жазаға тартылады» дейді олар.
Сондай-ақ, олардың бұлай деулеріне түрткі болған: «бір жақсылыққа - бір сауап, бір жамандыққа - бір күнә» деген қағидалары.
Бізде олай емес. Біздің сенімде: бір жаман іс үшін - бір күнә жазылса, ал бір жақсы іске - он сауап және одан көп сауап жазылады. Ал егер жақсы ниетке - бір сауап болса, жаман ниетке де «бір күнә» жазылуы дұрыс болмайды. Жаман ниетке жазылатын күнәнің деңгейі – жақсы ниетке берілетін сауаптың деңгейінен төмен болмағы керек, ал одан төмені – кешірім. (Сондықтан да, жаман ниет кешіріледі). Мұғтәзилиттерде - жақсы ниетке бір сауап берілетіні сияқты, жаман ниетке де бір сауап беріледі (сол себепті оларда жаман іске ниет етудің өзі күнә, тәубе етпесе кешірілмеуі мүмкін).
Сондай-ақ, олардың бұлай деулері мынадай бір қағидаларынан туындаған: «Алла Тағала тек астарында даналық бар істерді ғана істейді. Ал жақсы ниетті, жаман ниеттен артық көруде даналық жоқ» дейді олар. «Әһлу сунна уәл жамағат» сенімінде болса, Алла тағала қалағанын істеп, қалаған үкімін қояды...
Бұнымен қатар олар (қадария және мұғтәзилия ағымының өкілдері) ниетке қатысты ұстанымдарына байланысты аяттан дәлелдер көлденең тартқан. Атап айтар болсақ, «Исра» сүресінің 36 аятында Алла Тағала былай деген:
«Шынында құлақ, көз және жүрек – олардың бәрі ол жайында сұралады».
Және де басқа келтіретін аяттары: «Нәпсілеріңдегіні ашыққа шығарсаңдар да, жасырсаңдар да, Алла Тағала ол үшін сендерді есепке тартады». («Бақара», 284 аят).
Тағы сүйенетін аяттары Алла Тағаланың мына бір сөзі: «Көп ойлардан сақтаныңдар. Шынында кейбір ойлар күнә». («Хұжурат», 12 аят).
«Әһли сунна уәл жамағат» жолындағылардың сүйенгені - мына «мәшһур хадис». Бұл хадисті Пайғамбарымыздан (с.а.у.) әділ (сенімді) риуаятшы жамағат жеткізген, оның ішінде Имам Тахауи де бар:
«Алла Тағала менің үмбетімнің іштей туындаған нәрселерін іс жүзіне асырмайынша немесе сөз жүзінде айтпайынша, кешірді».
Бұл хадисті «ойдағы нәрселерге» жорамалдауға болмайды. Өйткені ойға келіп, кететін ойлар кешірімге мұқтаж дейтіндей күнә емес (шайтан әртүрлі ойлар салуы мүмкін). Аталмыш хадисте барлығына (ниетіндегісі болсын, ойындағысы болсын) кешіріледі деп отыр.
Және де дәлел болар басқа бір мәшһур хадис. Оны хадисшілердің көпшілігі риуаят еткен. Ол Алла елшісінің (с.а.у.) мына сөзі:
«Кім бір жақсы іске ниет етсе, оған (ниет еткені үшін ғана) бір сауап жазылады, ал оны іске асырса соған ұқсас он сауап жазылады. Және кім бір жамандыққа ниет етіп, бірақ оны істемесе (ниетін іс жүзіне асырмаса, райынан қайтса), ол үшін оған бір жақсылық жазылып қояды».
Демек, Алла Тағала «жаман ниеттер жаман болса да, оған кешірім жасаған. Онысы Оның бұл үмбетке жасаған сыйы.
Ал Алла Тағаланың «Құлақтар, көздер және жүректер...» деген аятына келсек («Исра»-36), біз де аятта айтылғандай «жаман ниеті себепті сұралады» дейміз. Бірақ ол үшін жазаланбайды (яғни, жаман ниеті үшін сұралады, бірақ жазаға тартылмайды, кешіріледі).
Ал «іштегіні жария қылсаңдар да, жасырсаңдар да, Алла тағала сендерді ол үшін есепке алады» деген аятта жүректегі ниет емес, жүректегі күпірлікті айтып тұрса керек.
Ал Алла Тағаланың: «Кейбір ойлар күнә» деген аятына қатысты айтарымыз, жаман ниеттің және жаман істі істеуге ниеттенудің күнә екендігі рас, бірақ бұл үмбеттің жаман ниетін Алла Тағала кешірген (ол үшін жазаланбайды, бірақ райынан қайтпай ниетін жүзеге асырса, жазаланады)[1].
[1] Имам Әбу Юсур Мұхаммед әл-Бәздәуи: «Усулуддин», 225 бет. «әл-МәктәбутульӘзһәрияту литтурас». Каир, 2005 жыл.
Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым